BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Атаулы әлеуметтік көмектің жүзеге асу барысы талқыланды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова елімізде атаулы әлеуметтік көмек қалай көрсетіліп жатқанын айтып берді.

«2015 жылғы қазанда Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң қабылданды, оған сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтарда күнкөрісі төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша көмек отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері мемлекет ұсынатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына міндетті түрде қатысқан кезде көрсетіледі», - деді Әбілқасымова Мәжілісте өтіп жатқан «Атаулы әлеуметтік көмекті іске асыру барысы туралы» Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекте: біріншіден, көп балалы отбасы статусын алғаш рет 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап алған көп балалы отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны, сондай-ақ күнкөрісі төмен отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына берілетін мемлекеттік жәрдемақыны 2018 жылдан бастап алып тастау; екіншіден, аталған жәрдемақы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған көп балалы отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны сақтап қалу; үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін критерийді, яғни кедейлік шегін ең төмен күнкөріс деңгейінің 40%-нан 50%-ға дейін ұлғайту көзделген.

«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 2 түрде: шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға беріледі және оларға жәрдемақы алу үшін міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысу талап етілмейді. Ал шартты ақшалай көмек отбасында кемінде еңбекке қабілетті бір мүшесі бар отбасыларға арналған және осындай отбасы әлеуметтік келісімшарт жасап, оның шарттарын ерікті түрде орындаған кезде көрсетіледі», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Министрдің мәліметінше, әлеуметтік келісімшарт 6 ай мерзімге жасалады, оны қосымша тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі беріледі. Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда, 7 жасқа дейінгі баланы бағумен айналысатын бір отбасы мүшесін және студенттерді қоспағанда, отбасының кәмелетке толған барлық мүшелеріне алғаш рет бас тартқан кезде ақшалай көмек 50% азаяды немесе қайта бас тартқан кезде толығымен тоқтатылады.

«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде күнкөрісі төмен азаматтарды кешенді қолдау принципі енгізіледі: біріншіден, бұл ақшалай төлем; екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, яғни оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, микрокредит беру; үшіншіден, әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі. Сонымен қатар, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету шеңберінде «бір терезе» принципі енгізілді – азамат немесе отбасы бір құжаттар пакетімен бір ұйымға: қалаларда – халықты жұмыспен қамту орталығына, ауылдарда – ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді», - деді Мәдина Әбілқасымова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер