USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Таза емдік шөптерден жасалған отандық косметика

Бүгін елордадағы Көрме орталығында «Beauty Expo Astana 2016» халықаралық мамандандырылған көрмесі басталды.

Көрмеге қатысушы сұлулық әлемінің кәсіби шеберлері түрлі өнімдерімен қатар қызмет көрсету саласының түрлі әдістерін ұсынумен ерекшеленді. Тіпті кейбір косметологиялық орталықтар тұтынушыларға ақысыз негізде бет күтіміне байланысты қызмет түрлерін көрсетсе, кәсіби шашатараздар шаш үлгісін жасау арқылы шеберлік сыныптарын өткізді.

Көрме залын аралау барасында сөрелерге жайғасқан қазақстандық «Айсауле» табиғи косметика өнімдері назар аудартпай қоймады. Отандық өнімнің ерекшелігі – оңтүстік Қазақстан облысында өсетін табиғи таза емдік шөптерден жасалуында.

«Айсауле» табиғи косметика өнімдерінің авторы Сәуле Мусина, химия ғылымдарының кандидаты:

Жасым қырыққа келгенде барлық әйел затын толғандыратын сұрақ мені де мазалай бастады. Ғылыми жұмыспен айналыса жүріп, осы мәселені зерттей бастадым. Біздің оңтүстік Қазақстан облысы дәрілік қасиетке бай, емдік шөптерге өте бай. Әр шөптің пайдасы, емдік қасиеті туралы мәліметтерді зерттеп, жиыстыра бастадым. Дәнді дақылдарды да зерттеп, бетке арналған формула әзірледім. 2009 жылдың қаңтар айынан 2011 жылға дейін эксперимент жасадым. Дайын болған формуланы косметологиялық залдан орын алып, әйелдерді шақырып, өнімді тәжірибе жүзінде сынадық. Терінің түрлі типтеріне жағып көру арқылы нәтижесін білдік. 2011 жылдың сәуір айында формула толық дайын болды. 2012 жылы патенттедім. 2013 жылы маусым айында терінің барлық түрлеріне жағуға жарамды деген инновациялық патенттің иесі атандым. Алдымен Кәсіпкерлер палатасына барып, отандық өнім өндіруге ниетті екенімді айтып, ақыл-кеңес сұрадым. Олар маған бағыт көрсетіп, «Даму» бағдарламасына жол сілтеді.

Патент иесі осылайша кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылған байқауға қатысып, 3 млн грант жеңіп алыпты. Сол қаражатты шағын кәсібін дөңгелетіп, қыз-келіншектерге арналған табиғи косметика түрлерін өркендетуге жұмсауда.

Сәуле ханымның айтуынша, қазір өндірістік цех толықтай арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған. Цехта 16 түрлі өнім өндіріледі. Бәрі де бет терісінің күтіміне арналған өнімдер.

«Айсауле» брендінің ерекшелігі – биологиялық белсенді қоспалардан айрықша үйлесіммен жасалған жасалғандығында, консервантсыз, экологиялық жағынан таза, 100 пайыз нәрлендіретін, ылғалданыратын қасиетінде.

Көрме 21 қазанға дейін жалғасады.

El.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады