BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Мижгона Нуралиева: Тілді жетік меңгеру үшін ұлт мәдениетіне терең үңілу керек

Фото: Автор

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Мижгона Нуралиева бес тіл меңгерген. Бойжеткен қазақ, орыс, ағылшын, тәжік және өзбек тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойын іркілмей жеткізе алады. Полиглот көп тіл білудің құпиясымен Baq.kz аймақтағы тілшісімен бөліскен еді.

Мижгона Нуралиева тілді оқулықтар, түрлі бағдарламалар мен әдістемелік құралдардың көмегімен оқығаннан гөрі, кино, музыка, көркем әдебиет арқылы меңгерген тиімді екендігін айтады. Мектеп оқушысы он жылға жуық уақыт аралығында 4 тілді еркін сөйлей алатын деңгейде меңгерген. Оның таңдауы да аудармашы мамандығына түскен.

«Бірінші сыныпқа барғанда ана тілім – тәжік тілін ғана білетінмін. Ата-анам мені қазақ мектебіне берді. Басында қиын болды. Бір жылда қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алдым. Ағылшын тілін де мектеп бағдарламасы бойынша үйрендім. Біздің мектептің оқушыларының барлығы үш тіл біледі. Ал өзбек тіліне келер болсақ, екі жыл бұрын оны мүлде білмейтін едім. Менің туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылы. Әкемнің жұмыс бабымен Петропавлға көшіп келгенбіз. Барлық туыстарым, ата-әжем сол жақта тұрады. Өзбекстанмен шекаралас болғандықтан ба екен, қонаққа барғанда ауыл тұрғындарының өзбек киноларын көп көретінін аңғардым. Мен де көпшілікпен бірге кино көріп, аз уақыт ішінде өзбек тілінде еркін сөйлей алатын болдым», - дейді Мижгона Нуралиева.

Мижгона тілді жоғары меңгергендіктен, оқу қиынға соқпайды. Полиглот сөйлегенде бір тілден екінші тілге оңай ауыса береді. Оқу озаты ағылшын тілі, биология, алгебра сабақтарын жақсы көреді. Ол мектепті аяқтаған соң, Назарбаев университетіне түсуді армандайды.

«Астана – мемлекетіміздің бас шаһары, үлкен мүмкіндіктер қаласы. Елорда- адамның одан әрі дамып, дүниетанымын кеңейтуге жағдай жасайды. Мақсатым - мектепті үздік аттестатпен аяқтап, жақсы жоғары оқу орнына түсіп, ата-анамның үмітін ақтау. Жеке тұлға ретінде қалыптасып, өз ойыңды еркін жеткізе алатын азамат болудың өзі де мемлекетке үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Сол арқылы еліме қызмет еткім келеді», - дейді полиглот.

Ұстаздарының айтуынша Мижгона - ізденімпаз оқушы. Бос уақытын тиімді пайдалана біледі. Би үйірмесіне барады. Мектепішілік «Гәкку» би ансамблінің мүшесі. Мерзімді басылымдарға мақала жазып тұрады.

«Мижгона – мінезі ашық, ақжарқын оқушы. Облыстық, қалалық газеттерде мақалалары шығып жүр. Сыныптағы оқушылардың ортасында беделді. Әрдайым алдына мақсат қойып, соған жете біледі. Отбасының тұңғышы болғандықтан да шығар, өз ісіне жауапты. Өнерге жақын. Сабағына да, қоғамдық жұмыстарға да үлгереді», - дейді Мижгонаның сынып жетекшісі Алтынай Нұрбайқызы.

Мижгона қазақ тілінің құнарын «Абай жолы», «Көшпенділер», «Ұлпан», «Махаббат қызық мол жылдар» сынды тағы басқа шығармалар арқылы бойына сіңіріп жүргенін айтты.

«Тіл – әр халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін бейнелейді. Өзбек тілін сол ұлттың тілінде көп кино көру арқылы меңгердім. Қазақ тілінің құнарын «Абай жолы», «Көшпенділер», «Ұлпан», «Махаббат қызық мол жылдар» сынды тағы басқа шығармалар арқылы бойыма сіңіріп жүрмін. Қазақ әдебиетін жақсы көремін. Әсіресе Мұхтар Әуезовтың шығармалары ұнайды. Кез келген тілді әдебиет, кино, музыка арқылы меңгеру жеңілірек болады деп ойлаймын. Сосын көп тәжірибе керек. Өзің үйренгің келген тілде қысылмай сөйлей беру керек. Менің Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсуім – жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ағылшын тілін бұрынғыдан тереңірек меңгердім. Мұғалімдеріміздің бізге берген рухани азығын бойыма сіңіріп жүрмін. Химия, биология, алгебра пәндерінде кейбір терминдарды ағылшын тілінде оқимыз», - деп ағынан жарылды Мижгона.

Көп тіл білу заман талабы екенін ұғынғын жас полиглот жуырда француз тілін оқытуға арналған курсқа баратынын айтты. Одан кейін жапон тілін меңгермек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер