BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Төлеген Мұхамеджанов: Музыка – идеологиядан да биік

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов 70 жылдық мерейтойында тыңдармандарына аспаптық композициялардан тұратын «Өмір өзені» альбомы мен «Махамбет» симфониялық поэмасының партитурасын таныстырды.

Өзімдегі өнерді жақсы көремін

«Мен мынадай принциппен өмір сүремін: өзіңді өнерде жақсы көруіңе болады, өзіңдегі өнерді жақсы көруіңе болады. Мен өзімдегі өнерді жақсы көру арқылы қанағаттанамын. (...) Биыл 70-ға аяқ бастым. Шынымды айтсам, музыкаға кеш келдім. 25 жаста Алматыдағы консервоторияның дайындық курсына түстім. 16-17 жастағы студенттермен бірге оқыдым. Өзімді солар секілді сезіндім. Бүгін де дәл солай, өзімді 70-тегі адамдай сезінбеймін. Өзімді жас сезінемін. Мен жүрегіммен, жаныммен сезінетін жас болса, өзімді әлі жаспын деп санаймын.

Автордың 14 шығармасы жинақталған «Өмір өзені» альбомы АҚШ-тың беделді «Стерлинг саунд» дыбыс жазу студиясында өңделген. «Махамбет» партитурасы Мәскеудегі әйгілі «Юргенсон» баспасында басылды. Айта кетсек, Төлеген Мұхамеджанов өз еңбектерін Астана, Павлодар және Қарағанды қаласындағы музыка мектептеріне сыйға тартты. Сондай-ақ, кездесуге арнайы келген белгілі дирижер Алан Бөрібаевқа сыйға тартты.

«Махамбет» шығармасына бірнеше рет дирижерлік еттім. Бұл поэмада Махамбеттің бейнесі, тұлғасы суреттеледі. Поэма Махамбеттің сан қырлы бейнесін кеңінен аша алды деп ойлаймын. Жарқ етіп, жоқ болатын бір күндік шығармалар бар. Ал бұл шығарма өмір сүре береді. Бұл сіздің ғана емес қазақстандық музыканың қуанышы деп ойлаймын. «Махамбет» симфониялық поэмасы – қазақ мәдениетінің айнасы секілді. Атақты фирманың отандық талантты композитор шығармасын басып шығаруы тарихи оқиға деп ойлаймын. Шын жүректен сіз үшін қуаныштымын. Төлеген аға сан қырлы адам. Бірнеше жыл бұрын өлеңдер жинағын табыс етті. Поэзияңыздан музыка естілетіндей», - деді дирижер.

Өлеңдер қалай өмірге келді

Кездесуде Мұхамеджанов «Жан Луна» атты лақап атпен шыққан «Саған махаббатпен» жаңа поэзиялық жинағын ұсынды.

«1998 жылы Қазақстан президентінің шақыруымен Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Шынымды айтсам, сол жеті жылда музыка жазуға уақытым болмады. Одан кейін ҚР Параменті Мәжілісінің депутаты сайландым. Сол кезде менің «үшінші көзім» ашылды. Мұндай да болады екен. Мен ешқашан өлең жазбағанмын. Осылайша өлең жазып бастап, бірақ мен жазбаған сияқты сезіндім. Өлеңдерімді оқысам «расымен мен жаздым ба?» деп таңқаламын. 7 жылда жазбаған музыка өлең болып төгілді. Мен оны шығарған жоқпын, жаздым», - деді автор.

Төлеген Мұхамеджанов кеш қонақтарына Махамбет Өтемісұлына арнауын оқып берді.

«Махамбет мен үшін – идеал, қазақ патриотизмінің идеалы. Ол – қазақтың батыры, ақыны, патриот азаматы. Махамбет туралы емес, өзінің атынан жаздым», - дейді кеш иесі.

Сан қырлы өнер иесі «Жан Луна» атты лақап атпен өлең жазады.

«Ол қандай мағынаны білдіреді, неліктен осындай атты таңдап алдыңыз деп жиі сұрайды. «Жан» деген менің тегімнен алынды. Негізі қазақта жан сөзі қазақта асыл мағынаны білдіреді ғой. Ал «Луна» дегеніміз – «ай». Ай туған кезде кез келген адам романтикалық әлеміне сапар шегеді. «Жан Луна» лақап аты арқылы өмірге деген лирикалық көзқарасымды жеткізгім келді. Негізі мен музыкада да, поэзияда да лирикпін, романтикпін. Ішінде сан алуан сезім мен оқиға сыйдырған өз туындыларыммен бөлісіп отырмын», - деп түсіндірді композитор.

«Өзімді екі рет шексіз бақытты сезіндім»

«1982 жылы Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның докторанты болдым. Кеңес одағындағы жалғыз студия «Мелодия» студиясына келдім. 8 әнімді көрсеттім. Ол жерде көркемдік кеңестегі 30 адам қарайды. Сегіз әнімді ойнап шықтым. Төрт әннен кейін маған Юрий Саульский келіп кім екенімді сұрады. 8 әнімді қабылдап, жазатын болды. Сол кезде әлеуметтік желі болғанда бұл сенсацияға айналар еді. Осындай оқиға болғанда өзімді шексіз бақытты болдым. (...) Мәскеуде оқып жүргенде Юрий Фортунатовқа партитатурамды көрсеттім. Бір жарым сағат қарап шықты да «сізге ешқандай да ескертпем жоқ» деді. Осылай кәсібилігімді бағалағанда өзімді екінші рет бақытты сезіндім», - деді Мұхамеджанов.

Композитордың 1983 жылы Мәскеуде алғашқы «Земля-звезда» атты пластинкасы әлі күнге дейін сатылымда.

«Мелодия любви» алғашқы пластинкамды осында жаздым. Екіншісі Мәскеуде шықты. «Монолит Студиясы» компаниясы менен 3 жылға шығару құқығын сатып алды. Диск интернет арқылы Ресей мен ТМД елдеріне тарады», - деді ол.

«Өмір өзені» альбомы

Композитордың соңғы шыққан «Өмір өзені» альбомы 14 шығармадан тұрады. Мәскеуде Игорь Крутойдың студиясында жазылып, «Стерлинг саунд» дыбыс жазу студиясында өңделді.

«Шығармашылығыма осы альбом арқылы өзгеше көзқараспен қарадым. Альбомға түрлі кезеңде жазған әуендерім енді. Сондықтан олардың мен үшін орны ерекше. Бәрін біріктіру, оларды іріктеу оңай болмады. Бірнеше ресейлік әртістермен жұмыс істедім. Әуендердің бәрі ерекше шықты, сол себепті оны мейлінше көп жан естісе екен деймін», - деді Мұхамеджанов.

Альбомға композитордың «Балалық шақ әуені», «Махаббат әуені» және «Махаббат станциясы» кинофильмінің музыкасы енген.

«Өзен бұл сезімдерімнің өзені. Адамның туған нан өмірден өткенге дейінгі кезеңі өмір атты бір ғана қысқа сөзбен өлшенеді. Өмірге келдік, кеттік. Өмірді қандай да бір шығарма арқылы бастан кештіру мүмкін емес. Оны өміріңде болған махаббат, бақыт, қайғы секілді сәттермен, оқиғалармен жеткізуге болады. Өмір өзені бізді қайда апарады деп ойладым. Осы әлемге әкеліп, мәңгілікке лақтырып тастайтын өмірде қандай да бір із қалдыруың керек. Бұл соңғы альбом деп ойламаймын. Күнде музыка жазамын. Тағы да альбом шығарамын», - дейді автор.

Ол тамаша дыбысталған дискісін кездесуге келген барша тыңдарманға табыстап, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

«Бірнәрсемен айналысуға, жастарды қуып жетуге ешқашан да кеш емес. Мен олардан кішкене қалып қойсам да, қуып жетемін. (...) Өзімді музыкаға қайтарғым келеді. Күн сайын жұмыс істеймін, музыка жазамын», - деді ол.

Музыка – идеологиядан да жоғары, ол – адамның жаны

«Қандай да бір шығармамды «ең шоқтығы биік» деп айтуға болмайды. Бәрі бірдей жаныма жақын. Симфониялық туындылардан «Махамбет», әндерден «Құс жолын» ерекше атап өтер едім. Бұл шығарманы ұзақ жаздым. Музыканы 25 жасымда бастадым. Үйге демалысқа келгенде анам жалғыз сиырды сатып, пианино алды. Шығарманы жазып шыққан соң бақыттан жыладым. Мен ғажап әуенді жазып шықтым. Осындай тарихы болған соң жақын тартатын шығармын. «Балалық шақ» әуені бұлақ басынан қайтып бара жатқанда келді. «Құс жолын» екі айда жазсам, ал бұл шығарма бірден дүниеге келді. Сол кезде 40-та едім. Қуаныштан жүгірдім. Кез келген адамның ең бақытты кезі – балалық шағы. Бала кезде біз бақыттымыз, достарымыз көп, барлығы дос. Ал есейген кезде оларды саусақпен санайсың, тіпті досың болмауы да мүмкін», - деді өнер иесі.

Ол музыкалық шығармаларды іріктейтін көркемдік кеңестің қажет екенін айтты.

«Бүгінде студиялар өте көп. Астананың өзінде жүз шақты. Әр үйде бір студия. Қазір ән мен музыка бірінші кезекте сатып, күн көруге болатын өнімге айналды. Корпоратив, тойда сұраныс көп. Ол жерде басқа музыка, сұраныс – билейтін әндерге. Ал ән деген – халықтың жаны. Адамның жаныны әнмен емдеуге болады. Кезінде «Қазақ» радиосындағы көркемдік кеңестің мүшесі болдым. 200-300 музыканың ішінен тек 5-10 ғана өткіздік. Музыка – идеологиядан да жоғары. Кезінде Қытайда данышпаны «Басқа елді жаулап алғыңыз келсе ең бірінші музыкалық жүйесін бұзыңыз» - деген екен. Музыка жүйесі идеологиядан да жоғары, себебі ол – адамның жаны», - дейді қоғам қайраткері.

Фото авторы: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер