BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.86 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Өнер мен өмірді ажырата білу қажет – жас актер Эксклюзив

«Өз биігіне жеткен театр ешкімнің көмегін қажет етпейді» деген сөз бар. Сондай театрлардың бірі – шағын ғана сахнасында қазақтың төл туындыларынан бастап Шекспирдің классикалық шығармаларын қойып келе жатқан Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры. Ел аузында Қаллеки аталып кеткен театрдың басқаға ұқсамайтын қолтаңбасы бар. Мұнда ұррпақ сабақтастығы, синергия сезіледі. Біз Қаллекидің жас буыны, сегіз қырлы жас актер Нұрсұлтан Есенмен сұхбат құруды жөн санадық. Ол өнер жолына қадам басқан сәттен бастап Қаллеки сахнасындағы және перденің артындағы өмір туралы, Қазақстандағы модельдік жұмыс пен қазақша дубляж туралы баяндап берді.

- 1991 жылы Ақтөбе қаласында тудым. Сол жылы Елбасымыз іс-сапармен алғаш рет Ақтөбеге келген кезде бүкіл туыс, ауылдағы қариялар қандай ат қоямыз деп дайындалып жүрген екен. Солай Нұрсұлтан атандым. Әке-шешем – металлургтар. 2013 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар бастаған курсты аяқтадым. 2011 жылы 3-курстан бастап Қаллеки театрында жұмыс істеймін.

Өнер жолына саналы түрде қадам бастым

Мектеп қабырғасында бірінші сыныптан би сабағы болды. Үйірме емес, физика математика секілді кәдімгі пән. Алғашқы кезде би сабағына қатысу мен үшін ерсі көрінетін. Ал қазір оқушылар үшін бұл жақсы бағдарлама екенін түсіндім. Одан әрі үйірмелерге қатысып, өнерге деген құштарлығым оянды.

Көп ойландым. Бала кезден бастап өзімді көп іздедім. 9-сыныпта колледжге барайын ба, жоқ па, бойымда қандай таланттар бар екені туралы ойландым. Ағам әскери адам бол дейді. Анашым заңгер болғанымды қалып, сол оқуға түстім, бірақ 1-курстан кейін оқығым келмейтінін түсіндім. Бір орында отыратын жұмыс менікі емес екенін ұқтым. Сөйтіп өнер жолына баратынымды айттым. Бір орында отыру қиын, маған үнемі қозғалыс керек, үнемі ізденісте жүру керек, үнемі бірнәрсені ойлап жүру керек. Бимен айналысып жүргенде Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы қазақ драма театрында өстім. Бүкіл концерт, жиналыстар, әкіммен, президентпен кездесу, фестиваль, әртүрлі іс-шаралар сол театрда өтетін. Өнер ортасында балалық шағымнан бастап жүрген соң осы сала жақын, болды. Ұжымдық еңбекті, қалай жұмыс істеу керегін білдім, театр жұмысшыларын, актерлардың бәрін танитынмын. Үйдегі ата-анамнан кеңес алып, өнер жолына саналы түрде келдім.

Актерлыққа түспесем биші болам деп ойладым

2009 жылы Ақыш Омаров курс қабылдап жатты. 11-сынып бітірген баламын. Астана күні тойланып жатыр. Паркте тудың ашылуында «Наз» би ансамблі билеп жатыр. Шығармашылық емтихан қалай болады, өтем бе, өтпеймін бе, көңілдерінен шығамын ба, жоқ па, егер актерлыққа түспесем, «Назға» барып билеймін дедім. Бой, пластика, икем, ішкі сезу болсын, бүкіл стандарт бойынша Ақыш ағайдың көңілінен шықтым деп ойлаймын. Сол кісінің курсына қабылданғаныма қуандым. Туыстарым бәрі Астанаға жалғыз өзің қалай кетіп қалдың, ойнап жүрген бала едің деді. 1-2 курс нағыз база алатын кез. Кішкентай болмайтын шегеден бастайсың, «шегені көрсет» дейді. Талмай жұмыс істедік. Үшінші курста кастинг болып, театрға қабылдандым. Ол кездегі сезімді айтып жеткізу қиын.

Темір шегені сомдаудан бастадық

Біздің салада сенім деген басты түсінік бар. «Ештеңе білмеймін, шеге бол» десе – сен шеге боласың. Актерлыққа неге 17-22 жас аралығындағы балаларды алады, өйткені бойың да, санаң да өспеген, сол уақытта айтқанның бәрін орындайсың. Пластика, би жағынан икемді, әнші балалар келеді. Олар сахнада өзін еркін ұстау қабілетімен алып кетеді. Менде де солай. Тәжірибе болған соң маған қиынға соққан жоқ.

Ең бастысы – ішкі дүние, сенің ойың, сезімің, не айтқың келіп тұрғаны, материалды қалай ұққаның, қалай дайындалғаның, іш арқылы жұмыс істегенің. Оқу сол үшін. Қозғала алмайтын, тіпті иығын көтере алмайтын қатып қалған балалар келеді. Бірінші курста балаға еркін сезінуіне көмектесетін жаттығулар бар. Театрда ғана емес, өмірде де өзін еркін ұстауға үйретеді. Актерлық өнерде алған рөліңмен жұмыс істейсің. Бірінші курста этюд береді, вокзалдағы жолаушының оқиғасын сөзсіз, тек қана қимылмен, іс-әрекетпен түсіндіресің. Екінші курста үзінді, үшінші курста бір актілі спектакль, 4-курста толық спектакль қоямыз.

Концертке, жобаларға қатысып, киноға да түсесің. Әрқайсысына дайындықпен барасың. Тамақтанып отырғанда да рөліңді ойлайсың. Оқуда соның бәрін үйретеді. Әр бала талантты, икеміне қарап алады.

Алғашқы рөл

Үшінші курс оқитын кезім. Театрға енді ғана келдім. Режиссер Болат Ұзақов Шекспирдің «Гамлетін» қоятын болды. Басты рөлде Сырым Қашқабаев пен Нүркен Өтеуілов, ал Шахмұрат Ордабаев екеуміз олардың сатқын достарын ойнаймыз. Уильям Шекспир классика ғой, осыдан бастағаным қатты қуантады. Классикамен өсесің, әрі қарай жұмыс істейсің. Бір орында тоқтамайсың. «Кішкентай рөл болмайды, ұсақ актер болады» дейді. Сондықтан да кішкентай рөл деп қарамай, ол рөлге өте биік дәрежеде қарадым. Өйткені бірінші рөліме кәдімгідей дайындалдым. Ол адам өзін қалай ұстайды, неге ол ақша үшін сатқындыққа барады, сонда оған не жетпеді деген секілді неше түрлі сұрақтар қойдым. Спектакль 4-5 жыл жүрсе әр қойылым сайын рөліме жақсы қатынаспен қарап, дайындалдым. Әркез рөлімнің жаңа қырын көремін. Гильденстерн сондай ләззат алатын рөлдерімнің бірі. Жаныңда ойнайтын серігіңе дебайланысты. Менімен бірге Өтеуілов, Қашқабаев сияқты ағалар ойнаса жаман ойнамайсың, барынша жақсы ойнауға тырысасың.

Кейіпкерім неге жылайды дегенге жауап іздеймін

Театрда мынадай түсінік бар, «ввод» деп аталады. Қатысың жоқ спектакль жүріп жатады. Сол кезде сені рөлге кіргізіп жібереді. 1-2 күн уақыт беріледі. Тіпті «кешкісін қойылымға қатысасың» деп таңертең айтады. Сол кезде сөздерін жаттап, мизансценаларын біліп, рөлді алып шығуың керек. Актердың шеберлігі сондай кезде танылады. Менде бір «ввод» болды. Еркін Жуасбектың «Үйлену» деген комедиясы бар. Сол қойылымда Бөлек деген басты рөлді ойнаймын. Ол – үйдің еркесі, Қытайға барып оқып келген, ақылды, интеллигент. Сол рөлге кіру керек болды. «Ойнайыншы» деп өзім сұрандым. Әр спектакльдегі рөліңе екі-үш ай дайындаласың. Осы рөлге ең көп дегенде бір апта дайындалдым. Сол рөлді қатты жақсы көріп қалдым. «Ввод» деп айтқан кезде актерлар сөзін, қимылын ұмытып қалады. Мен керісінше өзімді суда жүзген балықтай сезіндім.

Неге кейіпкерің жылайды, неге қатты қиналады дегенге жауап іздегенде өміріңдегі жылап, көңіліңе алып қалған сәттерді еске түсіру көмектеседі. Күлкілі оқиға болса да, күле алмайтын кездер болады. Ол – техника. Күле алмасаң да, өміріңдегі күлкілі сәттерді еске түсіресің.

Өнер мен өмірді ажырата білу қажет

Спектакльден шыққаныңмен бәрібір эмоциялар қалып қояды. Актер болуды ең алдымен жұмыс деп білемін. Әрине керек кезде ойнайсың, керек кезде сахнада сол рөліңмен өмір сүресің. Сахнаға шықтың ба бүкіл жан-тәніңді, бүкіл ойыңды салып, өмірдегі барлық шаруаларыңды ығыстырып тастауың керек. Рөлден шыға алмай қалу мен үшін күлкілі. Бірінші курста ағайымнан «Әртүрлі рөлде ойнайсыз, сосын шыға алмай үйге барып қиналған кезіңіз болды ма?» деп сұрағанымда «Рөлді ойнап болған соң сол жерде қалып қояды, үйге келгенде басқа адаммын» деді. Өнер мен өмірді ажырата білу қажет.

Әр спектакль сайын өзіңді дәлелдеуің керек

Күнде әртүрлі спектакль, рөл, образ болса сен әрбір рет өзіңді дәлелдеуің керек. Өсуің, ізденуің керек. Мұны «қор» дейді, өмірлік жиғаның үшін, тәжірибең болу үшін бір орында тұрмауың керек. «Жұт» деген спектакль бар, мен басты рөлде ойнаймын, яғни Ахмет кейіпкер боламын. Ол кейіпкер бір отбасының отағасысы. Бұл рөлді алған кезде өзім баламын. Дайындық өте мықты болды. Сол кезде маған кемелдену жетпеді. Әлі бала болып тұрмын, сонда да ер жету үшін ер адамдардың сол кезде қалай өмір сүргенін, ер адамның түсінігін сезінуім керек болды. Қазір мен бойдақпын, ертең бала сүйіп, әке атанып осы рөлді ойнасам басқаша шығады деп сенемін. Өйткені тәжірибе бар, түсінетін болдым. Бала мен әйеліңе деген түсінік пайда болды. Кітаптар оқып, фильм қарап, қылықтарды, ізденістерді ұрлайсың. Оның бәрін ізденіс дейді. Айтқым келгені, осылай рөлге дайындаласың.

Модельдік жұмыс: Өзімнің жаңа қырымды таптым

Маған студент кезден «бойың бар, неге модель болмайсың» деп айтатын. Бірақ ол кезде өзіме деген сенім аз болды. Ондай салаға бару үшін мінсіз, барлық критерийге сай болу керек деп ойлайтынмын. Модельдік агенттікке кіргеніме бір жыл болды. Бардым, қабылдады. Модель болуды хоббиім деп білемін. Қазақстанда бұл жұмыс аса қатты дамымаған. Енді-енді көтеріліп келе жатыр. Дизайнерлеріміз 4-5 жылдың ішінде Еуропа көрсетілімдеріне шығып жүр. Қазақстанда ұлдарға модельдік жұмыс өте аз. Өйткені елімізде ұлдар аса қатты киіне қоймайды, киімге деген құштарлық жоқ. Соған сай ерлерге қатты тапсырыс жоқ. Неге ол модель? Ол тауарды сату үшін шығады. Яғни сенің мақсатың киім болсын, телефон болсын, кіп-кішкентай бұйым болсын суретке түсіп, оны сату. Қалай жүріп-тұруды, суретке түсуді агенттік үйретеді. Өзімнің жаңа қырымды таптым. Барынша көрсетілімдерге қатысуға тырысасың. Бірақ та оған да уақыт болмайды. Менде ең бірінші – театр. Сосын барып қалған жұмыстар. Барынша үлгереміз әйтеуір.

Модель болу Қазақстандық ерлер үшін табыс көзі емес

Ортамда «Ең ұзынмын» деп үйреніп қалғанмын. Бірақ сол модельдік жұмысқа алыну үшін кастинг болғанда өзіңнен де ұзын, сымбатты жігіттерді көресің. Сол кезде қатты қысыласың, әрі қызығасың. Бойың ұзын бола тұра, әсіресе өзіңнен ұзын қызды көрген кезде «комлпекс» пайда болады. Мен не істеп жүрмін деп ойлайсың.

Бойға, бет-әлпетке қарайды. Бірнеше тіл меңгерген жастарды көргенде таңқалдым. Бір жыл бұрын ЭКСПО кезінде тапсырыс көп болды. Менен басқасының бәрі жұмыс істеп жүр, ағылшыным жоқ болған соң бірден курсқа жазылдым. Мидың да критерийі бар болып тұр ғой.

Модель болу ерлер үшін негізгі жұмыс емес. Мен үшін – хобби. Мүмкін қыздарға табыс көзі болатын шығар, ал әзірше ер адамдарға олай емес. Ал Еуропада бір тапсырысқа 1000 доллардан бастап алуға болады.

Артықшылықтары – өзіңнің хронологияң, кастингке апаратын жақсы суреттер жинайсың. Мен бірінші кезекте актермын, өзімді подиумда, фотосессияда еркін сезінемін. Халықтың көзқарасын баурап аласың. Мұны оқыдым, күнде сонымен жұмыс істейсің. Осы жағы маған оңайырақ, қиналмайсың.

Қазақстанда модельдікпен айналысатын ұлдар көп. Бәрі талантты, сымбатты, ұзын. Көбісі еркектердің жұмысы емес деп айтады. Барынша көрерменнің көңіленен шығудың өзі жұмыс қой. Абыроймен ұлдар сияқты болсаң, тұрысың да, көзқарасың да бәрі сай болғанда ғана саған сенеді, көрсеткен затыңды алады.

Дубляж: Қазақтың балалары қазақша көрсін

Телеарналар дауыс іздейді. Сериалдар шығып жатыр. Бұл салада аса қатты тәжірибем бар деп айта алмаймын. Шақырған кезде барасың, дауысыңды құбылтып оқисың. Бізде Шахмұрат бастаған дубляж режиссері «Арай медиада» Pixar, Marvel-ден ірі мультфилиьмдер, әлемдік премьера тапсырыстарын алады. Оны қазақшалаған кезде бойыңды ерекше әсер билейді. Дубляжда эпизод рөлдермен жұмыс істедім. Басты рөлді дыбыстайсың десе неге келіспеске. Дубляж жақсы, өсесің. Ой-өрісіңе де, мәтінді ойнатқанда да өте жақсы.

Қазақша сеанстарға сұраныс өте көп. «Кинопарк» әкімшілігі сеансты түскі уақытқа дейін қойып тастаған. Таңертең ешкім бармайды ғой. Жасы болсын, кішісі болсын, үлкені болсын кешке қолдары босағанда ғана барады. Адамдар «неге сеансты кешке қоймайсыздар?» деп айтып жатыр. Қазақшаға баратындар көп, әсіресе Астанада қазақ тілді адамдар көп. Орысша кино болса да, кейбір сеанстарда адам болмайды.

Дубляж қалай жасалады

Тапсырыс берушілер әр рөлге үзінді жібереді. Сол рөлге сынама дауыстар жазып жібересің. Бір рөлді дубляждауға бес-алты адам қатысып жатса, солардың дауысын «Диснейге» , «Марвелге», «Уорнер Бразерге» жібереді. Олардан «мына дауыс кімдікі рөлді сол дыбыстасын» деген жауап келеді. Олар кәдімгідей дауыстарды тыңдайды екен. Сосын дауыстарды уақытымен жазып бересің. Ол жазбаны киностудияға жібереді. Олар бір-біріне қосады, дыбысты ұлғайтып, кішірейтеді. Сөйтіп бәрін жинап шығарады.

Қазақша дубляж өзімізге күшті боп көрінеді. Жағымды. Болашағың үшін, қазақ тілін дамыту үшін үлкен іс істегенің үшін қуанасың. Осындай үлкен бастама басында жүрген біз бақыттымыз.

Дубляж жасаған соң тапсырыс берушілер бізге басқа да дубляждарды жібереді. Салыстырған кезде олар қазақшаны ойнатқан қызықтырақ дейді. Орыс актерлары кішкене құрғақ, бір сарынды сөйлейтін сияқты. Ал бізді қазақша болған соң эмоцияға беріледі, дауыс та ашық, кең, зор. Дөп басып айтатындай, эмоциялы дауыстар бар. Қыз бала болса тәп-тәтті, дауысын тыңдағанда тоясың. Орысша дубляжды тыңдасаң, бірнәрсе жетпей тұратындай.

Жоспар: Театрдан жақсы рөлдер күтемін

Жеке басыма келер болсам, тамызда шаңырақ көтердім.

Жақында театрдың 28 маусымы ашылды. Ол маусымнан үлкен рөл күтеміз. Театр бас жұмысым болған соң көп жаңалық күтемін. Актер үшін не керек, рөлің болса, ойнап жүрсең, рөлдер беріп жатса бақыт қой. Расымен де рөл алу үшін көп жұмыс істедім. Көп сыннан өттім, әңгімеден өттім. Не істеп жүрмін, дұрыс жолда жүрмін бе деп өзімнен сұрайтынмын. Кейбір кезде бірсарынды сәттер болды. Ол сәттерден қалай шығып кеттім, өз жолымды таптым ба деген сұрақтар болады. Соңы кезде рөлдер беріп жатыр, өзіңді сенімді сезінесің. Ең бастысы театрдан күтерім – жақсы-жақсы рөлдер. Киноға түсу ол да күшті. Барынша кастингке қатысып жүрмін.

Театрда «неге анау ойнайды, неге мен ойнамаймын?» деген жоқ. Режиссер көзқарасы қалай, солай болады. Ол рөлді қатты ойнағың келсе, өтінім тастайсың. Ойналған спектакль болса режиссердан ойнайыншы деп сұрайсың. Ал алғаш қойылып жатқан болса режиссер өзі белгілейді.

Сынды жақсы көремін

Сын естігенде алғашқы кезде ауыр қабылдайтынмын. Ал сын деген негізі адамды қайрай түсетін жақсы нәрсе ғой. Қойылымдар туралы сын жазатын театр туралы кітап бар. Сонда «дұрыс ойналмаған, анау-мынау» деп менің атым тұр екен. Бауыржан деген актер «Нұрсұлтан, қара, сен туралы жазыпты. Мақтаған жоқ. Қайта сені жазғаны үшін қуан» - дейді. Мен туралы елеп өтсе мәзсің ғой. Мақтау міндетті емес. Қатты көңіліме алмаймын. Бұрын «Неге жазды, олай ойнаған жоқпын ғой, өтірік!» дейтінмін.

«Фейсбукқа» бір журналист «Нұрсұлтан Есен неге қазақша сөйлей алмайды?» деген пост жазды. Директор маған келіп «Сен қазақша сөйлеу білмейсің бе?» деді. Мен деген ол постқа ашуланғаным бар. Сөйтсем Ақтөбе жақтың сөз саптауы қызық екен. Осы жағы жұмысыма әсерін тигізеді. Қазақшаны толық білесің, қазақи отбасыдан шыққан баласың, қазақша сөйлейсің, бірақ Астраханьнан, Самардан келген жігіт сияқтысың. Сондай боп естіледі екен.

Сынды жақсы көремін, керісінше мен туралы жазсын. Сынаған адам жақсы болғанымды қалайды деп ойлаймын. Біздің салада қалай ойнағаныңа, сөйлегеніңе, жүріс-тұрысыңа, тіпті тырнаққа дейін бәрін айтады. Соны ғана тыңдайсың. Сырттағы көздер әрине басқаша көрінеді. Көбінесе театрдағы Сырым, Қуандық, Нүркен ағалардың айтқан ескертулерін, тіпті өзімнен жоғары оқыған Жанат Оспановтың, Жасұлан Ерболатовтың, Шахмұраттың айтқан сындарына мән берем. Олар тәжірибелі, сахнаны бағындырған, рөлдері де көп. Сол кісілерді қатты тыңдаймын, солардан үлгі аламын. Өнерде де солардың жолдарын берсін деп тілеймін. Расымен де, олар – өнердегі үлгі тұтатын ағаларым.

Театрға барудың өзі мен үшін мейрам

Менен басқа театрға неге кетпейтінім туралы сұрайды. Мұны елестете де алмаймын. Сағынасың. Ақтөбеге үйге барасың ғой, кейбір кезде 1,5 ай демалыс болады. Екі аптадан кейін кеткің келеді. Мен үшін театрға барудың өзі – мейрам. Шаршап жүрсем де, ұйқым кеп жүрсе де соның өзінде де театрға мейрам сияқты барамын. Тек қана Қалеки. Ұжым өте керемет, бүкіл жақтан қолдайды. Бір-бірін қызғану жоқ. Бастысы – өз жұмысыңды жақсы біл. Өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Қаллеки театрында жұмыс істеймін. Сүйемін. Достарым бар. Төрт жыл бойы сабақ берген ағайым Ақыш Омармен қазір әріптеспін. Ұстазыңмен бір жерде жұмыс істеу ғанибет. Тілектес ағай, Гүлжан Әспетова, Болат Ыбраев, қарасам мықты тұлғалармен жұмыс істеп жатырмын.

Жасым 27-де. Мен әлі өнерімді, шеберлігімді, дарынымды дамытып жатырмын. Әлі талмай еңбектенуім керек. Сомдайтын рөлдерім өте көп. Тетарда не ұстап тұр дейсіз бе, мотивация – болашақта ойнайтын жақсы рөл. Өнердің ортасында жүруің керек. Біріншіде,н театрды қимайсың. Екіншіден, ұжым. Үшіншіден, процесс ұнайды. Киімді өлшеп жатқан, дайындық маған әлі де қызық. Аль Пачино неге ол «Аль Пачино»? Өйткені ол кинода да, тетарда да ойнайды. Голливудта актерлар кинода ғана жүріп, жоғалып жатыр, ал Аль Пачино театрда жүр. Театрда жүрген соң мені сұхбаттасуға, модель болуға, түсірілімдерге, дубляжға шақырды. Табыс тауып жатырмын. Театрда достарым бар, адам ретінде өзіңді күшті сезінесің. Жаңалықтың ортасында жүрмін деп ойлайсың.

Адамдарды мәдениетке үйрететін – біздер

«Жұт» спектаклінде көрерменмен ара-қашықтық алыс емес. Серігім екеуміз көрерменнің дәл алдында тұрып, сыбырлап сөйлеп, ұйыған отбасыны көрсетеміз. Адамдар күрсініп, жөтеліп, телефон ойнап қалатын сәттер болса қатты көңілге алып қалады екенсің. Ал мұндай сәттер рөліңді сомдап шығуға аса қатты кедергі келтірмейді, өйткені өзіңнің өміріңдесің. Актерлық шеберлікте екі жақтағы және артқы кулиса, алдыңда көрермендер – төртінші қабырға. Сен төртбұрыштың ішіндесің, көрермендер жоқ. Осы қағидамен ойнаймын. Бар ойым спектакльде болады.

Маусымды «Шәмші» қойылымымен жаптық. Бұл спектакльге көрерменнің 80 пайызы «тикетоннан» онлайн билет сатып алып келген. Оларға әкімшілер сатып алыңдаршы деп барған жоқ. Осыны естіп мәз болдық. Адамдарды мәдениетке үйрететін біздер, өнер адамдары, журналистер. Сондықтан өзімізден бастауымыз керек. Директордың өзі «Инстаграмға» тек позитив жазыңдар, өйткені сіздерді оқитын, жақсы көретін көрермендер бар. Жақсы жағынан көріңдер, жақсы нәрсе айтыңдар» деп отырады. Бізде спектакльге 10 минутқа кешігу деген жоқ. Тәртіп театрдан басталады. Көрерменді кешікпеуге үйретеміз.

Сахнадағы импровизация немесе есімде қалған қызық оқиға

«Үміт» деген қойылым бар. Басты рөлдегілерге бір топ бала болып тиісеміз, ұрамыз. Бір кезде Шахмұрат сахнаға шығар алдында байқамай теуіп кетті. Ауырып жүргенмін, Шахмұратқа «Жәй жүрмейсің бе?» деймін. Ол болса «Не болды сонша тіреліп?» деп сахна сыртында төбелесіп кеттік. Екеуміз сол төбелеспен сахнаға шығып кеттік. Қойылымда шындап ұрмайсың ғой, ал біздікі шынайы төбелес болды.

«Абай» спектаклі болып жатыр. Мен офицермін, Абайдың үйіне келіп «Абай Құнанбаев кім?» деп сұраймын. Шыға салып есімнен «Абай Құнанбаевтың үйі осы ма?» деп сұрадым. Сол кезде Сырым аға ойнап жатыр да, жынданып, «Абай Құнанбаев деген мен!» деді. Сол спектакльде:

Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма

Ар-ұятын сатқанға? - деген әзіл өлеңді айтуым керек. Мен болсам: Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға, - дедім де әрі қарай есіме түспей қалды, «отаны тоны тоқа ма, ар-ұятын сатқанға» деп кетіп қалдым. Біздікілер қарқылдап күлді. Абай спектаклі. Күшті костюмде, сол заманды көрсетіп жатырмыз. Бір сөздің орнына сол сөзді айтып жібердім.

Актерлар сериалда театрда жүргендей ойнайды деген жаңсақ пікір

Театр актеры ма, басқа ма оған қарамайды. Театр актеры ойнап жатқаны көрініп тұрады, шынайылық бар. Сериалдың сәтті шығуы біріншіден – режиссерға, сосын сценариге байланысты. Операторға да байланысты. Актерлардың түк кінәсі жоқ. Командаға да байланысты. Кез келген актер барынша ойнап шығуға тырысады. Демек режиссер олармен дұрыс жұмыс істеген жоқ деген сөз.

Үш кітап:

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы;

Бердібек Соқпақбаевтың бүкіл әңгімелері;

Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары».

Үш фильм:

Энтони Хопкинстің фильмдері – «Молчание ягнят», «Ганибал», «Красный дракон»; «Влюбись в меня если осмелишься»; «Движение вверх».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер