BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.88 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.41 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.65
Астана:

Лондонда тұратын қазақ қызы «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді

Фото: театрдың баспасөз қызметінен

Биылғы жыл ол үшін қызыққа толы оқиғалардан – Үндістан қалаларында өткен үлкен турнеден басталды, содан кейін Ұлыбританияның ең беделді залдарында өнер көрсетті. Дарынды скрипкашы Ғалия Бейсенғалиеваның әрбір күні, әр минуты есептеулі. Алайда қайда жүрсе де, оның жүрегі әрдайым қазақстандықтармен бірге. Бүгінде Лондонда тұратын отандасымыз 4 мамырда «Астана Опера» камералық залында «Таңғажайып Моцарт...» концертінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілік етуімен «Астана Опера» камералық оркестрі қатысады.

Ғалия Бейсенғалиева кеш бағдарламасын марқұм әкесі – көрнекті скрипкашы, Қазақстанның симфониялық оркестрінің концертмейстері, профессор Сағадат Бейсенғалиевке арнаған. Сағадат Бейсенғалиев көзі тірі болғанда биыл 60 жасқа толар еді. Концерт бағдарламасына енген В.А.Моцарттың шоқтығы биік туындыларының бірі – Скрипкалық концерт оның сүйікті шығармасы болған.

«Маған өз Отанымда өнер көрсеткен қымбат, бұл менің туған топырағым. Әсіресе мен оны өмірі қайнап жатқан және ғаламшардың тыныс-тіршілігі сезілетін жас әрі қарқынды дамып келе жатқан Астанада жақсы сезінемін. Бұл менің тамаша ұжыммен төртінші рет өнер көрсетуім, әрбір кездесу ерекше естелік қалдырады. Маэстро Абзал Мұхитдиновпен бірге жұмыс істегенді өте жақсы көремін, ол шабыт беретін, нәзік және терең ойлы музыкант. Оның кәсіби дарыны мен шеберлігі әртістерге сенімділік пен еркіндік береді. Сонымен қатар, мені «Астана Опера» театрының көрерменге толы залдары қуантады, көпшілік қауым арасында менің құрдастарым көбірек байқалады. Жас ұрпақ үйлесім мен сұлулықтан құралған, бізді игілік пен ізгілікке шабыттандыратын классикалық музыкаға және өнерге қызығады. Уақыт зымырап, заман өзгерген сайын еліміз әлемдік интеграцияға ұмтылуда, ал өнер – әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігі», - деп атап өтті Ғалия Бейсенғалиева.

«Астана Опера» театрындағы концерттен кейін скрипкашыны Нью-Йорк пен Лос-Анджелестің көрермендері күтеді. Содан кейін Әбу-Дабида Заманауи лондондық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ қызының жеке шығармаларының тұсауы кесіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер