BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.08 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.46 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

«Күніне екі сурет салған кезіміз болды». Әлемнің танымал шеберлері Астананы бейнеледі

Фото: Автор

Астана қаласының 20 жылдығы аясында «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемөнер фестивалі өтті. Аталған фестивальге АҚШ, Ресей, Бразилия, Жапония және Үндістан мемлекеттерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Маусым айының 12-ші жұлдызында ҚР Ұлттық музейі ғимаратында «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемсурет фестивалі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Оған отандық қылқалам шеберлерімен қоса АҚШ, Еуропа, Ресей, Бразилия және Азияның Жапония, Үндістан сынды елдерінен үздік суретшілер қатысты. Олардың қатарында Ұлыбритания Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапония акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, ресейлік Игорь Дубовой, түркиялық Оркун Муфтуоглу, Белоруссиядан Инна Болундь, Кореядан Клеменс Беунгун Суу, хорватиялық Марко Зубак, Қырғызстаннан Адылбек Байтерек, италиялық Джованни Томасси Феррони, сонымен қатар, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды әйгілі отандық суретшілер де қатысты.

«Бұл жобаны шетелдік суретшілермен бірге жүзеге асырдық. Әлем елдерінен майталман, кәсіпқой суретшілер келді. Сондай-ақ, аталған жобаға қазақстандық 5-6 суретші атсалысты. Біз де қалыс қалмай біраз сурет салдық. (Күлді.) Астананың аз уақыт ішінде жаңарғанына шетелдік әріптестеріміз қатты таңғалды. Осы таңданыстарын суреттері арқылы бере білді. Жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Демеушілеріміз көп көмек көрсетті. Барлық суретші қатар жүріп те, үлкен шеберханада отырып та сурет салдық. Майлы бояудың түр-түрі берілді. Әркім өзіне ыңғайлысын пайдаланды. Әрқайсымыз жалпы 5-6 суреттен салдық. Арасында бір күнде екі сурет салған кездеріміз де болды.

Барлық сурет керемет. Әсіресе, шетелден келген суретшілер біздің салт-дәстүрлерімізді, ұлтымызды бірінші рет көріп тұрғандарына қарамастан ерекше етіп бейнеледі. Құсбегілік секілді қазаққа тән тақырыптарды алды. Сондай-ақ, олар жаңа қаланың ұлттық нақышын жоғалтпағанына таңғалды. Күні кеше бәріміз этноауылға барып қайттық. Оларға тыныс-тіршілігіміз ұнады. Шығармашылығымыздың әдемі жолға қойылғанын олар іштей сезіп те тұр. Себебі, Астана өте ыңғайлы, тыныш жер. Меніңше, Астанада тек ақкөңіл, жақсы адамдар тұрады», - деді суретші Тлеужан Батанов.

Көрмеде жоғарыда аталып өткен шетелдік және отандық суретшілердің Астана жайлы өнер туындылары ұсынылды. Ашылу салтанаты барысында барша суретші арнайы сертификатпен марапатталды.

«Бүгін ашылып жатқан «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемсурет фестивалімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан мәдениетін бүкіл әлем тануы тиіс. Ол әлемнің барлық басты тілдерінде сөйлейтін болады» деп атап өткен еді. Міне, сол мәдени ынтымақтастықты халықаралық деңгейде әрі қарай қарыштап жүргізу үшін осындай фестиваль белгіленіп, мемлекеттік, біздің ұлттық брендімізге айналған Астананың 20 жылдығының қарсаңында осындай үлкен шара өтіп отыр. Бұл шараның басты мақсаты шетелдегі қылқалам шеберлері Астанаға келіп, әсем қаланы өз көздерімен көріп, өз ойларымен, өз түйсіктерімен жақсы туындылар шығару. Одан кейін сол туындыларды бүкіл әлемге насихаттау. Яғни Қазақстанның ұлттық бренді болған Астананы әлемге насихатаудың бір көрінісі. Әлемнің бірнеше мемлекеттерінен келген өз істерінің мамандары осы жерде тоқайласып, өздерінің жұмыстарын ұсынып отыр. Ол кісілерге алғыс айтып, шығармашылық табыс тілеймін», - деді Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Уәлиев Қуатжан.

Маусым айының 6-шы жұлдызынан бастап қылқалам шеберлері Астана бойынша танымдық экскурсияға қатысып, Астананың көрікті аймақтарын суреттеген болатын. Фестиваль мақсаты – елорда қонақтарын оның 20 жылдық тарихымен, тарихи-мәдени кереметтерімен, қонақжай халқымен таныстыру.

Көркемсурет фестивалі шетелдік, ұлттық бейнелеу туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өнер саласының даму деңгейі, бағыт-бағдары жайлы мамандардың, өнертанушылар мен шеберлердің пікірлесуіне мүмкіндік берді.

Халықаралық деңгейде өткізілген шара аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде оқытушылар мен студенттері және қалалық Оқушылар сарайында мектеп оқушылары көркемөнер саласының майталмандарынан шеберлік сабақтарын алды. Іс-шара нәтижесінде көркемсурет туындылары ҚР Ұлттық музейі қорына табысталды.

Суреттер: Қарлыға Бүйенбай

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер