BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Қазақстан балеті тұңғыш рет Монакода көрсетілмек

2018 жылдың 14-15 қыркүйегінде «Астана балет» Монако княздігінде балет кештерін өткізбек. Бұл шара Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен, «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының «Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасының аясында ұйымдастырылып, түрлі жанрдағы хореография өнері паш етілмек, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

«Еліміз хореография өнерін Монако княздігінде тұңғыш рет көрсетпек. «Астана Балет» театрының Grimaldi Forum ірі орталығының сахнасында өнер көрсетуі Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Осы уақыт аралығында елордамыз Еуразия кеңістігіндегі қоғамдық-саяси және мәдени өмірдің орталығына айналып үлгірді. Біздің би труппамыздың балет спектаклі Оңтүстік Еуропаның ғажайып қаласының тұрғындары мен қонақтарына тосын сый болар деген үміттеміз», - деп атап өтті театр директоры Валерий Күзембаев.

«Астана Балет» театрының қолтаңбасы бай классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің негізінде қалыптасып, соның арқасында ұлттық биді дамытып, оны жаңа деңгейге көтеріп күллі әлемге паш ету мүмкіндігі туды. Театр қазақ биін зерттеу мен оны заманға сай ой елегінен өткізуге ерекше мән беріп, ұлттық бидің пластикалық үйлесімділігі мен көркін аша түсетін тың хореографиялық миниатюралар шығарып келеді.

«Астана Балет Гала» концерттік бағдарламасында ұлттық хореографияның үздік туындыларының жаңа интерпретациясымен қатар, труппа репертуарындағы неоклассикалық миниатюралар да көрсетілмек.

Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетінің даралығын танытудың негізгі тәсілдерінің бірі. Сол себепті, ұлттық би «Астана Балет» атты жас театрдың барлық гастрольдік сапарына әр береді. «Астана балет Гала» концерттік бағдарламасының би композициялары – қазақтың байтақ даласының, бай дәстүрінің, ғажап музыка мен қайталанбас көркем бейнелердің өрнегі. Қазақ болмысын би тілімен баяндайтын этнографиялық баян концерттік бағдарламаның ажарын ашып қана қоймай, елімізде де, шет елдерде де зор қошеметпен қабылданатын қойылым.

Ұлттық тақырыптан бөлек, көрермен қауым театр репертуарындағы Рикардо Амаранте қойған неоклассикалық спектакльдердің үзінділерін тамашалай алады. Оның «Love Fear Loss, «A fuego lento» балеттері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Балетмейстердің қайталанбас пластикалық тілі - ерекше нәзік қойылымдарынан аңғарылып тұрады.

Гастрольдік сапарлары кезінде «Астана Балет» театры, алдына күрделі міндет қояды: би тілі арқылы елімізді және оның сан-қырлы өнерін паш ету.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер