USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Ақтастағы Ахико» премьерасында астаналықтар тұрып қол соқты

Фото: 24.kz

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттiк академиялық драма театры Астана қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ақтастағы Ахико» драмасының тұсауын кестi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Қарлаг қасiретi тұңғыш рет қазақ сахнасында бейнелеген бұл қойылымға жапондық Ахико Тецуроның тағдыры арқау болды. Ол кеңес үкіметі кезінде Қарлаг түрмесiне нақақтан нақақ 15 жасында түсiп, 10 жыл жан төзгiсiз азапты өмiр кешедi. Лагерьден өлiмшi халде босап шыққан ол қазақ анасының қамқорлығының арқасында тiрi қалады. Заман оңалғанда өз отанына шақыру алып барғанымен, ол жақта тұрақтай алмай, Қарағанды маңындағы Ақтасқа қайта оралады. Ахико Тецуроның тағдыр жолы – сталиндiк зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып, лагерьлерге қамалған мыңдаған адамдардың, түрлi ұлт өкiлдерiнiң тағдыры.

Фото: 24.kz

«Ақтастағы Ахико» драмасының қоюшы режиссерi – Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Асхат Маемиров.

«Мен үшiн Ахико – жасампаз рухтың бейнесi. Тағдырдың қилы қыл-көпiрiнен, азаптан өтсе де, ертең күн күлiп қарайтынын сезiнген адам. 15 жаста қамалып, 25 жасында түрмеден шыққан кезде мойыған жоқ. Керiсiнше, рухының биiктiгiн, мықтылығын көрсеттi. Сондықтан бұл кейiпкер – шын мәнiнде баршамызға жарқын үлгi. Қойылым барысында ол өз көзiмен Алаш арыстарын көредi, оларға сүйсiне, тамсана қарайды. Екi-үш айға өзiнiң елiне барып, ақырында Қазақстанға қайта оралды. Қазақ топырағының қасиетi, киесi оны кейiн қайтарды», - дейдi А.Маемиров.

Басты Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Дулыға Ақмолда сомдайды. Ол тұсаукесердiң алдында Қарағандыда тұрып жатқан көзi тiрi Ахико Тецуромен арнайы барып жүздескен.

«Осы рөлде Дулыға Ақмолданы бiрден режиссер ретiнде көрдiм. Астанадағы тұсаукесерде Дулыға ерекше, бөлек орындайды. Себебi олар Қарағандыда Ахико Тецуроның өзiмен кездестi. Оның бойындағы қуатын, болмысын, жан дүниесiн, мiнезiн бойына сiңiрдi деп ойлаймын», - дейдi режиссер.

Екi сағатқа жуық созылған драманы Ахико Тецуро өзi келiп тамашалады. Қойылымнан соң ол сахнаға көтерiлiп, театрға алғысын жеткiздi. Ал ұйымдастырушылар жасы тоқсанға жақындаған қарияға қазақ шапанын кигiздi.

видео дереккөзі: 24.kz

Суреттер Әйгерім Бегімбеттің facebook-тегі жеке парақшасынан алынды

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады