BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

ХХІ ғасырдағы 21-ші «Шабыт» фестивалі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Өнерлі жастар жыл сайын қарашаны асыға күтеді. Себебі бұл айда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі, алыс-жақын шет елдегі жастар «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас қосады. Биыл бес күнге жалғасатын бәсекеге 350-ге жуық адам қатысып отыр. Олардың ішінде 163 жас Астана қаласының атынан бақ сынайды. Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Башқұртстан, Ресей, Украина және Өзбекстаннан келген дарынды жастар өнерлерін ортаға салады.

Жас таланттардың басын қосқан «Шабыт» шымылдығын түрді

5 қараша күні «Шабыт» фестивалі ашылды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жастарды құттықтап, сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармашыл жастардың дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Президент кезекті Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Шығармашыл жастарды қолдауға арналған кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр. Ештеңеге қарамай «Шабыт» фестиваліне келген қонақтарға әкімдіктің атынан алғыс айтамын. Осы жылдардың ішінде фестиваль жаңа есімдерді шығарды. Бүгінде олар ауқымды алаңдарда өнер көрсетіп, қайталанбас мәдениетімізді насихаттап жүр», - деді ол.

(фото: Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы)

Идея авторы Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, Мемлекет басшысы алғашқы фестивальді ашып, залда отырып қатысушыларға қошемет көрсеткен. Содан бері «Шабыт» ҚР Президентінің жеке қолдауымен өтіп келеді. Ал бір кездері өнер көрсеткен жастардың кейбірі бүгінде қазылар алқасының құрамында отыр. Фестиваль 1998 жылы республикалық мәртебе алды. Ал 2000 жылдан бастап халықаралық деңгейге көтеріліп, шетелдің талантты жастарына есік ашты.

Биыл бағдарламаға «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» атты бес аталым енді. Алғашқы жылдары жиырма аталымға дейін болса, ұйымдастырушылар олардың санын қысқартып, жыл сайын ауыстырып отыруды дұрыс деп шешті. Мысалы, «Журналистика» араға 6 жыл салып қайта қосылып отыр. Ал осыған дейін «Цирк өнері», «Актерлық шеберлік», «Бейнелеу өнері», «Үздік әдеби шығарма», «Балет», «Спорттық бал би», «Камералық хор» секілді аталымдар болған. Олар да алдағы жылдары бағдарламаға қосылатын болады.

«Эстрадалық вокал» номинациясында бәсеке жоғары

Фестивальдің екінші күні қатысушылар сынға түсті. Тыңдалымдар ҚазҰӨУ орган залы мен №2 корпусының үлкен залында, Ж.Жабаев атындағы залда, «Астана» концерт залында өтсе, «Жастар» театрында «Хореография» аталымы бойынша үміткерлер өнерлерін ортаға салды.

Жігіттер әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының «Қуанышым менің» әнін музыкалық сүймелдеусіз орындап шықты.

Қатысушылардың өнерімен танысу үшін ең алдымен «Астана» концерт залына бардық. «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 1-айналымды тыңдау өтіп жатты. Жас әншілер сахнада Қазақстанға белгілі әндерді орындап жатыр.

Жансая Нұрмағамбетова белгілі әнші Гауһар Қаспақованың «Алғашқы көктем» әнін орындап, дауысыынң кеңдігін көрсетті.

Сахнада өнер көрсеткен Рудный қаласынан келген Мейірімхан Назархановпен сұхбаттастық. Ол сайыс туралы интернеттен біліп, керекті құжаттарды толтырып жібергенін айтты. Содан кейін «келесі айналымға өттіңіз» деген қуанышты хат келген. «Эстрадалық вокал» номинациясында бәсеке жоғары, себебі 109 адам бақ сынап жатыр.

«Шабыт» фестивалі біріншіден, мәдениетке баулиды, өнерді дамытуды үндейді. Адамның өзіне жеке дайындықты қажет етеді. Қатысушылардың барлығы жеңіске жеткісі келеді. Бір-бірімізді танымасақ та, дос ретінде қараймыз. Жаман көзқарас жоқ. Бәсеке өте мықты.», - деді Мейірімхан.

19 жастағы Мейірімхан халықаралық сайыстарда жүлде алып жүрген дүлдүл.

Ол 1 жыл бұрын Мәскеу қаласында өткен «Роза ветров» халықарлық байқауында бас жүлдеге, биыл көктемде өткен «Алтын микрофон» байқауында 1-орынға ие болған.

Ибраһим Дәулет Мейірімханмен бірге Рудный музыкалық колледжінде «Дәстүрлі әнші» мамандығында білім алады. «Шабыт» туралы әлеуметтік желіден біліп, өтініш жолдаған. Ол фестивальдің тәрбиелік мәні өте зор деп санайды.

«Қазақ өнерінің дамуына өз үлесін қосып жатыр. ХХІ ғасырда 21-рет өтіп жатқан фестивальге қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Әр әнші осы сайысқа қатысу арқылы мол тәжірибе жинайды. Мақсат – жеңу емес, тәжірибе алмасу. Халықаралық сайыста шетелден келген қатысушыларды тыңдап, бір-бірімізбен салыстырып, дамитын боламыз», - деді жас әнші.

Ол алғашқы айналымда Естайдың атақты әні «Құсни-Қорланды» орындады. Жанына жақын болған соң осы әнді таңдағанын айтады. Ибраһим дәстүрлі әнші болғаннан кейін бұл әнді домбырамен сүймелдеп орындайды. Бүгін «Құсни-Қорланды» эстрадалық жанрда айтып шықты.

Жанерке Сағымжан эстрада әншісі Мөлдір Әуелбекованың «Өсиет» әнін нақышына келтіріп орындап шықты.

Сахна артында кезегін күткен үміткерлерді көресіз. Олардың жүздерінен сахнаға шығар алдында қобалжып тұрғандарын байқауға болады.

Ұлттық аспапта ойнайтын жастарымыз тәнті етті

«Астана» концерт залының қос бірдей аудиториясында «Халық музыкасы» номинациясының 1-айналымы өтті. Үміткерлер «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Бас шертер», «Прима домбыра» ішкі секциялары бойынша өнер көрсетті.

«Халықтық музыка» аталымы ұлттық музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Қазақтың ұлттық аспабы дегенде көз алдымызға ең бірінщі домбыра келетін бізді шертер, қобыз секілді аспаптардың құлағында ойнайтын жастар қуантты.

Жанерке Сағымжан эстрада әншісі Мөлдір Әуелбекованың «Өсиет» әнін нақышына келтіріп орындап шықты.

Байқау қатысушыларына нақты тапсырмалар берілген. Олар композиторлардың шығармаларын, сонаталар мен сюиталарды, қазақтың күйлерін орындауы тиіс.

Сахна артында кезегін күткен үміткерлерді көресіз. Олардың жүздерінен сахнаға шығар алдында қобалжып тұрғандарын байқауға болады.

Фестиваль қатысушыларының өнерін бағалауда қазылар алқасы үлкен жұмыс атқаратынын айта кеткен жөн. Олар қаншама өнерпаздың арасынан хас талантты жастарды анықтайтын болады. Қазылар алқасында елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер, мәдениет саласының майталмандары бар.

Атыраулық Қыдыркелді Тәжіғалиев мектеп кезінен шертер құлағында ойнайды.

Бүгінде Қыдыркелді Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында жұмыс істейді.

«Шабыт» бізге дем береді. Байқауда жүлделі орынға ие болып, табысқа жетіп, шабыттануға, басқа да байқауларға қатысып, бұдан да жоғары деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Бұл фестиваль басқа сайыстармен салыстырғанда керемет ұйымдастырылған. Жататын жеріміз, тамағымыз бәрі қамтамасыз етілген. Өтіп жатқан деңгейі өте керемет, біздің шабыттандырады. Орын алмасақ та байқауға қатыса бергіміз келеді. Әр облыстан достар таптым. Алдағы жоспарым керемет шәкірттер тәрбиелеп, өзімді бұдан да жоғары деңгейде көргім келді», - дейді ол.

Фестивальге ҚазҰӨУ мен Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Құрманғазы атындағы ҚазҰК студенттері белсенді қатысады. Солардың бірі – Дидар Әбенов. Ол байқауға прима-домбырасымен келді. Оның айтуынша, «Шабыт» фестивалі алға қойған мақсатынңа жетуге әсер етеді және музыкант ретінде қалыптасуға тиер пайдасы өте көп.

«Бұл жерде тәжірибе алмасуға болады. Сол арқылы өзіңнің деңгейіңді білесің және дамытқың келеді. Домбыра-прима аспабы байқауына үміткерлер Мәскеуден, Қазаннан келіп қатысады. Қазақстанда бұл аспап жақсы деңгейде дамыған, бірақ Мәскеу, Қазаннан келетін домбырашыларға есе жібереміз. Біз бұл жақта домбырада қалай ойнаймыз, олар сол жақта дәл солай примада ойнайды. Солардың ойнағанын көріп, тәжірибе алмасып, музыкант ретінде үлкен қор жинайсың», - деді Дидар.

Келесі аудиторияға бас сұққанымызда қолына қобызы мен прима қобызын ұстаған әсем арулар дайындалып жатты. Расымен де, Қорқыттан қалған қобыздың үні құлаққа жағымды естіліп, жүрек қылын тербейді.

Қазылар алдына шыққалы отырған ақтаулық Айнұр Әбжаппарты әңгімеге тарттық. Ол фестивальге алғаш рет қатысып отыр. Ұстазы – Жұпар Кемелбекова.

«Дәл қазір шығайын деп жатырмын. Қобалжып тұрмын. Ата-анамның, ұстаздарымның еңбектерін, үміттерін ақтауым керек. «Шабыт» фестивалі ең бірінші қазақ өнерін одан әрі дамытуға, бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын өсіп келе жатқан кішкентай ұрпаққа жеткізуге, насихаттауға шабыт береді», - дейді жас қобызшы.

«Халықтық музыка» номинациясы қатысушыларын көріп қазақтың ұлттық музыка өнері ұмытылмайтынын, оны сақтайтын жас буынның өсіп келе жатқанын аңғардық.

«Астана» концерт залында қолына бейнекамерасы мен фотоаппаратын ұстаған жас журналистер жүр. Оларға да арнайы тапсырмалар берілген. Фестиваль қатысушыларынан сұхбат алып, кадрларды камерасына іліп әлек.

Өміршең классикалық музыка

«Астана» концерт залынан шығып ҚазҰӨУ үлкен залына барып соқпалы аспаптар, мыс үрмелі аспаптар номинациясы қатысушыларының өнерін тамашаладық.

Астанадағы ҚазҰӨУ студентінің 1-курс студенті Әлібек Түгелбаев «Мыс үрмелі аспаптар» номинациясы бойынша бақ сынап жатыр. 1-айналымда ойнап шыққан ол дәлізде қорытындысын күтіп тұрды. Фестиваль туралы әсерін сұрағанда ол бүгіндікке осымен үшінші рет журналиске сұхбат беріп тұрғанын айтты.

«Мұғалімім фестивальге қатысайық деді. Бір айдың ішінде шығарманы жаттап, ойнап үйрендім. Адамдар сахнаға қорықпау үшін, өз-өзіне сенімді болу үшін шығады. Мен сол үшін ғана қатысып жатырмын. Екінші турға өтеміз бе, оны көре жатармыз. Қатысушыларды көрдім. Жақсы, бәрі жақсы дайындықпен келген. Екі-ақ адам өтті деп естіп жатырмыз. Соны уайымдап тұрмын. Жалпы мұндай байқаулар өзіңді сынауда таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын», - деп әсерімен бөлісті ол.

Залда көрермендер көп. Фестиваль қатысушыларының жанында оларды қолдау мақсатында достары жүр. Олар өнерпаздарды сахна сыртынан күтіп алып, қалай ойнап шыққаны жөнінде пікір алмасып, қолдау көрсетіп жатыр.

Осылайша сайыстың екінші күні аяқталды. Ұзақ жарыс күнінен соң фестиваль қатысушылары біз секілді үйлеріне тарқасты.

«Шабыт» жастардың қанатын қатайтады

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі осымен 21-рет өткізіліп отыр. Бұл алаң шығармашыл жастардың үлкен сахнаға шығуына жол ашып келеді. 1998 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізілетін шара ондаған мың жастың өнерге қадам басуына ықпал етті. Жаңа есімдерді елге танытып, таланттардың қанатын қатайтты. Қаншама дарынды жас өнердегі жолын «Шабыттан» бастады. Қазір олардың көпшілігі өнер саласында қызмет етіп, не халық сүйіктісіне айналып, биік белестерді бағындырып жүр.

«Шабыт» жеңімпаздарына зер салсақ, бүгінде елімізге, әлемге танылған азаматтардың есімін көреміз. Мысалы, 2014 жылы Президент Кубогының иегері Рахат-би Абысагин бүгінде әлемге танымал композитор, пианист. Сондай-ақ, әр жылдары Ақын Қалқаман Сарин мен Ерлан Жүніс, балет артисі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломен» тобы, әнші Аша Матай, актер Нұркен Өтеуіл белгілі тұлғалар жеңімпаз атанды. Ал 2000 жылы «Актерлық шеберлік» номинациясының Гран-приіне ие болған Тұрсынбек Қабатов Тұрсынбек «Шабыт» фестивалі үлкен өнерге қадам басуына баспалдақ болғанын айтады.

«Мен дәл сол жылы фестивальге қатысып, бағым ба, әлде бабым ба екен, топ жардым. Онда жиырма жастан сәл ғана асқан едім, әйтеуір байқау маған ерекше әсер сыйлады. Үлкен өнерге келуіме баспалдақ болғанын да несін жасырайын. Бәлкім, алғашқы жылдары фестиваль халық арасына кең таныла қоймаған шығар, бірақ өзім қатысқан тұңғыш үлкен шара болғаннан кейін «Шабыт-2000» маған «бір төбе» болады да тұрады. Жалпы айтсам, аз уақытта байқау республикалық деңгейден халықаралық дәрежеге көтерілді. Демек, шетелдерде де «Шабытқа» қызығушылық бар деген сөз. Осымен-ақ бәрі түсінікті шығар, фестивальдің деңгейі жылдан-жылға артып келеді», - деді ол «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында.

2013 жылы «Хореография» номинациясы бойынша Гран-при иегерлері «Шабыт» би ұжымының мүшесі Әнел Мырзағұлова фестивальде қазақ биінің деңгейін көрсету маңызды болғанын айтты.

«Сол жылы қазылар алқасының төрағасы КСРО артисі Рамазан Бапов болды. Бізге қазылық еткеніне, өнерімізді тамашалағанына қатты қуандық. Содан бір жылдан кейін ол кісі қайтыс болды. Біздің өнерімізді бағалап, Гран-при берді. Жетекшіміз, техника жағынан күрделі, қызықты биімізді қойған Айгүл Кульбекованың жұмысын айта кеткен жөн. Қазақ биінің деңгейін көрсету міндетіміз болды. Әрі техникалық, әрі күрделі, әсем биді шығардық. Содан кейін осы қазақ биімен Волгоградқа барып, алтын жүлдеге ие болдық», - деп еске алды биші.

Ол әр жыл сайын «Шабыт» фестивалінде номинациялардың ауысып отыруын құптайтынын айтты.

«Биыл халық биі болса, келер жылы классикалық, содан кейін қазіргі заманғы би енгізіледі. Бұл өте жақсы, себебі осы жылдар ішінде қазақ биінің, халық биінің қаншалықты өскенін көрсетеді. Осындай байқаулар көптеп ұйымдастырылуы тиіс. Ұлттық би болғаннан кейін біз мұны дамытуымыз керек. Грузиндер биін халықаралық деңгейде танытып жатыр. Сол сияқты осындай деңгейдегі сайыстар жиі өткізілуі тиіс», - деді «Шабыт-2013» жеңімпазы.

2016 жылы ҚР Президенті Кубогына ие болған ақын Ербол Алшынбай «Шабыт» халықаралық фестивалін жас қаламгерлерді шыңдауда маңызды байқау деп санайды.

«Күллі республикадағы қалам ұстап жүрген жас таланттардың Астанада бас қосуы осы шығармашыл жастардың жаңа ой-жүйелеренің, қандай әдеби жаңалықтарының бар екенін білуге, бір-бірімен бөлісуге көпір болады. Халықаралық дәрежедегі байқау болғандықтан көрші елдерден де қаламдас жастар келіп жатады. Олармен де танысып, сол арқылы көрші елдердегі замандас жастардың қазіргі қарым-қабілетін, жай-күйін, әдеби даму деңгейін біліп отырамыз. Бұл байқау – шетелдік әдебиетшілер мен қазақ әдебиетшілері арсындағы көпір. Жиырма жылда қаншама қазақ қаламгерлері жүлде алып, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс секілді бүкіл Алашқа айтулы ақындарға айналды. Бұл байқау әдеби өмірімізге өте керекті, жастарды бір-бірімен таныстыратын, араластыратын жақсы жоба деп ойлаймын», - дейді Ербол Алшынбай.

Тоқетері. ХХІ «Шабыт» фестивалінде Қазақстанға ғана емес, есімі әлемге танылатын жас таланттар анықталмақ. Жеңімпаздар есімі 9 қараша күні белгілі болады. Қазылардың шешімімен ең дарынды деп танылған қатысушы Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогына иеленеді. Әр номинация бойынша Гран-при иегері мен жүлделі үш орынның иелері анықталады.

Видео/фото: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер