BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 431.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Ертең Елордада «Astana-Art Show-2018» халықаралық көрмесі ашылады

Фото: kak-pravilno.com

15 қыркүйекте TSE Art Destination галереясында алғаш қазақстандық «Astana-Art Show 2018» халықаралық көрмесі өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Astana Art Show қазіргі Қазақстанның бейнелеу өнері халықаралық биенналесінің негізгі шарасы болып табылады және үш көрме аясында өтеді. Іс-шараның алғашқы тақырыбы – «Metamorphosis». Бұл жоба суретшілердің ішкі көңіл-күйі мен хал-ахуалын, кең ауқымды мәселелер бойынша көзқарастарын зерттеуге арналған. Бұл – олардың жеке өздері және маңызды оқиғалар туралы әңгімелері, сонымен қатар суретшінің шексіз эволюциясында, оның метаморфозында, сондай-ақ шығармашылығындағы бұрылыс нүктесінде маңызды кезеңді белгілеу үшін Polaroid 600-ге жедел фотосурет жасау мүмкіндігі.

Жоба қатысушылары – толық жетілген және шетелде аттары танымал болған қазақстандық жас суретшілер. 20-дан астам суретші халықаралық ірі көрмелерге қатысқан және шоуға арнайы дайындалған еңбектерін ұсынады. Көрме қатысушыларының арасында танымал жапондық фотограф, «Мен Обломов» белгілі автопортрет сериясының авторы – Икуру Куваджима бар. Сондай-ақ, көркем өнерді қадірлеуші елордалықтардың назарына өз жұмыстарын Лондонда аты шыққан қазақстандық Аза Шаденова ұсынады. Ал жас суретші Әділ Әубекеров Астана тұрғындары мен қонақтарын қала ғимараттарының бірінің қасбетіне салынған жаңа арт-нысанмен қуантады.

Суреттер мен инсталляцияларды келушілер TSE Art Destination галереясында және оның айналасында тамашалай алады. Metamorphosis-пен қатар, Орталық Азия елдері мен Қазақстанның 16 жас суретшісінің шығармашылығына арналған «Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру» көрмесі өтеді. The Ghost Expedition үшінші көрмесінің ұйымдастырушылары – Еуропалық Одақ. Жоба шеңберінде қазақстандық және еуропалық суретшілер тобы Маңғыстау облысының киелі орындарын зерттеу барысында көркем жұмыстарының нәтижелерін ұсынады.

Сондай-ақ, жоба аясында танымал суретшілердің дәрістері, шебер-сыныптары мен кураторлық экскурсиялары өтеді. Astana Art Show ашылуында іс-шараның арнайы қонағы – әлемге әйгілі музыкант Benjamin Skepper (Мельбурн, Австралия) өнер көрсетеді. Benjamin Skepper – көркем мәтінде заманауи технологиялар мен ғылыми инновацияларды қолдана отырып, жаңа эксперименттік музыкалық шығармаларжазатын музыкант. Іс-шара ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РММ, Рухани Жаңғыру Басқару Кеңсесі, Artios Art Advisory. Astana Art Show кураторлары: Дина Байтасова, Асель Ахметжанова. «Қайта жүктеу. Кеңістікті оңтайландыру» көрмесінің кураторы: Айгүл Ибраева. «The Ghost Expedition» көрмесінің кураторы: Анвар Мүсірепов.

Astana Art Show көрмесінің ресми ашылуы 15 қыркүйекте сағат 19:00-де TSE Art Destination галереясында өтеді. Мекен-жайы: Республика даңғ., 33А. Кіру тегін. Көрме 2018 ж. 28 қазанға дейін жұмыс істейді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер