BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Досжан Табылды: Өзімде ғана жақсы болсын дегенді қою керек Эксклюзив

Балет артисі әрі музыкалық продюсер Досжан Табылды Қазақстандағы балет өнеріне жоғары баға беріп, барша адамзатты өнерді ұлтқа бөлмеуге шақырды. Сондай-ақ, ол Геннадий Головкин, Димаш Құдайбергенов сынды өз ісінің мамандары алдында ерекше бас иетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Досжан Табылды, балет өнеріне кездейсоқ келгенін айтады. Оның биге икемділін алғаш хореограф мамандар байқап, училищеге оқуға шақырған.

«Мұның барлығы менің маңдайыма жазылған тағдыр екеніне сенімдімін. Ешуақытта балетпен айналысамын деп ойлаған емеспін. Өзі бұзық, қара домалақ әрі томпақ 10 жасар балада қандай арман болуы мүмкін?! Бір күні Хореография училищесінен комиссия келіп, биге деген икемділігімізді бір қарап шықты. Ішінде мені таңдап алып шақырды. Алғашқы емтиханнан өте алмай, оқуға шартты түрде қабылдандым. Осының өзі менің эгома әсер етті. Сол сәтте жақсы бола түсу үшін барымды салып, көшбасшылық қасиетімді көрсеттім. Оның үстіне кез келген жерде бәсеке болатыны айтпаса да түсінікті. Менің бойымнан осы ерекше дарынды көре білген ұстаздарыма алғысым шексіз», - дейді Досжан Табылды.

Артист бірнеше мәрте балеттен халықаралық конкурстардың жеңімпазы. 2005-2006 жылдары аралығында Оңтүстік Кореядағы Суджиун өнер университеті мен Сеуль балет трупасында бас солист болды. 2007 жылы Париждегі United Dance Company бас солисі болып, гастрольдік сапармен Германия, Австрия, Голландия және Швейцария мемлекеттерін аралады. 2007 жылдан бастап Мәскеудегі Үлкен театрдың кәсіби балет бишілері мастер-классының мүшесі. Осы жылы Қазақстанға шақырылып, «Astana Ballet Company» бас артисі болды. 2009 жылдан бастап Корей балет театрының құрамына кіреді.

«Мен тек Кореяда емес, көптеген өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Мені қазақстандықтар тек Кореяға барды деп ойлайды. (Күлді.) Көптеген конкурста жеңімпаз атанып, дүниежүзілік балеттің өнерпаздарына ұсынатын келісімшарттар жасастым. Соңғы рет өткен жылы гала концертке бардым. Ол жерге әлемдік деңгейдегі жұлдыздар жиналды. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея мәдениетінің тарихына ендім. Корея Ұлттық театрында жұмыс істеген алғашқы шетелдік азамат болдым. Мен сол жақта жүріп жұмыс істеген кезде Гранд опера театрымен серіктес болып, бірге дайындалдық. Айтарым, өнер ұлтқа бөлінбейді. Ешуақытта олай болмауы керек. Мұнда барлығымыз уақытша келдік, бәріміз де өмірден әйтеуір бір кетеміз. Сол себепті, адамзатты бір-бірімізді сыйлауға шақырамын. Кез келген ұлт өкілі өзінің жан-дүниесіндегіні өнер арқылы жеткізе алады. Бастысы, іште жұртқа жеткізгің келген дүниенің болуы. Сахнадағы артиске қарап ешнәрсе сезінбеген болсаңыз, ол артистің кінәсі», - дейді Досжан Табылды.

Сондай-ақ, ол Қазақстандағы балет өнеріне шетелдік мамандардың көзқарасы қандай екенін айтып берді.

«Қазіргі сәтте Қазақстандағы балет өнері өте жақсы деңгейде. Мұны осы өнердің «қаймақтары» мойындайды. Әрине, әлі де дами түсуіміз керек. Әрдайым жаңа мәселелердің шешімін іздеуіміз де керек. Астана опера және балет театрында жұмыс істейтіндердің барлығын жақсы білемін. Мұнда барлығы керемет. Туған аға-қарындас, дос-бауыр болып өстік. Партияларды бөліп алып орындадық. Осы тамаша атмосфера жыл сайын жақсарып келеді. Менің психологиям бойынша, басқаларға жаман болса бола берсін, өзіңе жақсы болсын дегенді қою керек. Кересінше адамдардың барлығы бір-біріне көмектесулері керек», - дейді ол.

Мұнымен қатар, Досжан Табылды өз ісінің шеберіне айналған отандастарына ерекше тәнті екенін жеткізді.

«Біз әрдайым өсіп-өніп, әлемдік деңгейге шығуымыз қажет. Жарты жолда қалып қойғанымыз жарамайды. Головкинді алайықшы. Өз ісінің нағыз шебері. Қаншалықты қарапайым болса, соншалықты талантты. Өзінің қандай адам екенін әлемге паш етіп жатыр. Біздің Димаш та керемет жан. Қолдан келмейтін нәрсе жоқ, тек жалқауланбай өзгерістерге дайын болу қажет», - дейді артист.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер