BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Дидар ҚАМИЕВ, ақын: «АЙТЫСКЕР АҚЫН БІР ӨЗІ БІР ТЕАТР БОЛУЫ КЕРЕК»

 АСТАНА. 20 қаңтар. BAQ.KZ - Жас айтыскер Дидар Қамиев 1988 жылы 10 желтоқсанда Қарағанды облысы Шет ауданының Ақбауыр ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Қарағанды қалаcындағы «Болашақ» университетін тәмамдаған. Халықаралық, республикалық ақындар айтысында, жыршы-жыраулар сайысында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, жүзден жүйрік атанып жүр. Ең алғаш айтыс сахнасына он жасында шыққан, бірнеше айтыста жүлдені қанжығасына байлап жүрген ақынмен тілдесудің сәті түскен еді.

 - Жылан жылы сен үшін табысты болды десек, артық айтқанымыз емес. Талай додаларда жүзден жүйрік шықтың. Жаңа жылдан не күтесің? Қандай жоспарларың бар?


- Әр адамның күнделікті ырзық-несібесі жазылып қояды екен. Сондықтан жылға тіреліп тұрған ештеңе жоқ шығар. Шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым, ең үлкен олжам да, жеңісім де – сол. Ал қалғаны сол қуаныштың жалғасы іспеттес. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді қазақ бекер айтпаған ғой. Жоспар құрмадым. Бұйырғанын көрерміз.


- Жалпы, айтысқа қалай келдің?


- 3-сынып оқып жүрген кезімде ағам екеуіміз нағашыларыма демалысқа бардық. Ұйқыға жата бергенімізде балалардың бәрі айтыс боп жатыр екен деп жүгіріп кетті. Айтыс деген күй тарту сияқты бірдеңе шығар деп мән бермедім де, жата бердім. Ақыры жақын арада ешкім орала қоймаған соң, мен де көрейінші деп барсам, жүлде беру рәсімі болып жатыр екен. Сонда Қуаныш Мақсұтов ағамыздың:
«Аманжол мен Қуаныш мәрт болды,
Айтыста, міне, осындай шарт болды.
Желтоқсаннан басталған айтысымыз
Аяғы сегізінші март болды», - деп екеуінің екі қызға жол бергенін төрт жол өлеңмен әдемі жеткізгені керемет ұнап қалды. Содан бастап айтыспен ауырдым. Келе салып көрші тұратын Мәди деген досыммен айтысып жүрдім. Содан, не керек, 5-сыныпта аудандық айтысқа қатысып, Тілеген ағаммен айтыстым. Өлеңімнің көбі – атамның жазып бергені. Өзімнің суырып айтқаныма көңілім тола қоймайтын. Ақыры менен дұрыс ақын шықпайды деген ойға келдім. Сол 1999 жылы Астана қаласында өткен Алпамыс батыр жырының 1000 жылдығына арналған жыршы-жыраулар фестиваліне Гүлшара апам ертіп апарды. Баянғали Әлімжанов, Алмас Алматов, Дүйсенғазы Нығметжанов ағаларымның батасын алып, жыршы бала атандым. Содан кейін бірнеше республикалық жыршы-жыраулар байқауына қатысып жүрдім. Айтыскер болам деген ой мүлдем ұмыт болды. Теледидардан айтыс көрген сайын осы ақындарды көремін бе екен деп армандап отыратынмын. 2004 жылы марқұм ағамыз Жамбыл Ақылбаев атындағы грантпен «Болашақ» колледжіне оқуға түстім. Сол кезде директордың орынбасары болып қызмет атқаратын Айгүл Қайырбекқызы қоярда-қоймай жүріп Жезқазғанда өтетін студенттер фестиваліне айтысқа алып барды. Алғашында дірілдеп шыққанмын, бір қарасам қарсыласымның айтқанына кәдімгідей жауап беріп отыр екенмін. Содан, не керек, бас жүлдені иеленіп қайттым. Осылайша ойда жоқта тағы да ақын боп шыға келдім. Сол жолы көрген Сәттібай ағам көп ұзамай ҚарМУ-ге айтысқа шақырды. Артынша Мақсат, Айтбай ағаларыммен таныстым. Республикалық айтысқа шығуыма сол кісілердің ықпалы зор болды.


- Ал үлкен айтысқа қалай келдің?


- 2005 жылы Семей қаласында өткен республикалық айтысқа қатысып, 3-орынды қанжығама байладым. Айтысқа төрағалық еткен Несіпбек Айтұлы: «Айтысың ұнады. Жүрсін ағаңа айтармын сен жайлы», - деді. Келер жылы мамыр айында Астанада «Асқақта, Астана!» деген үлкен айтыс өтетінін құлағым шалды. Жүгіріп Мақсат ағама барып: «Жүкеңе айтып, мені айтысқа қос», - дедім. «Жүкеңе менің сөзім өтеді дейсің бе? Менің өзімді сызып тастайды керек десең. Өзің хабарласып көр», - деп азар да безер болды. Ақыры Жүкеңнің нөмерін алып хабарласпақшы болдым. Ақшаның бетіне қарамай, 1000 бірлік салып алдым. Сөйлесіп жатқанда бітіп қалмасын деген қорқыныш болса керек (күліп). Ол кезде ашқарын студент үшін 1000 бірлік салу – арман... Әуелде қоңырау шалуға қолым бармай қойды. «Несіпбек аға айтқан шығар, мені білетін шығар» деген үміт те жоқ емес. Ақыры өзімді өзім сабырға шақырып, қоңырау шалуға бел будым. Бейне қылмыс жасап қойғандай, ешкім көріп қоймасын деген оймен жан-жағыма жалтақтап қарап, тығылып гараждардың арасына кетіп қалдым. Өзімді таныстырып, мән-жайды түсіндіріп жатырмын. Тұтқаның әр жағынан гүр еткен дауысты естігенде тілім күрмеліп не айтып, не қойғанымды білмеймін. Әйтеуір, «Семейде өткен айтыста үшінші орын алдым» деп бірнеше мәрте айтсам керек, Жүкең ыза болып: «Маған десең, Москвада үшінші орын ал. Көрмеген ақынды айтысқа қалай қосам? Ертең Астанаға кел» деп қысқа қайырды. Жүкеңнің әлгі сөзі маған қанат бітіріп, бойымды қуаныш кернегені сонша, таңғы 7-де арзандау ГАЗельге мінбей, таксимен бір-ақ тарттым. Барсам, астаналық Мейіржан Әлібеков те мен ұқсап «көрінуге» келіп отыр екен. Бізді көрген бойда Жүрсін аға: «Қарағандының баласы қайсысың? «Семейден үшінші орын алдым» деп қорқытады өзі», - деп тағы бір қағып өтті. Ақыры екеуіміз де қабылдандық. Ол айтыстан 3-орын иелендім. Шыны керек, күні бүгінге дейін Жүрсін ағамен сөйлескенде бөлектеніп, өзгелерден оқшау жерге кетіп қалам.


- Ақындық ананың сүтінен, атаның қанымен дарыған болар. Отбасыңда өлеңге, жалпы, өнерге жақын кім?


- Атам Қами ақсақал қисса-дастандарды жатқа соғатын, реті келсе суырып өлең шығаратын қазына қариялардың бірі еді. Ес білгелі сол кісінің тәрбиесін көрдім. 5 жасымда «Мұңлық-Зарлықты» оқып, әріпті әліппеден емес, батырлар жырынан таныдым. Әжем де қаршадайынан үлкендерге жыр-дастандарды оқып беріп Нарқыз атанған екен. Домбыраны әкемнен үйрендім. Ал анамның дауысы қазіргі жұлдыз болып жүрген әншілердің біразынан артық.


- Інің де облыстық айтыстардың төрінен көрініп жүр. Жас болса да, талай ел таңдай қағарлық дүние айтты мақамына салып. Осыған байланысты сөздерін Дидар жазып береді-міс деген әңгіме шықты ел арасында...


- Бауыры аламанға түсіп жатса,
Ағасы айға қарап отыра ма? - деп Ұланғасырдың өзі айтқандай, көмектесетінім рас. Дегенмен тегін адам айтысқа шыға алмайды ғой. Өлеңнен өзі де қаражаяу емес. «Бұқарекең жырлайды» байқауында да жыр-толғаулар айтып екі жыл қатарынан жүлделі орыннан көрінді. Былтыр арнайы келіп қазылық еткен Алмас Алматов ағамыз: «Бауырың осы қарқынынан танбасын, жырға жан дүниесі жақын екен», - деді. Өнер қуғанын бір жағынан қаламаймын. Тіл-көз деген бар. Бауырымнан гөрі сахнаға өзім шыққаным әлдеқайда жеңіл.


- Ұстанымың жақсы, ал ұстазың кім? Өнерде кімді пір тұтасың?


- Аманжол ағамыз бастаған Арқа ақындарының бәрі ұстазым ғой. Өнерде жүрген аға-апаларымның қай-қайсысынан болмасын ақыл-кеңес сұрап тұрамын.
- Қанат Мырзахановпен айтысқаныңда оны «қалған-құтқан» деп менсінбеушілік танытқандай болдың. Жалпы, айтыс алаңынан тыс өмірде қандайсың? Кейбір өнерпазда тәкаппарлық, менмендік басым болады ғой...


- Қалған-құтқан деп айтатын жөнім бар еді себебі. Атақты ақындар бір-бірін сұрап алып, ешкімге керексіз екі ақын қалып қойғанбыз ғой. Бірнеше хабарласып Балғынбек, не Айнұрмен айтысайын деп едім, құлақ асқан ешкім бола қоймады. Сол қыжыл ғой менікі. Өлеңнің мазмұнын түсінетін адам болса, мен кереметпін, сен қалған-құтқансың деген жоқпын. Тәкаппар адам өзін қайыршыға теңемейді ғой.


- «Ат тұяғын тай басар» дейді қазақ. Алдыңғы толқын ағалардың орнын басар жастар бар ма қазір? Айтыстың болашағы туралы не айтасың?


- Кейінгі толқыннан Мейірбек Сұлтанхан мен Сырым Әуезханды ерекше атар едім. Мейірбек бауырымның көбіне жолы болмай жүр. Әйтпесе, ақындығы бізді он орайды. Сырым інімді де ерекше жақсы көрем. Биыл біраз айтыста топ жарып, жарқылдап көрінді. Екеуінің де әлі талай биікті бағындыратындарына сенімім мол. Алла тіл-көзден сақтасын. Тындарманға таныла қоймаған Таңжарық деген тағы бір жақсы бала бар Астанада. Осындай бауырларым барда қазақтың айтысы өледі деу бекершілік.


- Сені жұрт миллионер ақын деп жүр. Осы тіркеске қалай қарайсың?


- Миллионды ең алғаш ұтқан Балғынбек Имашевты біразға дейін миллионер ақын деп атап жүрді айтыста. Сондай бірдеңе шығар, аса мән берген жоқпын. Қит етсе, «екі миллионың бар емес пе?» дейтіндер де жоқ емес. Айтыстан ұтқан ақша жұмсалмайды, алтын домбыра сияқты музейде сақталады деп ойлайтын болуы керек.


- Жазба ақын мен айтыскер ақынның арасында қандай айырмашылық бар? Жазба поэзия да жаныңа бөтен емес шығар? Өлең жазасың ба, әлде керек кезінде төге салып жүре бересің бе?


- Жазба ақын болу үшін ақын болу жеткілікті. Ал айтыскер ақын бір өзі бір театр болуы керек. Өлең жазбаймын. Себебі жалқаумын.


- Айтысқа қатысты тартыс та, дау да көп қазір. Түрлі пікірлер айтылады. Айтыс жайлы abai.kz порталындағы Алтай Бұқарбаев есімді автордың «Айтыс деңгейіне ұяламын» деген пікірімен келісесің бе? Айтыстың деңгейі қандай?


- Алтай Бұқарбаев алдымен өз деңгейіне ұялсын. Айтысты дұрыс білмей, арнайы келіп көрмей, экраннан байқап қалып, оған сын айтатындар, «қасқыр сонда екен деп, орманға қарай оқ ата жөнелетіндер» көбейді ғой қазір. Бір ағамыздың аузынан: «Айтылған сын, сол саланың маманы айтпаса, қабылданбайды» дегенін естідім. Ұялып жүрген тағы бір мәселесі – ақындар шындықты айта алмайды екен. Пайымдауынша, шындық – патшаны жамандау, елді патшаға қарсы айдап салу. Ал халқын ойлайтын ақын керісінше, мынандай аласапыран уақытта елді бүлікке емес, бірлікке шақыруы керек.


- «Айтыста шынайылық жоқ. Суырып салма айтыс қазақтан қалғалы қашан. Жаттанды айтыс бүгінгінікі» деген пікірмен келісесің бе? Қалай дегенмен, өздеріңіз «загатовка» деп атайтын жаттанды дүниелер айтыскерлер арасында бар емес пе?


- Қазіргі айтыстың деңгейі өте жоғары. Бірақ бүгінгі айтысқа қарағанда 90-жылдардағы «келіп тұрмын», «келсең қайтейін» деген айтыстар шынайырақ көрінеді. Айтыс қазір шоуға айналып барады. Себебі айналаның бәрі – шоу. Бүгінгі халықтың да сұранысы сол болып тұр ғой. «Заманыңа қарай бөркіңді ки» деген бар емес пе? Екі ақын қандай тақырыпта әңгіме өрбітетінін келісіп алмаса, берілетін 20-30 минут «не айтады екен» деп бір-бірін аңдып отырғанда өте шықпай ма? Айтыс жалықтырды деп сахнадан қуып жібереді керек десең. Баяғыдай киіз үйде 30-40 адамның алдында таң атқанша айтысса, қазіргі ақындардың қайсысы болмасын суырып салудан тосылмайтынына сенімдімін. Ал «заготовкаға» келер болсақ, тойға барған адамның өзі қарапайым тілек айтуға дайындалып барады. Ал қаншама мың адамның алдына шығатыныңды, ол эфирден бүкіл Қазақстанға тарайтынын біле тұрып дайындалмай бару – халықты сыйламау. Кешегі Сүйінбай атамыз қырғыздың Қатағанымен айтысқанда қазақтың үш жүзін түгендеп шығатын өлеңін сол жерде суырып айтты дегенге кім сенеді? «Айтыскерлер айтатын өлеңін жазып, жаттап барады екен» деп жүрген жазба ақындардың ел алдында өз өлеңін жатқа білмей телефон шұқылап тұрғанын талай көзім көрген. Айтып жүрген әнінің сөзін жатқа білмейтін әншілер де көп. Демек жазғаныңды мыңдаған адамның алдында мүдірмей жатқа айту да – екінің біріне бұйырмайтын өнер. Айтыста өлеңіңді жаттап келіпсің деген қарсыласына бір ақын: «Айтып отқан өлеңім өзімдікі, жаттайым ба, жаттамайым ба өзім білем», - депті. Сол айтпақшы, айтыстың иісі мұрнына бармайтындар ақындарды сынау үшін, алдымен сахнаға шығып айтысып көрсін.


- Ақындардың көтерген мәселелері мен сындары сахнада қалып қоятыны белгілі. Тыңдалмаған сөз жетім емес пе? Налымаймысың бұған?


- Айтылған сынның бәрі еленіп, міннің бәрі түзелуі мүмкін емес қой. Әйтсе де, осыдан 5 жыл бұрын Талдықорғанның Панфилов ауданында өткен бір айтыста жолдарының кедір-бұдыр екенін тілге тиек еттім. Артынша аудан әкімі сахнаға шығып: «Келесі айтысқа келгендеріңде жолды қатырып қоямыз», - деп уәде берді. Уәденің орындалғанын көп ұзамай Жандарбектен естідім. Өскеменде мектептің жанында аялдама жоқ екен, соны айтыста ақындар қозғап, артынша аялдама орнатылды. Қанша жыл сахнада түрік пен кәрістің сериалдарын сынап келдік. Биылдан бастап өзге елдің телехикаялары көрсетілмейтін болды. Бұл да – ақын сөзінің ескерусіз қалмайтындығының бір көрінісі. Осындай мәселелер көп айта берсек, бәрі де шешіледі деп сенем.


- Айтыстан басқа немен айналысасың? Табыс көзі не, жалпы? Айтыскер ақындардың бірі асаба, бірі тележұлдызға айналып үлгерді. Астанаға көшіп, шоу-бизнеске араласу ойда жоқ па?


- Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжінде ақындар үйірмесінің жетекшісімін. Асаба емеспін, тойға қалап шақырып жатса барып тұрамын. «Сені биылдан соң Астанаға алдыратын шығар» дегенді өнердегі достарым да айтқан. Шақырса да, барғым келмейді. Маған Қарағандым ыстық. Тіршілігі аздау, тыныш жерде өмір сүргім келеді. Шоу-бизнес жайлы ойлаған емеспін. Ел алдына жылтыңдап көп шыққанды да қалай бермеймін.


- Өзіңді жұрт тек айтыскер ақын ғана емес, жыршы-термеші ретінде таниды. Кейінгі кездері жыр-терме айтпай кеттің.


- Жыр-терме тыңдайтын ортада, достарымның ортасында айтып тұрамын. Біздің өңірде өнердің бұл түріне сұраныс аз. Эстрада әншілерінің өмірін туған-туысының өмірінен артық білетін, «Жұлдыздар отбасының» деңгейінде ғана ойланатын қауымға жыр-терменің қажеті шамалы болып тұр қазір. Соңғы жылдары Айтбай Жұмағұлов ағамыз қолға алып, жыршы-термешілер жарысын өткізуге мұрындық болып жүрген жайы бар. Сұраныс бар жерде, ұсыныс та болмақ әманда.


- Айтыста қарсыластарың «әкімнің қызын алдың» деп тиісті. Содан бері ел арасында бір «мықтының» күйеубаласы екен деген сөз тарап кетті. Осыны өз аузыңнан естісек.


- «Облыс әкімінің қызын алыпты» деп жүргендер де бар екен. Әйелім әкімнің қызы емес. Қарсыласымның қателігі ғой. Құлманбет айтыста Жандарбек бұл жайында айтқан болатын. Эфирден берілмеді. Қайын атам – Нұра ауданына қарасты Изенді ауылындағы «Отқанжар» ЖШС-нің директоры.


- Сұхбатыңа рақмет! Өнерің өрге жүзе берсін!

 

Ербол САРМУРЗИН

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер