BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Данэлия Тулешованың Junior Eurovision байқауына дайындығы қандай?

Фото: dknews.kz

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 25 қарашада Минскіде Junior Eurovision-2018 халықаралық байқауының финалы өтеді. Байрақты додада Қазақстанның намысын Данэлия Тулешова қорғайды. Қазақстан орталық коммуникациялар қызметінде Данэлия Төлешова мен оның халықаралық байқауға қатысуына үлес қосып, қолдау көрсеткен «Хабар» агенттігінің өкілдері байқауға дайындық барысы қалай жүріп жатқандығы және байқау шарттары туралы айтты.

«Бүгін біз Junior Eurovision-2018 байқауының соңғы дайындықтары қалай жүріп жатқандығын сіздерге айту үшін жиналып отырмыз. Еліміз аталмыш байқауға тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет қатысып отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл аса маңызды шара деп айтуға болады. 2016 жылдан бастап «Хабар» агенттігі осы байқауды ұйымдастыратын еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі болып саналады. Бұл агенттігімізге Қазақстан атынан өз қатысушысын, өнерпазын ұсынуға жағдай жасады. Ұзақ келіссөздерден кейін ұйымдастыру комитеті бізге Junior Eurovision байқауына қатысуға мүмкіндік берді», - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.

Биыл 1-31 тамыз аралығында елімізде халықаралық байқауға арнайы іріктеу өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен 200-ге жуық жас өнерпаздың жұмысы келіп түсті.

«Оларды Роза Рымбаева, Ринат Ғайсин, Тамара Асар, Бағым Мұхитдинова сияқты музыка мамандары бағалап, үздік 10 өнерпаздың финалға өтуіне мүмкіндік берді. Ұлттық финал осы жылы 23 қыркүйекте Алматы қаласында өтті. Көрермендердің дауыс беруі мен қазылар алқасының бағалауы нәтижесінде Данэлия Тулешова жеңімпаз атанып, «Өзіңе сен» атты шығармасымен бас жүлдені иеленді. Содан бері ол дайындық үстінде», - дейді Ринат Думанұлы.

Қазіргі уақытта «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Алан Ғазизұлы Әжібаев бастаған Данэлия Тулешова мен оның шығармашылық ұжымы, техникалық топ Минскіде қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Бүгін халықаралық байқаудың ашылу салтанаты мен жеребе тарту рәсімі болады. Оның түнгі сағат 23:00-де «Хабар» арнасының эфиринен тамашалауларыңызға болады. 25 қараша күні болатын ақтық сында және одан екі күн бұрын басталатын дауыс беру науқанында қолдау көрсетіп, жанкүейер болуларыңызды сұраймыз. Жалпы Данэлия Тулешованың еуропалық хабар тарату одағына төленетін жарнасы, өнерпаздың осы шараға дайындығы, көрсететін музыкалық нөмірі және басқа да байқауға қатысуға кететін барлық шығыны «Хабар» агенттігі бюджеті есебінен қаржыландырылады», - деді ол.

Данэлия ән байқауында «Өзіңе сен» әнін қазақ және ағылшын тілдерінде орындайды. Дауыс беру әділқазы және интернет дауыс беру арқылы жүзеге асады.

Брифинг барысында Данэлия Тулешова Минскіден тікелей эфирге шығып, көрермендерге алғыс білдірді.

«Мені қолдағандарыңыз үшін рақмет! Қазір қобалжулы күйдемін, бірақ сахнаға шыққанда толқу сезімі басылады деп ойлаймын», - дейді ол.

25 қараша күні «Junior Eurovision-2018» балалар ән байқауының гранд-финалы, тікелей эфир Астана уақыты бойынша сағат 21.00-де «Хабар» телеарнасында басталады. Байқаудың ережесі бойынша қатысушыларға дауыс беруге 3 ересек және 2 баладан тұратын қазылар алқасы және көрермендер қатысады. Ортақ шешім бойынша ең көп дауыс жинаған қатысушы жеңімпаз атанады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер