BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Астанада «Eurasian stars» халықаралық фестивалі басталды

«Қазақстан» орталық концерт залында «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі «Солистер шеруі» атауымен 27-концерттік маусымын ашты. Сондай-ақ, 5 қазан мен 14 қазан аралығында өтетін «Eurasian stars» халықаралық фестивалі басталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінде 70-ке жуық кәсіби музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етеді.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет бойынша орынбасары Анна Күзембаеваның айтуынша, оркестр маусымы 1 қазанда ашылды. Бүгін Абонемент #1 мен «Eurasian stars» халықаралық фестивалі аясында екінші концерт өтіп отыр.

«Eurasian stars» фестивалінің бас директоры, оркестр дирижері Михаил Киргхофф осы маусымда оркестрмен бірге өнер көрсететін шетелдік музыканттарды атап өтті.

«Былтыр «Еуразия музыкалық ойындарында» 12 концерт өткіздік. Биыл фестиваль аясында концерт санын азайтып, танымал жұлдыздарды, кәсіби музыканттарды көптеп шақырдық. Фестиваль аясында 6 концерттің 3-еуі «Солистер академиясымның» қатысуымен өтеді. Абонемент арқылы қазан айынан бастап 27 желтоқсанға дейін10 симфониялық концерт тамашалауға болады. Қалған 14 концерт келесі жарты жылдықта өтеді. Бүгінгі концертке еуропалық көрермендерді тамсандырып үлгерген талантты скрипкашы-виртуоз Рэй Чен мен Үлкен театрдың опералық және симфониялық дирижері, «Золотая маска» сыйлығының иегері Павел Клиничев шақырылды. Алдағы уақытта пианист Анна Улаева, дирижер Миша Катц келеді. 20 желтоқсанда Битлстың кеші өтеді», - деді Киргхофф.

Концерттің арнайы қонағы Рэй Чен Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын айтып, ел туралы пікірімен бөлісті.

«Мен алғаш рет Қазақстанға келіп тұрмын. Бұл жерге келгеніме қуаныштымын. Музыкант болсаң әлемді аралайсың, жаңа дәстүрлермен, адамдармен танысасың. Осыған дейін қаншама еолдым. Жаңа мемлекетте болу мен үшін үлкен тәжірибе. Солист болу өте жауапты жұмыс. Әлемді аралап, әртүрлі мәдениетті көрсең де күнделікті дайындықты қажет етеді. Оркестр солисі болу өте керемет. Дирижер – бастық, әкең сияқты, ал солист – оның баласы. Павел үздік дирижерлердің бірі деп айта аламын», - деді Рэй Чен.

Дирижер Павел Клиничев концерттік бағдарламамен таныстырды: А. Шордың «Хрусталь сарай» балетіне увертюрасы, «Теңіз пайзаждары» және «Сұңқардың» ұшуы» атты шығармалары, Дж. Уильямстың «Шиндлердің тізімі» фильміне жазған саундтрегі, француз композиторы Жорж Бизенің «До мажор симфониясы» орындалды.

«Ұжымның кәсіби деңгейі жоғары. Ұжыммен көп жұмыс істедік. Оркестр осы екі күн ішінде күрделі музыкалық бағдарламаларды меңгерді. Оркестрдің пейілі, жинақылығы ұнады. Бірге жұмыс істегісі келеді. Мен дирижерлік интерпретация қоса аламын. Академия солистерімен мұны жасай алдым деп ойлаймын. (...) Рэй жұмсақтау, дирижер мен музыканттың арасы екі бауырдың қатынасы дер едім, диалог болуы тиіс. Дирижер оркестрге көмектесуі қажет. Әкесі баласына көмектескенімен, кейде қатты болады. Ал дирижер жұмсақ болуы керек», - деді Павел Клиничев .

Михаил Киргхофф «Eurasian stars» фестивалі туралы айтып берді.

«Еуразиялық ойындарды» ойлап тауып, директор болдым. Вокал, фортепиано, скрипка бойынша конкурс өткіздік. Былтыр 12 концерт өтті. Биыл «ойындары» сөзін «жұлдыздары» сөзіне ауыстырып, фестиваль болатын болды. Географиясына келер болсақ, әлемнің әртүрлі елінен солист, дирижер, музыканттарды шақырамыз. Германия, АҚШ, Италия, Ресей, Украина, Австралиядан келеді. «Еуразия жұлдыздары» деп аталған себебі Қазақстанның орналасқан жеріне байланысты, яғни Еуразияның жүрегіне әлемдік музыка жұлдыздарын жинаймыз», - деді ол.

Фестиваль аясында Қазақстанға пианистер байқауының жеңімпазы Анна Улаева, бүкіләлемдік атақты эстония-американдық дирижері Кристиан Ярви, «Бней-Брит» алтын менора иегері Миша Кац, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Борис Андрианов, ең беделді халықаралық жарыстардың, оның ішінде Венадағы Герберт Фон Караянаның жеңімпазы армян пианисі Наре Аргаманян, халықаралық байқаулар лауреаттары Меруерт Карменова, Никола Перетто және Василий Степанов шақырылып отыр.

Айта кетсек, «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымы, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Белградтағы (1976), Генуядағы Паганини атындағы (1981), Токиодағы (1983), Хельсинкидегі Сибелиус атындағы (1985), Мәскеудегі Чайковский атындағы (1986) халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге танымал скрипкашы, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған. Оркестр 1993 жылы Үкімет қаулысымен Мемлекеттік камералық оркестр мәртебесіне ие болып, 20 жыл бойы «Солистер академиясы» камералық оркестрі отандық сахналарда да, шетелдік сахналарда да өнер көрсетіп, Қазақстанның музыкалық өнері мен орындаушылық дәстүрін шетелде абыроймен таныстырып, халықаралық мәдени байланыстарды дамытып отыр.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі көрермендерге абонемен алу мүмкіндігін жасады. Бұл абонемент арқылы 2018 жылдың қазан айынан бастап 27 желтоқсанға дейін 10 концерттік бағдарламаны тамашалауға болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер