BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.52 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 399.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.26
Астана:

Астана опера және балет театрынан кеткен Досжан Табылды қандай бизнесті қолға алды

Осыдан бір жыл бұрын Досжан Табылды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан кетіп, жекеменшік жобаларды қолға алатынын айтқан-ды. Осы орайда, артист Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында дәл қазір қандай бизнеспен айналысып жүргенін айтып берді. Сондай-ақ, ол барша адамзатты тұрып жатқан планетаға қамқор болуға шақырды.

«Кез келген шығармашылық процесс – бұл үлкен еңбек. Астана опера және балет театрынан кеткеніме, расымын де, бір жыл өтті. Мен саналы түрде бұл театрдан кеттім. Арадағы көпірді өртеген жоқпын. Біздің әлі күнге дейін бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз жақсы, керек кезде көмектесіп тұрамыз. Мысалы, маған зал керек болған кезде көмек сұраймын. Құдайға шүкір, бізде әдемі ғимараттар бар. Мұның барлығы ұлтымыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін. Мұнда келетін әлемдік деңгейдегі жұлдыздар әрдайым таңғалады», - дейді Досжан Табылды.

Хореография саласында жиырмадан астам жыл тәжірибесі бар артист енді осы тәжірибесін өзгелермен бөлісіп жүргенін айтты. Сондай-ақ, ол өзінің халықаралық деңгейдегі жұлдыздармен қатар жұмыс істегені үшін мақтан тұтатынын жасырмады.

«Бүгінгі таңда мен «Табылды dance» орталығының құрушысы әрі директорымын. Егер Головкин өзінің жаттығу залын ашса, адамдар сол жерде жаттығуды жөн көретін еді. Ал балетпен айналысқысы келетін адамдар Досжан Табылдыны іздейді. Бүгінгі таңда менің 80-нен астам шәкіртім бар. Олардың барлығы – 4 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Орталығым адамдарға ұнайды. Себебі, бұл жерде мен шеберлігімнің құпиясын бөлісемін. Сондай-ақ, олар нәтижені көздерімен көріп, іштей сезінеді. Бұл жерде адамның өзімен жұмыс істеуі үшін мотивация да бар. Табысты әрі танымал бола тұра ақымақ болған артист жоқ. Бұл білімнің барлығы үлкен еңбекпен келді. Менің хореография саласындағы тәжірибем 23 жылдан асады. Әрі осы тәжірибемді халықаралық деңгейде жүріп жинақтағаныма шексіз ризамын. Осы тәжірибемді бір теңізге жинап, шөліркеген адамдармен бөліспекпін», - дейді ол.

Мұнымен қатар, Досжан Табылды мемлекеттік жобаларды қолға алып, адамзат үшін маңызды деген тақырыптарда бейнебаяндар түсіріп жүргенін айтты.

«Мұнымен қатар, жекеменшік жобалармен айналысамын. Мемлекет тарапынан да көптеген жоба келіп түседі. Олардың барлығын шетінен қолға алып жатырмын. Барлығы да қызық. Жуырда Арал теңізі трагедиясы туралы бейнебаян түсірілді. Мен ол жерге командаммен бірге бардым. Бұл экологиялық апат тек Қазақстанға емес, Жер планетасына тиесілі. Мен барлық адамды бір-бірімізді сыйлауға, тұрып жатқан планетамызды күтіп ұстауға шақырғым келді. Алдағы уақытта да көптеген жобаны қолға алатыныма сенімдімін», - дейді артист.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер