BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Астана әкімдігінде артістер марапатталды

Астана, BAQ.KZ. Астана әкімдігінде Қазақстанның өңірлерінде Астана күндерін өткізуге атсалысқан шығармашылық ұжымдары мен артістерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Бақыт Сұлтановтың атынан алғыс хаттарды Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және елордалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов табыстады.

«Мамыр айында елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында елордалық артистер тобы Қазақстанның өңірлеріне аттанды. Барлық жерде көрермендер сіздерді қошеметпен қарсы алса, аймақ басшылары шығармашылықтарыңызға жоғары бағасын беріп жатты. Астананың қалыптасуына елеулі үлес қосып жүргендеріңізге алғыс айтамын, Сіздердің арқаларыңызда Астананың мәдениеті өте жоғары дей аламын», - деді Ермек Аманшаев өз сөзінде.

Елорданың мерейтойына орайластырылған гастрольдік турлар мамыр айынан қыркүйекке дейін созылып, өңірлердің ірі қалаларында және еліміздің 14 өңірінде өткізілді, атап айтқанда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарында, республикалық маңыздағы Алматы және Шымкент қалаларында. Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының ведомствоға қарасты мекемелерінің күшімен жаз бойы аталған қалаларда 40 концерт ұйымдастырылды, оның ішінде Open Air форматындағы 5 ауқымды концерт, 45 театрландырылған қойылым, 16 көркемсурет көрмесі, цирк қойлымдары, спорттық жарыстар және т.б. бар.

«Қазақстанның өңірлерінде Астананың 20 жылдығын мерекелеуге барынша күш салдық. Барлық елордалық шығармашылық ұжымдар, Тамара Асар, Тұрсынбек Қабатов, Клара Төленбаева, Қайрат Баекенов сынды белгілі артистер, тағы басқалары бұл бастамамызды қолдап, уақыттарының тығыздығына қарамастан Қазақстан бойынша турнеге қатысты. Өңірлерде өткізген шараларды 100 мыңнан аса көрермен тамашалаған, оның ішінде облыстардың әкімдері, Алматы әкімі Бауыржан Бәйбек те бар», - деді Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Гастрольдік сапарға Астанадан «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Шалқыма» халық биі, эстрадалық би ансамбльдері, Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті квартет, А.Абылаев жетекшілік еткен «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестр, Камералық хор, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі аспаптар және қазақ оркестрлері, Астаналық цирк ұжымдаты шыққан болатын. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық драма театрының, М.Горький атындағы орыс драма театрының, Қуыршақ театрының, «Жастар» театрының және «Наз» би театрының өкілдері өздерінің үздік қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды. Қазақстандық қылқалам шеберлерінің 100-ден аса еңбегі қойылған «Ақ тілекпен, Астана» атты көрмесі өңірлердің тұрғындарының ерекше ықыласына бөленді.

«Бәріміз де шығармашылық жолымызды Астанадан бастадық, елордамызбен бірге өсіп-өркендедік. Осында артист атандық, мансап қуып, шаңырақ көтердік. Еліміздің бас қаласының 20 жылдығын мерекелеуге қатысу біз үшін зор мақтаныш. Осындай қысқа ғана уақыт ішінде Астана ұлы қалаға айналады деп ешкім де ойламаған, ал қазір біз барлығының да Астанаға келіп, жұмыс істеуге тырысатынын көріп жүрміз», - деді белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер