BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.08 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.46 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

24 маусымнан Астанада балет марафоны басталады

Астанада маусымның 24 мен 30 аралығында балет салтанаты орнайды: әлемнің әйгілі балет труппаларының гастролі, классика жауһары саналатын «Жизель» премьерасы мен әлемдік балеттің һас шеберлерінің концерті өтеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Хореографиялық өнерді пір тұтушылардың жүрегін баурап алған «Eurasian Dance Festival», биыл, Астананың 20 жылдық мерейтойының аясында өтетін мерекелік шаралардың ішіндегі маңыздысы болмақ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ғаламат шара бір апта бойы «Астана Балет» театрының сахнасында өтетін болады.

Биыл фестивальге Қытай Ұлттық балеті, Испанияның әйгілі «Castro Romero» ұжымы, Словения Ұлттық балеті, сонымен қатар, Португалия мен Голландия Ұлттық балетінің, Үлкен театрдың (Ресей), Штутгард балетінің, «Астана Опера», Абай атындағы МАОБТ және «Астана Балет» театрының жетекші солистері қатысады.

«Балет әлемі Астананы Еуразияның мәдени орталығы ретінде таниды. Сол себепті, фестивальге қатысуға қызығушылық танытып отыр. Біз үшін, болашақта «Eurasian Dance Festival» балет әлемі үшін дәстүрлі шаралардың біріне айналып, тәжірибе алмасу алаңы әрі өнер сүйер қауым үшін салтанатты мереке болғаны өте маңызды», - дейді «Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль көрермен қауым мен қатысушыларға әртістердің орындаушылық шеберлігіне тағы бір тәнті болу мүмкіндігін беріп, әлемдік хореография өнерінің даму тенденцияларын көрсетпек.

Фестиваль бағдарламасы мазмұнды: мерекелік шараның шымылдығын алғашқы болып, «Астана Балет» театры «Жизель» балетінің премьерасымен ашпақ. Кейін Словения Ұлттық балеті Милко Шпаремблек Л.В.Бетховен музыкасына қойған «Пастораль симфониясы» қойылымын және хореограф Ханс Ван Манен А.Пъяцолла музыкасына қойған «Бес танго» спектаклін тамашалай аласыз. Абай атындағы МАОБТ Ю.Григорович С.Прокофьев музыкасына қойған «Ромео мен Джульетта» балетін дайындап отыр. Испаниялық фламенко биінің әйгілі шеберлері фестивальдің төртінші күні өнер көрсетеді. Қытай Ұлттық балетінің әртістері «Сары өзеннен өмір дастанына дейін» атты спектакль ұсынбақшы. Фестивальдің жабылу салтанатында көрермен қауым жетекші балет әртістерінің шеберліктерін тамашалайтын болады.

Фестивальдің қоюшы-режиссері Ресейдің әйгілі балетмейстері Әлишер Хасанов фестивальдің ашылу салтанатына кешікпей келуді тапсырды. Себебі, фестивальдің ашылу рәсімінен бұрын би музасы Терпсихораны әспеттейтін шағын қойылым көрсетілмек.

«Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри «Жизель» спектаклі осы күнге дейін көрермен көңілін баурап алар құдіретінен айырылған жоқ.

«Мінсіз драматургия, бейнелер, музыка, эстетика мен стиль – осы спектакльдің сәтті шығуының басты себебі осы. Театрымызда шақырылған хореограф ретінде қызмет атқаратын Рикардо Амаранте қойған балет экспрессияға, нәзіктік пен табиғилыққа бай. Осы күні мизансценаны ойластырып отырмыз. Сценография мен костюмдер театрымыздың цехтарында, шақырылған суретші Рене Салазардың қадағалауымен дайындалып жатыр. Балет ұжымымыз үшін «Жизель» қойылымы бидің классикалық канондарын үйренуде мол тәжірибе болмақ», - дейді ол.

Әйгілі балет шеберлерінің гала-концертінің бағдарламасы заманауи хореографтардың нөмірлерінен, ХХ ғасырдағы әйгілі балеттердің үзінділерінен, сонымен қатар, әлдеқашан классикалық хореографияның жауһарына айналған қойылымдардан дуэттер мен соло орындалады.

Фестивальдің атқарушы директоры Жәнібек Қайырдың айтуынша, фестивальдің ашылу салтанатына әлемнің үздік театрларында қызмет істейтін балеттің әйгілі жұлдыздары шақырылған. Балет өнерін сүйер қауым «Астана Балет» театрының сахнасында тұңғыш рет, әлемнің үздік театрларының әйгілі әртістерін көре алады: Иван Васильев – Михайлов және Үлкен театрдың премьері, American Ballet Theater шақырылған жұлдызы, оның серіктесі ретінде Үлкен театрдың (Ресей) прима балеринасы Анастасия Сташкевич өнер көрсетеді. Лиссабоннан арнайы шақырылған қонақтар Кастро мен Карлос Пинильос – Португалия Ұлттық балетінің премьерлері, Штутгарт Ұлттық балетінің этуальдері Фридеман Фогель мен еліміздің тумасы, Алматы хореография училищесінің түлегі Мария Эйхвальд «Манон» мен «Мона Лиза» балеттерінен де көрсетеді.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың хабарлауынша, фестивальдің ашылуына әлі екі апта барына қарамастан, кейбір қойылымдарға аншлаг болғалы тұр.

Астанадағы Еуразиялық балет фестивалі әлемдік балет жұлдыздарымен қатар, жас дарындар үшін де дәстүрлі әрі қызықты дүниеге айналғанын айтпақшымыз. Дүниежүзінің түрлі стильде жұмыс істейтін заманауи балетмейстерлерінің ізденістері, заманауи бағыттар тағы да біздің елімізде кездесіп, хореография өнерін жаңа қырынан танытпақшы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер