USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Жарысқа бара жатқан мектеп оқушылары жол апатына ұшырады

Еліміздің солтүстігінде жарысқа бара жатқан мектеп оқушылары мен денешынықтыру пәнінің мұғалімі жол апатына ұшырады.

Апаттан оқушылардың ұстазы оқиға орнында бірден көз жұмды. Ал төрт оқушының екеуі алған жарақаттардан ауыр халде ауруханаға түскен.

Жол апаты Заречный және Явленка ауылдары арасындағы тас жолда болған. Бұл аудан орталығынан 1-2 шақырымда. Оқиға орнында көліктердің бір-бірімен соқтығысқаны байқалады.Өйткені екі көліктің бөлшектері айналаға шашылып жатыр.

Бірінші көліктегі төрт оқушы мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қазақ күресінен облыстық жарысқа бара жатады. Қатты көктайғақтан көлік қарсы бағытқа шығып кеткен. Көлік рөлінде болған жаттықтырушы Руслан Өркешов сол жерде қайтыс болады. Ал төрт оқушының екеуі ауыр жарақат алады

«Екеуі өте көп жарақат алған. Жамбас сүйектері сыныпты. Оған қоса қатты шошынып қалған», - дейді Есіл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Александр Барабаш.

Жол апатынан қатты зардап шеккен екі оқушыны аман алып қалу үшін ақ халаттылар үш сағатқа дейін ота жасаған. Ал ауруханаға жеткізілгенде ес-түссіз болған екеуі енді өз-өзіне келіп жатыр дейді дәрігерлер. Көлікте болған 15 пен 17 жас аралығындағы үш жасөспірім Ленин орта мектебінің оқушысы, біреуі облыстық спорт интернаттың тәрбиеленушісі екені белгілі болды. Қайтыс болған Руслан Өркешов те Ленин орта мектебінде ұстаздық еткен.

«Мұғалім өз көлігімен неге жолға шыққанын өзіміз де білмейміз. Бұйрық бойынша аудандық спортшылар бірігіп, бір автобуспен шығу керек еді. Мүмкін барлығы жеңіл көлікке сиятын болғандықтан мұғалім өзі жеке апару туралы шешім қабылдаған болар», - дейді Ленин орта мектебінің директоры Аслан Тілеубергенов.

Мектепке тиесілі шағын автобус болған. Бірақ неге екені белгісіз жаттықтырушы оқушыларын алып жарысқа өзінің жеке көлігімен шыққан. Ал бұйрық бойынша арнайы көлік те, ерітіп жүретін арнайы органдар да болуы тиіс еді, - дейді мамандар.

«Олар о баста «Газель» көлігімен және жол-патурльдік полиция қызметкерлерімен бірге жолға шығуы керек еді. Олай болмағанын апат болған соң ғана біліп отырмыз», - деп түсіндірді СҚО білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Летучая.

Қазақ күресінен өтуі тиіс болған жарысқа денешынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болған. Яғни, ұйымдастыру іс шараларына да олар жауапты екен. Дегенмен қазір арнайы комиссия қай мекеменің кінәлі екенін анықтап жатыр.

31.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Алаш
Мектеп директоры мен білім беру басқармасы басшысының түк білмейміз деуі ешқандай қисынға келмейді. Олар өздерінің жеке бастарын жауапкершіліктен арашалап отыр. Мұндай жағдайлар барлық мектептерде орын алатыны жасырын емес. Бұған қоса мұндай шаралар басшылықтың тыныш қана бас шұлғуымен жүзеге асырылады. Сондықтан , марқұм болған мұғалімді кінәлау тіптен ұят.

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады