Теміртаудағы атыстан зардап шеккен 5 тұрғынның біреуі жансақтау бөлімінде жатыр - Оқиға|16 Мамыр 2018, 08:57
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Теміртаудағы атыстан зардап шеккен 5 тұрғынның біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандының Теміртау қаласында атыс салдарынан жапа шеккен 5 адамның біреуі қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы бір зардап шегуші палатаға ауыстырылған, қалған үш адам ауруханадан үйлеріне жіберілген, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Теміртауда 10 мамыр күні атыс болып, 5 адамға оқ тиіп, ауруханаға жеткізілген болатын. Аталған оқиғадан кейін полиция қызметкерлері қасақана адам өлтірмек болды деген күдікпен Теміртау қаласының 20 жасар тұрғынын ұстады.

«10 мамырда Теміртау қаласындағы үйлердің бірінен 18 бен 25 жас аралығындағы 5 азамат атыс жарақатымен емханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта емделушілердің біреуі Теміртау қаласының орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денсаулығы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тағы бір емделуші палатаға ауыстырылды, оның денсаулық жағдайы қазіргі уақытта қалыпты», - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Атыс салдарынан денсаулығына зақым келіп, ауруханаға жеткізілген бес адамның үшеуі қазіргі уақытта үйлеріне жіберілген. Айжан Исаның айтуынша, олар амбулаториялық ем қабылдап жүр.

Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, бес бірдей адамға оқ атып, жарақаттаған 20 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынған.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 24-99 бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Теміртау қаласының 20 жасар тұрғыны құрықталып, ол жәбірленушілерге арадағы келіспеушілік салдарынан оқ атқанын мойындады», - дейді Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер