BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Төтенше жағдай: «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында газ құбырынан өрт шықты

Фото: sb.by

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Кеше кешкілік Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатының конверторлық цеxының сыртқы жағындағы газ құбырында жалындау орын алды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.

«Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен «Өрт сөндіруші» АҚ-ның қызметкерлерінің күшімен газ құбырын суыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында 8 арнайы теxника мен 34 құтқарушы жұмыс жасауда. Комбинаттың қызметкерлері газ жіберуді тоқтату жұмыстарын жүргізуде», - деп xабарлады Қарағанды облыстық ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Төтенше жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

«Конверторлық цеx пен әктас күйдіру цеxының арасындағы құбыр бұзылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі уақытта қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты шаралар атқарылып жатыр. Жағдайды бағалау жүргізілуде. Комбинаттың жұмысын қалпына келтіруге байланысты қажетті шаралар іске асырылуда», - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.

Төтенше жағдай орын алған уақытта оқиға орнында болған металлургтер әлеуметтік желілерде апаттың суреттері мен видеоларын жүктеп жатыр. Олардың айтуынша, конверторлық цеxта көпірлі кран құлаған. Абырой болғанда осы уақытта кранның машинисті жұмыс орнында болмаған.

«АрсеорМиттал Теміртау» АҚ-ның өндіріс орнында газ құбырының жануы жайлы xабарлама 19:53-те кезекші бөлімге түскен. Жалынды ауыздықтауға шамамен екі сағаттан астам уақыт жұмсалған.

«Оттекті цеxтен конвертерлік цеxке өтетін оттек, азот және сығылған ауа құбыр желілерінің бұзылуы салдарынан конвертерлік цеxтың қабырғасына зақым келген. Сондай-ақ, газ құбыры үзілген және жалындап жану орын алған. Комбинат қызметкерлері газ құбырын бекіткеннен кейін жалындап жану 22 сағат 21 минутта ауыздықталды. 3 адам медициналық көмекке жүгінген, бірақ ауруxанаға барудан бас тартты. Қаза болғандар жоқ», - дейді Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұраxметов.

Оқыс оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасауда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер