BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Таразда әріптестерін пышақтаған Үмбетәлиевтің ісі бойынша тың деректер шықты

Таразда әріптестерін пышақтаған Мұрат Үмбетәлиевтің атышулы ісі жаңа қырынан өрбіп жатыр. Бұған дейін жәбірленуші ретінде танылған өңірдегі криминалдық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Ерлан Бектұрғанов пен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марсел Жетпісбаевқа да қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

КТК арнасының мәлметіне қарағанда, оның жауапқа тартылуына әлеуметтік желіде тараған бейнероликтер себеп болған. Яғни жарияланған видеода тек Үмбетәлиев қана емес, Бектұрғанов пен Жетпісбаевтың да қарап тұрмағандары анық көрінеді. Тіпті қазіргі айыпталушыны үй жағына іздеп барып, оған шаубылды бірінші бастаған да соңғы екеуі екені байқалады. Қылмыстық істе бұлардың іс-әрекеттері ескерілмей, тек Мұрат Үмбетәлиев қана жауапқа тартылып жатқан. Ал енді Бектұрғанов пен Жетпісбаевтың да үстінен «бұзақылық жасау және қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Тамыз айында әріптестерінің думанды кешінен шыққан ішкі істер департаментінің екі басқарма бастықтары мен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы көшеде жаға жыртысқан. Соның салдарынан Мұрат Үмбетәлиев екеуін пышақтап тастаған еді. Енді сол қылмысы үшін Үмбетәлиев заң алдында жауап беріп жатыр.

"Ведомстваралық тергеу тобының нұсқауымен Бектұрғанов пен Жетпісбаевтың ісі негізгі істен бөлек облыстық ІІД тергеу басқармасына жіберілді. Соның қорытындысы бойынша осы екі азаматқа қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бұл іс прокуратураның жіті бақылауында болады", дейді Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Бақыт Досқұлов

Атышулы оқиға Тараз қаласындағы «Арай-Плаза» ресторанының жанында болды. Үмбетәлиев Мұрат соның алдындағы отырыста бірге болған әріптесі Бектұрғанов пен бұрынғы әріптесі Жетпісбаевпен төбелескен. Төбелес кезінде екеуіне де пышақ жарақатын салып, өзі қашып кетті.

Кейіннен Мұрат Үмбетәлиевтің полицияда лауазымды қызметтер істеп жүрген кезіне қатысты түрлі фактілер жариялана бастады. 2016 жылы желтоқсанда Бас прокуратураның алдында ұлымды жазықсыз түрмеге қамады деп өзін өртеп жіберген Майра Рысманова дәл осы Үмбетәлиевке наразылық жасаған болып шықты.

Осыдан бірнеше күн бұрын марқұм Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова Фейсбук желісі арқылы үндеу жасап, Мұрат Жетпісбаевты ұстап, жасаған істеріне лайық жазалауды сұрады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер