BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Тағы бiр ана өлiмi: Перзентхана жұмысы уақытша тоқтатылды

Соңғы екi аптада қатарынан үш әйел қайтыс болған елордалық №1 перинаталдық орталық перзентханасының жұмысы 10 күнге тоқтатылды. Бұл тергеп-тексеру жұмыстарын жасау үшін қажет. Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Өкiнiшке орай, соңғы екi аптада №1 перинаталдық орталығында үш жас ана қайтыс болды. Орталық жыл сайын 12 мыңға жуық әйелдi босандырады. Соңғы екi жылда аталған орталықта бiрде бiр ана өлiмi тiркелмеген. Қазiргi таңда әр әйелдiң өлiмi бойынша тәуелсiз комиссия құрылды. Ол жұмыс iстеп жатыр. Сондықтан, өлiм себептерi туралы айту әлi ерте. Ақпаратты комиссия жұмысының қорытындысы бойынша беремiз», - дедi Надыров Астана әкiмдiгiнде өткен брифингтен кейін берген сұхбатында.

Оның айтуынша, үшiншi әйел 2 шiлде күнi сағат 18.25-те қайтыс болған. Ал Астана қаласы №1 перинаталдық орталығы бас дәрiгерiнiң орынбасары Ербол Әубәкiровтың айтуынша, әйелден жүктiлiк кезiнде қан кеткен. Алғашқы сағаттарда оған арнайы медициналық көмек көрсетiлген. 26 жастағы әйел кесарь тiлiгiмен босандырылған. Сәбиi аман. Ол 1800 грамм салмақпен мерзiмiнде туған.

Нәресте салмақ жинағаннан кейiн ауруханадан шығарылады. Ол жатыр iшiнде баяу дамыған. Медициналық құжат бойынша, жүктi әйелдiң денсаулығы нашар болып шыққан. Онда анемия болған. Сондай-ақ, жиi шылым шегетiн белгiлi болыпты. Осының барлығы әсер еткен екен. Бұл әйелдiң алғаш жүктiлiгi болған. Камалжан Надыровтың айтуынша, қазiргi таңда перинаталдық орталық штаттық режимде жұмыс жасап жатыр.

«Дегенмен, орталық перзентханасына қабылдау уақытша тоқтатылды. Яғни, аталған орталық босандыруды уақытша тоқтатады. Бұл толық, объективтi тергеу жасау үшiн қажет. Сондықтан, қалада жүктi әйелдердi босандыратын басқа 3 мекеме бар екенiн айтқым келедi. №1 перинаталдық орталыққа тiркелген жүктi әйелдер басқа мекемелерге бағытталды. Бүгiннен бастап шамамен 10 күнге дейiн перзентхананың жұмысы тоқтатылады», - дедi Надыров.

Сондай-ақ, мамандар аталған орталықта ешқандай инфекция жоқ деп сендiрдi. Дегенмен, қазiр тергеп-тексеру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Соның нәтижесiнде анық-қанығы белгiлi болмақ.

Атап өтсек, мамандардың айтуынша, мұның алдында аналары қайтыс болған екі сәби әлi ауыр халде жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер