BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

ШҚО-да параны доллармен алып отырған лауазымды қызметкерлер ұсталды

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында Қытайдан Қазақстанға кедергісіз тауар өткізгені үшін кәсіпкерден 40 мың доллар пара алған мемлекеттік қызметкер ұсталды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте аталған агенттіктің ресми өкілі Нұрлан Жаxин мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі лауазымды тұлғаларының қылмыстық іс-әрекеттерінің жолын кескен.

«Тергеу барысында саудамен айналысатын жеке кәсіпкерден 2016-2018 жылдар аралығында ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық қылмыстарды тергеу қызметін аса маңызды істері бойынша аға офицері және Майқапшағай кеден бекетінің бас маманы Қытайдан Қазақстанға кедергісіз тауар өткізгені үшін және оған қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 40 мың АҚШ долларын құрайтын параны жүйелі түрде алып отырғаны анықталды», - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ Нұрлан Жахин күдіктілердің офистерін, тұрғылықты жерлерін және жеке көліктерін тінту барысында 13 млн теңгеден астам соманы құрайтын шетел валютасы тәркіленгенін атап өтті.

«Күдіктілердің үшеуі қазіргі уақытта қамауда, бұл факті бойынша тергеу жүргізілуде», - деді ол.

Кейін ресми өкіл кеше осы саладағы тағы бір маманның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің офицерінің қылмысы әшкереленді. Күдікті 30 мың АҚШ долларын пара ретінде алуға оқталған. Бұл іс бойынша тергеу мүддесіне байланысты ақпарат жария етілмейді», - деп түйіндеді сөзін Нұрлан Жахин.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер