BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Шымкентте пышақталған полицей оқиғаның мән-жайын айтып берді

Фото: Автор

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте автокөлік торуылдаған екеудің құжатын тексеру барысында пышақталған полицей мен әріптесі оқиғаның қалай өрбігінен айтып берді. Әдепкі құжат тексеруден басталып, соңы полицейдің пышақ жарақатын алуымен аяқталған оқиға 17 қазан күні түскі уақытта болған.

Сол күні учаскелік полицей Нұрқанат Керімбеков пен оның көмекшісі Нұржан Омаров қала орталығындағы «Шымкент» сауда үйінің алдында орналасқан автотұрақтан іс-қимылы күдікті екі адамды байқайды. Екі полицей де сол сәтте ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатыр екен. Жолай автокөлік торуылдаған екеуді көргеннен кейін, оларға жақындап, құжаттарын сұрайды.

«Екі жігіт сондағы автокөліктердің есігін тартқылап жүр екен. Күдік туғызды. Бардық. Өзіміздің қызмет куәлігімізді көрсеттік. Сосын олардың жеке бас құжатын сұрадық. «Құжатымыз жоқ» деді. Біреуі сыпайы жауап берді, екіншісі агрессивті түрде дөрекі жауап қайтарды. «Құжатыңыз жоқ болса, бөлімшеге барайық» деп едім, бұрылды дағыны тұра қашты. Соңынан мен қудым. Ол Қонаев даңғылын кесіп өтті. «Береке» сауда үйінің алдына келгенінде қуып жетіп, желке тұсынан ұстап едім, кері бұрылып, менімен алысқандай болды. О кезде пышағын көрмедім. Аздан кейін қолым күші кетіп, әлсіреп қалды. Қарасам, қолымнан қан ағып жатыр екен. Сол сәтте оны бір теуіп едім, құлады. Қолынан пышақ түсті. Бірақ, қайта тұрып, қайта қашты. Дәл гүлзардың алдында ұстап, қолын қайырып, үстіне жатып алдым. Көмекке басқа әріптес жігіттерді шақырдым. Сол маңдағы айнала өтіп жатқан адамдарға рахмет. Жығып жатқызғанымда, пышағын алуға көмектесті», - дейді Нұржан Омаров.

Осылайша тұра қашқан жігітті соңынан қуып жүріп, ұстаған полиция аға лейтенанты Нұржан Омаров өзінің бір емес бірнеше жерінне пышақталғанын кейін барып біліпті.

«Пышақталғанымды кейін, оны жығып, үстінен басып отырғанымда білдім. Алысқан кезімде пышақпен ұрып жатқанын білмедім. «Қолмен ұрып жатыр» деп ойладым. Кейін жылымшы бірдеңе денеме тиіп, қан аққаннан байқадым. Қабырғам, қолым, қолтығыма, құлақ тұсыма пышақ тиген екен. Қазір пышақ кірген, тиген жері ауырып жатыр», - дейді ол.

Полицейлермен бірге бөлімшеге барудан бас тартып, автокөлік торуылдаған екі жігіттің ендібіреуін полиция капитаны Нұрқанат Керімбеков ұстады. Ол да екі жігіттің автокөліктердің әрқайсының тұтқасын ұстап, тартып, есігін ашып көрмек болып жүргені күдік тудырғанын айтады.

«Мен екіншісін ұстап, онымен алысып қалдым. Күш қолданып, қашпақшы болып, қарсылық білдірді. Оның ұстасқан сәтінде қолында қару болмады. Қалтасында не барын білмедім. Минутқа жетпейтін уақыт ішінде күрес әдістерін қолданып, қолын байлап тастадым. Сол аралықта Нұржан маған звондап, «мені пышақтады» деді. Ұстаған жігітті көлікке салып, көлікпен Нұржанға бардым. Мен барсам, Нұржанның үстінен қан ағып, әлсіреп, сонда да жаңағы қашқан жігітті жібермей ұстап отыр екен. Мен барғаннан кейін жергілікті полиция қызметінің тобы келді. Медициналық жедел жәрдем көлігі жеткенше, көлігімнен әдір қобдишасын алып, қанды тоқтату мақсатында алғашқы медициналық жәрдем көрсеттік. «Скорый» тез келді,- дейді Нұрқанат Керімбеков.

Денесінің бірнеше тұсына пышақ кіріп, әлсіреген Нұржан Омаровты оқиға орнына бір аялдама арыда орналасқан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізеді.

«1979 жылы туған науқас Нұржан Омаров 17 қазан күні сағат 15:00-де жедел түрде іш қуысының тесілген, кесілген жарақатымен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына келіп түсті. Біршама қан жоғалтқан. Геморрагиялық шок жағдайында болды. Ауруды бірден ота бөліміне алып, жедел түрде хирургиялық ота жасалды. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты ауыр. Өміріне қауіп жоқ. Қарқынды ем алып жатыр. Іш қуысына өткір әрі үшкір зат кірген тесік жарақаты және бетінің, кеуде қабырғасының тұсының кесілген жарақаттары болды. Жарақаттарына хирургиялық өңдеу жасалынды. Тиісті ем нәтижесінде оның бәрі қалпына келтірілді», - дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының жоғары санатты дәрігері Мақсұт Аймағамбетов.

Бүгінде аталған ауруханада ем қабылдап жатқан Нұржан Омаровтың жағдайын білуге қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы, аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің басшылығы, бірге қызмет ететін серіктері келіп жатыр. Шымкент қаласы ІІД Әл-Фараби полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ерғали Кенжебаевтың айтуынша, Әл-Фараби ауданы – Шымкенттің халық ең көп келетін, жиі шоғырланған ауданына жатады.

«Әл Фараби ауданы ешқашан назардан тыс қалған емес. Өйткені, халықтың ең көп шоғырланған орталығы. Мұнда жастар да басқалар да көп келеді. Қызметкерлер әрдайым қырағы болуы тиіс. Бұған қызметкерлеріміз Нұржан Омаров пен Нұрқанат Керімбековтың құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жасаған ісі дәлел. Біздің қызметте мұндай қылмыстың алдын алу әрекеттері жиі болып тұрады. Ұрлық-қарлық жасайтын азаматтар мен азаматшалардың күдік тудыратын іс-қимыл, әрекеттері байқалады. Басшылық құрамдар кешегі күннен бастап осы қызметкерлерімізге алғыс білдіріп жатыр. Қараусыз қалмайды. Министрлікке марапатқа ұсынғалы жатырмыз», - дейді Ерғали Кенжебаев.

Оның сөзінше, полицейді пышақтаған жігіт 1992 жылы туған. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының тұрғыны.

«Бұған дейін ұялы телефон және тағы басқа ұсақ-түйек заттар ұрлап, құрықталып, сот үкімімен қамалған. Бірақ рақымшылыққа ілініп, таяуда бостандыққа шыққан. Жанындағы жігіт осы Шымкент қаласының тұрғыны. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң, басқа сауалдардың жауабы мәлім болады», - дейді Ерғали Кенжебаев.

Шымкент қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

«Оларға қатысты ҚР ҚК-ның «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» 380-1 бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр» делінген ІІД таратқан хабарламада.

Шымкенттің қақ орталығында, қала қатынасының күретамыры саналатын Тәуке хан даңғылы - Д. Қонаев даңғылының қиылысында тал түсте болған оқиға өткен 19 шілдеде Алматыдағы Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысындағы оқиғаны еске түсірді. Сол күні Алматының орталығында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионының күміс жүлдегері, халықтың сүйіктісі Денис Тен автокөлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің қолынан қаза тапқан еді. Дәлірегі, автоұрылар Денис Тенге пышақ ұрып, Денис алған жарақатының салдарынан ауруханада қайтыс болды. Шымкенттегі оқиға да Алматыдағы жағдаймен ұқсас өрбіп, қоғамдық тәртіптің сақшысы – полицейлердің пышақталуымен аяқталды.

«Бар оқиға қаланың орталығында болып жатты. Нұржан екеуміз он жылдан астам уақыт бірге қызмет етіп келеміз. Мұндай жағдайлар көшеде жиі болады. Күнделікті қылмыс болғандықтан алдын алу шараларын жүргізіп, күдік туғызатын адамдар ұсталып тұрады», - дейді полиция капитаны Нұрқанат Керімбеков.

Ал қашқанның соңынан қуып жетіп, пышақталса да берілмеген полиция аға лейтенаты Нұржан Омаров қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Ол полициядағы қызметін 2008 жылы қатардағы қызметкер болудан бастаған.

Басшылығының сөзінше, содан бері өзінің кәсібіне адалдығы мен еңбекқорлығы арқасында полиция аға лейтенанты шеніне дейін өсіпті.

Жасы 39-да, отбасылы, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

«Қашқан жігітті қуып жетіп, онымен алысып, қолыңыздан аққан қанды көргенде қорықпадыңыз ба» деп сұрағанымда «Қорқыныш, үрей болмады. Жұмыс бабындамыз ғой. Осы қызметке кірерде ант бердік» деп қана жауап қайтарды.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер