BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Павлодарда кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлау жиілеп кеткен

Фото: Автор

Павлодар қаласында кәріз люктерінің қақпақтарын жымқырған азаматтарға қатысты 12 іс қозғалған. Бүгінгі күні екі ұрлықтың беті ашылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ішкі істер органдарының мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 12 ұрлық дерегі тіркелген. Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Арман Қаптаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Өкінішке қарай, 10 қылмыстың екеуінің ғана беті ашылды. Ұрылар көбінесе бейнебақылау камералары жоқ аулаларды кезіп жүреді. Кейін іздерін суытады. Бүгінгі күні шойын қақпақтарды іздестіру бойынша жұмыстар күшейтілген. Біздің мамандар түсті металл қабылдау орындарын тексерді. Қазіргі таңда облыс орталығында 36 нысан бар. Тексеріс нәтижесінде алтауы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталды. Бизнесмендерге айыппұл салынып, қызметтерін тоқтаттық», - дейді Арман Қаптаева.

Жуырда бір түннің ішінде 5 люк қақпағы қолды болды. Бұл тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды, себебі 2,5-3 метрлік құдыққа балалар құлап кетуі әбден мүмкін.

Мәселен, демалыс күндері Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақта ашық тұрған кәріз құдығына 5 жасар бала құлап кетті. Оған қоса, канализациялық камераның ішінде су болып, бүлдіршін тұншығып қала жаздады. Абырой болғанда, оқиға орнына құтқарушылар жетіп, балаға медициналық көмек көрсетілді.

Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында 8 мыңнан астам люк камерасы бар.

«Қақпақтардың барлығы қалалық коммуналдық меншікке тиесілі, сондықтан олардың ұрлығын тию керек. Егер ұрлық фактілері анықталса, тұрғындар көп күттірмей шағымданғандары абзал. біз өз кезегімізде, полиция органдарына хабарласып, тиісті шараларды қолға аламыз», - дейді бөлімнің бас маманы Есболат Аитов.

Айта кетейік, ұсақ ұрлық жасаған заматтарға қатысты 100 АЕК көлемінде айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сала мамандарының айтуынша, темір-терсек ретіндегі қақпақтарды көбінесе тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар жымқырады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер