BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Павлодар облысында Ұлттық бюро мамандары 50 жалған зейнеткерді әшкереледі

Фото: nn-now.ru

Павлодар облысында аса ірі көлемінде мемлекет бюджетін жымқырған бір топ мемлекеттік қызметші бойынша қылмыстық іс тергеліп аяқталды. Ұлттық бюро мамандары жалған анықтамалар арқылы зейнетақы тағайындалған 50 жалған тұлғаны әшкереледі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Айнұр Сәдуақасова хабарлады.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорация» коммерциялық емес АҚ облыстық департаменті басшысының орынбасары Лукашева, Павлодар облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бөлім басшысы Смағұлова және өзге азаматтар бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.

Мамандардың хабарлауынша, жұмыскерлер 2005 жылдан бері лауазымдық қызметтерін пайдалана отырып, облыс тұрғындарына зейнетақы төлемдерін заңсыз ресімдеп келген. Бұл қызметтері үшін 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін сыйақы алған.

«Тұлғалар тобы азаматтарды іздеп, оларға әлеуметтік төлемдерді ресімдеген. Бүгінде 50 жалған зейнеткер анықталып, мемлекетке шамамен 120 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Зейнетақы жалған құжаттар негізінде, яғни мұрағаттық анықтамалар бойынша тағайындалған», - дейді мамандар.

Смағұлова 15 мамырдан бастап үйқамақта болса, Лукашева қамауға алынды.

Қазіргі таңда қылмыстық іс материалдары прокуратураға жолданды, кейін сот органдарына жіберіледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер