BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Павлодар облысында қайықпен серуендеген 15 жасар қыз қолынан айырылды

Фото: enigma-project.ru

Павлодар облысында Ертіс өзенінде қайықпен серуендеген 15 жасар қыз қолынан айырылып қалды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Оқыс жағдай облысқа қарасты Қашыр ауданының Тереңкөл ауылында болды. Куәгерлердің айтуынша, жеткіншек өзенде қайықпен серуендеген кезде қолына жіп байлап алған. Су көлігі бұрылыс жасағанда жасөспірім өзен бойымен сүйретіліп кеткен. Салдарынан қыз бала қолдың буынынан төменгі қарай бөлігі үзіліп кеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Тереңкөл ауылының тұрғыны облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

«Қыз бала кешкі 21.00-де Қашыр аудандық орталық ауруханасынан облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оған «сол білек буынының экзартикуляциясы» деген диагноз қойылды. Ем-дом шаралары мен медициналық тексеру қызметін толық көлемде алып жатыр», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Еске сала кетсек, бұл соңғы күндері балаларға байланысты орын алған алғашқы қайғылы оқиға емес. Демалыс күндері Баянауыл ауданында 9 жастағы ұл бала таудан құлап, ашық бас-ми жарақатын алған болатын. Бүгінде жеткіншек есін жиып, жағдайы тұрақталды.

«Балаға ашық бас-ми жарақаты деген диагноз қойылды. Балалар ауруханасына бас сүйегінің жарақатымен ессіз күйде жеткізілді. Бірнеше күннің ішінде жағдайы тұрақталды. Қазіргі уақытта консервативті ем-дом шаралары жүзеге асырылуда», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ирина Орсагош.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер