BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Павлодар облысында балабақша тәрбиешісі үш жасар баланы ұрған

Фото: видеодан скрин

Павлодар облысы Ақсу қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиешісі үш жасар баланы ұрған. Педагог осылайша сол топта тәрбиеленетін баласын ренжіткен ұлдардан қорғамақшы болған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

23 жастағы ақсулық топтағы балалардың бірі ұлын тістеп алғанына шыдамай, қол көтергенін айтқан. Баланы ұру сәті ғимаратта орналасқан бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Педагогтің кереғар мінезіне ата-аналар шағымданған. Арнайы тексеріс кезінде ата-аналар қауымы мекемедегі бейнебақылау камераларға түсірілген материалдар қарады. Нәтижесінде тәрбиешінің ұл баланы соққыға жығып, тіпті, тепкілегені көрінген. Бейнежазбаларды қарап шығуға зардап шеккен Әли Мұқышевтың анасы Татьяна Мұқышева мұрындық болды.

«Ақбота Тілекбердиева Әлидің тәртібінің нашарлығын алға тартты. Бірақ, қол көтергенін жасырып қалды. Камераға жазылған жазбаларда педагог баламды алты рет ұрып жіберіп, тепкені анық көрініп тұр», - дейді Татьяна Мұқышева.

Ақсу қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Зайра Әбдірахманованың айтуынша, жүйкесі тозған балабақша қызметкері негізгі қызметінен шеттетілді.

«Ақбота Тілекбердиева балабақша директорының бұйрығымен мекеменің кір жуу бөліміне ауыстырылды. Тәрбиешіні жұмыстан шығара алмаймыз, себебі оның аяғы ауыр. Қазіргі уақытта декреттік демалысқа дайындық үстінде», - дейді Зайра Әбдірахманова.

Тәрбиешінің өзі баланы ұрып-соққанын жүктілігіне байланысты эмоцияларына еркіндік беріп, өзін өзі ұстай алмай қалғанын жеткізді.

Қазіргі таңда зардап шеккен баланы анасы ішкі істер органдарына шағымданды. Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Айта кетейік, осы тектес оқиға үстіміздегі жылдың сәуір айында Павлодар қаласында тіркелді. 35 жастағы тәрбиеше үш жасар қыз баланы ұрып, кейін жұмыстан қуылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер