USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Өз інісінің баласын зорлап өлтірген азғынға сот үкімі шықты

Жамбыл облысында асқан қатігездікпен дүйім елдің жағасын ұстатқан қылмыстық іске соңғы нүкте қойылды. Туған інісінің 7 жастағы өгей баласын зорлап өлтірген азғынға сот 22 жыл үкім кесті, деп хабарлайды КТК.

Алайда қос тарапты да бұл шешім қанағаттандырмай отыр. Жәбірленуші жақ Серік Байтақовқа өлім жазасын беру керек десе, сотты болған жігіттің жақындары оның кінәсі дәлелденбегенін айтуда.

Қанды қылмысқа әу баста басты күдікті ретінде Серік Байтақов ілінген. Кейін кінәсі дәлелін таппай, үйіне де жіберілген болатын. Тек 4 ай өткенде қолына қайта кісен саланып, қамауға алынды. Сөйтіп іс сотқа жетіп, процесс екі ай бойы жабық есік жағдайында өтті.

«Мен әрбір бап бойынша айтып бердім түсіндіріп, енді қорытындысы бойынша, 58-ші баптың төртінші бөлігі бойынша, 22 жыл бас бостандығынан айырылды», - деп кесті іске төрағалық еткен судья Айгүл Мәлікова.

38 жастағы азаматтың психикалық ауытқуы бар деген соң қаза болған оқушының жақындары оны жазадан құтылып кете ме деп алаңдаған. Бес жыл бұрын психдиспансерге жатып шыққан ол бүгінде ауруынан құлан таза айығыпты. Енді азғын 22 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізеді. Бірақ Серік өзіне тағылған айыпты сол күйі мойындаған жоқ.

-Мені неге кінәлі қыласыздар?

- Сот сізді кінәлі деп таныды.

-Неге?

Зәуре Байтақова ұлына кескен үкіммен келіспейді. Айтуынша, 7 жасар Ерасыл Қабыланбектің зорланғаны расталғанымен, бұл айуандықты оның баласы жасағанын сараптама дәлелдей алмаған. Сондықтан бұл әділетсіз шешім дегендер апелляциялық шағым түсірмек.

«Титтей де жазығы жоқ.22 жыл түгіл, екі ай отыратын жазығы жоқ. Сараптаманың бәрі баламның жазықсыз екенін дәлелдеп отыр. Ол өлтірмек, аспақ түгілі, қолын да тигізбеген», - дейді айыпталушының анасы Зәуре Байтақова.

Сұмдық оқиға биыл 24-ші қаңтарда Каменка ауылында болған. Зорланған 7 жастағы баланың өлі денесі талға асылған күйде табылды. Сол кезден-ақ күдікке ілінген Ерасылдың өгей әкесінің туған ағасы ақыры сотталып тынды. Бірақ қайғыдан қан жұтқан отбасы оған кесілген жаза тым жеңіл деп есептейді.

«Оңбаған 22 жыл дегенге біз қанағаттанбаймыз бәрібір. Дарға асу керек еді ондай айуандарды. Менің кішкентай баламның өмірін алды ғой айуан», - деп налыды қайғыдан құса болған Ерасылдың әжесі Манзура Егембердиева.

Ерасылдың өгей әкесі Берік Байтақов та сотталған. Ол ұлына жәбір көрсетті деген айыппен мұның алдында 6 жылға абақтыға жіберілген болатын.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады