USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Өскемен тұрғыны анасын үскірік аязда далаға қуып шыққан

Өскемен тұрғыны туған анасын үскірік аязда далаға қуып шыққан. Егер бейтаныс жандар 83 жастағы қартқа көмек көрсетпегенде, кейуананың қыстың қаһарлы күндерінде аман қалуы екіталай еді. Және мұндай жағдайлар бүгінгі қоғамда өте көп кездеседі. Осындай ең қиын кезеңдерде Шығыс Қазақстанның гендерлік саясатының арқасында ашылған күйзеліс орталығының мамандары көмекке келеді.

Әлеуметтік-психологиялық көмек беретін күйзеліс орталығында жатқан сексен үш жастағы Анна Лошкарева үшін жүріп-тұрудың өзі қиын. Өйткені бірнеше күн бұрын туған ұлы аяусыз ұрып, үйден қуып шыққан. Қыстың қырық градус аязында далада қалған кейуана бойын жылытпақ болып дүкенге кіреді. Қарияның жағдайын көрген дүкен қызметкерлері тәртіп сақшыларын шақыртады. Полицейлер қартты бірден осы орталыққа орналастырған.

«Кішкене қызып алған ұлым мені жатқан жерімнен сүйреп, тұншықтыра бастады. Теуіп, ұрып, «сені пышақтаймын» деп айғайлады», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Анна Лошкарева.

Өскемендегі әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін күйзеліс бөлімшесі он жылдан бері қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге жәрдем беріп келеді. Орталық негізгі үш бағытта жұмыс істейді тәулік бойы сенім телефоны, кеңес беру және өз қамқорлықтарына алу бойынша. Оны гендерлік саясаттың аймақтық жоспарын жүзеге асыру негізінде ашқан.

«Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап біздің кеңесімізге 500 аса әйел жүгінді. Орталықта 62 адам болса, тағы 2000-ы сенім телефонына қоңырау шалған. Ал он жылда 30 000 адам көмек сұраған», - дейді Әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету күйзеліс бөлімінің меңгерушісі Салтанат Нұрғазинова.

Аймақта қыз-келіншектердің ерлерге қарағанда он пайыз артық болуына қарамастан, нәзік жандыларға көмек көбірек қажет. Сондықтан өңірде отбасы-демографиялық саясат және әйелдер ісі бойынша комиссия жұмыс істейді. Ал ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 кәсіпорында әйелдер кеңесі құрылды.

«Көбіне бұл жас аналар мен көп балалы отбасылардың проблемасы. Оларды шамамыз келгенше демеуге тырысамыз», - дейді «Машзавод» АҚ кәсіподақ төрағасы Раиса Пантелеева.

Ал облыстық әкімдіктегілер кәсіподақ төрағалығында 75 пайыз әйелдердің болуынан-ақ олардың азаматтық белсенділігін білуге болады дейді. Бірақ гендерлік саясат дегеніміз тек әйелдердің құқығы дегенді білдірмейді.

«Бүгінде азаматтарды да қорғау керек. Адам құқықтары бұзылған жағдайлардың үлес салмағы 50 де 50. Яғни әйелдер мен еркектер деген сөз», - ШҚО кәсіподақ орталығының төрағасы Нұржан Түсіпова.

Гендерлік саясаттың негізгі басымдылығы ана мен баланы қорғауға беріледі. Өскемендегі «Аналар үйінде» балалы аналарға білім алып, тұрмыс жағдайына үйретеді. Ал азық-түлік, киім-кешек, тазалық заттарын оларға қалталы жандар береді.

31 арна

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады