BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Оралда қайын атасы немересі үшін келінін пышақтап өлтірді

Фото: wanhaber.com

Бұл қатыгез қылмыс 8 сәуірде болды. Қаза тапқан келіні Семейдің тумасы, ол Оралға жұбайынан 2 жасар баласын алып кету үшін барған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі uralskweek.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайын атасының қолынан қаза тапқан келіншек кішкентай ұлымен бірге болғысы келген. Ол ұлын алып кету оңай болмайтынын біле тұра тәуекел еткен, бірақ тәуекелі ажал құшумен аяқталатынын сезбеген...

Оның ағалары мәйітті алып кету үшін Семейден Оралға барды. Олар қарындастары осылай қатыгездікпен өлтірілгеніне сенгілері келмейді және болған жайды жанарына жас тола баяндады.

«Біз мәйітханада қарындасымызды көргенде танымай қалдық. Оның басының сау жері жоқ, денесі көгерген және кеудесінде сұғылған пышақтың орны бар. Сот медициналық сараптама қарындасымыздың барлық қабырғасы сынғанын көрсетті. Оны не үшін осылай ұрды? Не үшін өлтірді? Ол өте мейірімді, көңілді қыз болған. Мен оның әлдекімге дауыс көтергенін, ашуланғанын көрген емеспін», - дейді қайтыс болған келіншектің нағашы ағасы.

Ол қарындасының Шығыс Қазақстан облысында туып-өскенін айтты. Семейде анасымен бірге тұрған. 2015 жылы ол оралдық азаматпен танысып, соған тұрмысқа шыққан. 2016 жылы тұңғыштары өмірге келеді.

«Сол кезде оның қайын енесі мен қайын атасы қарындасымызды ұлдарымен бірге Ақсайға барып жұмыс істеуге, ал балаларын өздеріне қалдырып кетуге көндірмек болған. Қарындасымыз олардың ұсынысына келісті. Күйеу баламыз екеуі Ақсайда тұрып, жұмыс істей бастады. Ол анасына хабарласып, жұбайы кейде өзін балағаттап, ұратынын айтқан. Ал жұбайының ата-анасы үнемі ұлдарын жақтайтын», - дейді ол.

2017 жылы ол Ақсайдағы ауруханаға түседі. Оның сол жақ білегінің көп бөлігі жарақаттанған және екі қолының буыны ісіп кеткен. Келіншек дәрігерлерге өзін жұбайы жарақаттағанын айтып, кейін өз сөзінен тайқып, полиция қызметкерлеріне өз қолын өзі тіліп тастағанын айтқан. Сонымен іс жабылған.

«Арада біраз уақыт өткеннен кейін күйеу баламыз жұмысқа баратынын айтып, Оралға кетіп қалған. Қарындасымыз хабарласқанда жауап бермеген. Одан кейін қарындасымыз Оралға жұбайының ата-анасының үйіне барған. Сол кезде олар қарындасымызды табалдырықтан аттатпай, ұлдары онымен тұрғысы келмейтінін айтқан. Олар немерелерін өзіне бермейтінін айтып, Семейге қайта беруін өтінген», - дейді нағашы ағасы.

Сол кезде ол анасына хабарласып, анасы Семейден Оралға барған. Екі ай бойы ол ұлын көре алмады. Ұлын көруге барғанда қайын атасы мен енесі оны үйден қуып шығып отырған. Еш шарасы қалмаған ол қамқоршылық органдарына, полицияға, прокуратураға барған. Осылайша баласын қаншама қиындықпен қолына алып, 2018 жылдың ақпан айында Семейге қайтқан.

«Одан кейін күйеу баламыз Семейге келді. Әйелінен кешірім сұрады. Ата-анасымен бірге тұрмайтынын, онымен бірге Семейде тұратынын айтты. Қарындасымыз оның сөзіне сеніп қалды. Олар балаларымен бірге ойын-сауық орталығына барып қыдырды...», - дейді ол.

Сол кезде жұбайы келіншегіне тырнағын боятып алуға ұсыныс жасайды. Ол жұбайының айтқанымен келісіп, тырнағын боятады. Бір сағат өткеннен кейін салоннан шыққанда қалтасында ұялы телефоны жоқ екенін және жұбайы баласын алып кеткенін біледі.

«Күйеу бала баланы алып, Оралға кетіп қалған. Олар бірнеше ай бойы хабарласып тұрды. Қарындасым баласын қайтарып алу үшін оны сотқа беріп, прокуратураға арыз жазды. Оған ұлымен еш кедергісіз араласуға болатыны, өйткені оны ешкім ата-аналық құқығынан айырмағаны, баланың кіммен бірге тұратынын әкесімен ақылдасуы керектігі туралы хат келді. Ол жұбайымен ақылдасып, баласын қайтарып алу үшін Оралға кетті», - дейді қайтыс болған келіншектің нағашы ағасы.

2018 жылы 6 сәуірде ол Оралға барып, теміржол вокзалы маңындағы хостелден бөлме жалдайды. Ол хостел қызметкеріне жұбайымен кездесіп, ұлын көру үшін бір тәулікке пәтер тауып беруін сұрайды.

«Ол жұбайына екі күн бойы хабарласады. 8 сәуірде күйеу бала ұлын пәтерге әкеліп, екеуі сөйлесетінін айтып уәде берген. Сағат екіде қарындасым хостелден шығады. Сол күйі сағат бесте оның қайын атасы Батыс Қазақстан облысындағы Ішкі істер бөліміне барып, келінін пышақтап тастағанын айтқан. Тергеуші бізге қарындасымыздың қайын атасы немересін өзінде қалдыру мақсатында келінін өлтіргенін мойындағаны туралы айтты. Мен бұл сөзге сенбеймін. Ұрыс-керіс болған кезде ол жерде күйеу бала да болды деп ойлаймын. Қарындасым жалдаған пәтерден пышақ табылған жоқ, ал қайын атасы оны асүй пышағымен өлтіргенін айтты. Пышақты сумен жуған, яғни онда саусақ таңбасы жоқ. Не үшін?» - дейді ол.

Келіншектің туған-туысқандары сот арқылы жиендерін қайтарып, Семейдегі нағашы апасының қолына беруге ниетті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер