BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

«Күнде зорлады мені». 11 күн зорлауда болған қыздың жанайқайы

Фото: Скриншот

Алматыда 23 ақпанда жоғалып, 12 күннен кейін табылған қыз басынан өткен сұмдық жайтты өзі айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап.

Есте болса, ақпанның 23 күні колледжден шыққан Әйгерім Рысбек үйіне қайтып оралмаған. Кейін қызды бауырлары шарқ ұрып іздеп, көптен көмек сұраған. 15 жастағы қыздың сөзінше, оны үш жігіт зорлаған. Ал өзегі өксікке толған ана баласын ұрлап әкетіп, зорлық көрсеткендердің неліктен бостандықта жүргенін түсінбейді.

15 жастағы Әйгерім Рысбек 23 ақпан күні ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Қыздың сөзінше, ол сабақтан кейін әлеуметтік желіде танысқан жігітпен «Саяхат» автовокзалы маңында кездесіпті. Жаңа досын бір жарым апта ғана таныса да Әйгерім одан еш күдіктенбегенін айтады. Бірақ жігіт қызды кездестіре сала, көлігіне мәжбүрлеп басып алып, мекен-жайы белгісіз бөлмеде зорлаған. Кейін оны басқа екі жігітке тапсырған көрінеді. Қос азамат қыз табылғанға дейін оны тар қапаста ұстап, арам ойларын оңай жүзеге асырып келіпті. Тіпті жиі басынан ұрып, аштан аш ұстаған екен.

«Сыртынан ашты да құлыптап алды есікті. Ана жерде ешкім жоқ. Сол жерден бастап зорлады. Қатты қорықтым. Өлтіріп тастай ма деп. Таксиге отырғызды мені. Сол таксиге отырған кезде екі бала отырды жанымда. Күнде зорлады мені. Өзінен өзі ұрады мені келіп», - деді Әйгерім Рысбек.

Нұрлыхан Рахимова қызының жоғалғаны туралы полицияға хабарлапты. Тек тәртіп сақшылары оны 12 күннен соң тапты, дейді көп балалы ана. Енді неге екені белгісіз қазір Әйгерімді зорлаған үшеу бостандықта жүр екен. Полицейлер бұл сұмдық жайтқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны жөнінде жөнді ақпарат бермей келеді, дейді ол.

«Бұл істің қозғалғанын да, қозғалмағанын да ана баланы тергегені де, термегені де мен білмеймін. Еш хабар жоқ. Мен бүгін барайын деп едім. «Сіз келмеңіз» деді. Енді мен амал жоқ үйде отырмын. Маған әділдік керек. Маған шындық керек. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Қызымды таптаған, қорлаған қиянат жасаған адамдарды заңға тартсын!», - дейді Әйгерімнің анасы Нұрлыхан Рахимова.

Ал қалалық Ішкі істер басқармасы бұл істің мүлде басқаша өрбігенін айтады. Осы уақытқа дейін отбасынан безіп, құрбыларымен болған дегенді алға тартады. Тіпті «үйінен де өз еркімен кеткені анық» дейді қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Азаматша Рысбек Наурызбай ауданына қарасты Алтын Орда сауда кешенінің маңында бүгін түнде табылған. Біз оны табу үшін, кездесуге шақыру үшін онымен жолдас болып жүрген жігітті жұмылдырған болатынбыз. Өйткені, бұл қыздың байланысқа шығатыны анық. Бойжеткеннің бетімен кетуі бұл бекерден бекер емес. Яғни, отбасында қандай да бір кикілжің болуы мүмкін. Соны біз міндетті түрде анықтаймыз», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшылары елімізде соңғы уақытта отбасындағы жанжалдың кесірінен жасөспірімдердің үйден кетіп қалу дерегі жиілегенін айтады. Осыдан кейін, сенімдеріне селкеу түспеген аңғал жастар көп жағдайда зорлық құрбаны болады.

Ал Әйгерімге қатысты «қыз зорлау» бабы бойынша сот алды тергеу жүріп жатқанын Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасының тергеушісі телефонмен жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер