BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.75 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Астанада ұлан жауынгерлері құдыққа құлаған әйелді құтқарды

Астана қаласындағы Ұлттық ұлан жауынгерлері құдыққа түсіп кеткен әйелді құтқарып алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 10 қаңтар күні кешкі 19.30 шамасында орын алған. Ұлттық ұланның 5 573 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі жұмыстан үйге бара жатып тосын жағдайға куә болады. Қорғалжын тас жолында келе жатқан Мақсат Аманқұл мен Жомарт Жексембаев жолда келе жатқан әйел кісінің кенеттен шұңқырға құлап кеткенін байқап қалады. Дереу көлікті тоқтатып, түскен бойда көмекке жүгіреді.

«Фонарь жағып қарасақ, құдықтың тереңдігі 3-4 метрдей екен. Жомарт дереу көліктен тросс әкелді. Беліме байлап төменге түстім. Бізді байқаған кісілер де тағы бір жіп алып көмекке келіп жатты. Олардан дереу жедел жәрдем шақыруын өтіндік. Екінші тростың көмегімен апайды бірінші жоғарыға шығарып жібердім. Елулер шамасындағы кісі екен, үсті малмандай су болыпты. Отбасы, бауырына да хабарласып айттық», - дейді ефрейтор Мақсат Аманқұл.

Естеріңізге сала кетейік, сол күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 26 жыл толған болатын. Кәсіби мерекеде, қызметтен тыс уақытта қала тұрғынына қорған бола білген екі жауынгер аталған әскери бөлімде екі жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді.

Інісінің айтуы бойынша, Аққоян Төлепбергенованың денсаулығы дұрыс. Медициналық тексеріс нәтижесінде оның ауыр жарақат алмағаны анықталды. Тек тереңдікке құлағаннан денесінің әр тұсына қан ұйып (гематома) қалған.

«Телефоным судан істемей қалыпты. Көмекке кімді, қалай шақырар едім? Құтқарып үлгеруші ме еді... Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сарбаздарға көп рахмет! Жолдары ашық болсын деп батамды берем, бар жақсылықты тілеймін», - дейді Аққоян Олжабайқызы дер кезінде қажетті жерден табылған ұландықтарға алғысын жаудырып.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер