BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Көлікті мас күйінде басқарған полиция 3 жасар қыздың өмірін қиды

Фото: ашық дереккөзден

Астана іргесіндегі Қосшы ауылында полиция қызметкері мас күйінде рөлге отырып, жол көлік оқиғасына себепші болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қақтығыс салдарынан екінші көліктің ішіндегі 3 жастағы қыз бала көз жұмған. Тергеу жұмыстары басталғанымен, күдікті қазір тергеу изоляторына тоғытылмаған. Тек үй қамаққа ғана алыныпты. Бұл жайт сәбиінен айырылған ананы алаңдатып отыр. Күдікті жазасын алмай, сытылып кете ме деп қауіптенеді.

«Жол көлік оқиғасын көргендер тәртіп бұзған көліктің жылдамдығы 100 шақырым сағаттан артық болды дейді. Жүрісін тоқтатпаған күйі менің балаларым мен қайын атам отырған көлікке барып соғылған. Рөлде отырған полиция қызметкері алкоголді ішімдік ішкенін сараптама растады», - дейді қала тұрғыны Жанар Күпенова.

Қайғылы оқиғаның болғанына бір айдан астам уақыт өтсе де тергеудің қарқынды жүріп жатқаны байқалмайды дейді зардап шегуші. Қосымша сараптамалардың қашан жасалатыны тағы белгісіз. Бұдан бөлек, Жанар адам өліміне қатысы бар күдіктінің қамауға алынбағанына наразы.

«Қазіргі сәтте кінәлі азаматтың үй қамақта отырғанына көңілім толмайды. Әуел баста уақытша тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарылды емес пе? Мен жоғарғы сотқа арыз жазып жолдадым. Мас күйінде рөлге отырып, оған қоса тәртіп бұзып соңы адам өліміне апарған қылмысқа қатысы бар адам қалай үйінде отырады?», - дейді Жанар Күпенова.

Заңгер Жандос Тұяқов аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қарастырылуы керек деген пікірде. Ал полиция қызметкерінің үй қамаққа алынуы қалыптасқан тәжірибеден тыс жағдайға саяды дейді.

«Адам мас күйінде болғандығы бұл былайша айтқанда қасақанамен пара-пар деп санаймын. Сондықтан мұнда бұлтартпау шарасына келер болсақ әрине бұл таңқаларлық нәрсе. Өйткені тәжірибеде көп жағдайда қамауда ұстайды», - дейді заңгер Жандос Тұяқов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер