BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Көкпекті ауылындағы қанды оқиғаның қалай болғанын туыстары әңгімелеп берді

Өткен жексенбіде Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауылында болған қанды қылмысқа қатысты тың деректер шықты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, Көкпекті ауылында үйге баса-көктеп кірген екі адам үй иесін атып өлтіргенін хабарлаған едік. Жаңа деректер бойынша қаскөйлер үй иесінің әкесін де өлтіріпті. Жасырылған бағалы заттар мен ақшаны шығарыңдар деп отбасы мүшелерін қинаған. Қылмыстың ізін жасыру үшін үйді өртеп жібермекші болыпты. Ал үйде үй иесінің анасы мен әйелі, балалары болған.

Қылмыс қыркүйектің 10-нан 11-не қараған түні жасалды.

«Белгісіз екі адам үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін атып өлтірген, оның туысын соққыға жыққан. Алған жарақатынан ер адам сол жерде көз жұмыпты. Екінші адам ауруханада қайтыс болды. Қаскөйлер үйде болған екі әйелді байлап-матап, 1 млн теңгеден астам қаражатты алып, оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлаған болатын ол кезде ШҚО ІІД баспасөз қызметі .

Қылмысты ашу үшін ШҚО ІІД мен Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен арнайы жедел-іздестіру тобы құрылды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен Көкпекті ауданының 3 тұрғыны ұсталды. Олар 1990-1991 жылғы жігіттер. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды ШҚО ІІД.

«Олар өте қарапайым, мейірімді жандар еді. Ешкімді жамандыққа қимайтын. Сол қасиеті түбіне жетті», - дейді күйеу баласы.

Қайтыс болған Мұратхан Фатиханұлының жеке кәсібі болған. Құрылыс материалдарын сатумен айналысыпты.

Түн жарымында 34 жастағы Мұратхан Фатиханұлының есігін екі жас жігіт қағады. «Шақырылмағын қонақтардан» үй иесі еш күдіктенбейді.

«Бұл жігіттер бірнеше мәрте телефон шалып, құрылыс материалдарының бағасын сұрап, сатып алмақшы болған. Мүмкін сондықтан да Мұратхан еш қаперсіз есікті ашқан шығар», - дейді ауыл тұрғыны.

Дүкен мен үйдің арасындағы аулаға дүкенге сыймаған құрылыс материалдарын қойған. Жігіттер осы аулада сақталған шиферді сатып алмақшы болыпты.

«Тауарды сатып алмақшы болады. Үйге кіріп, ақшасын санап беретінін айтқан. Есікті енді ашып, үйге кіре бергенде шолақ мылтықпен Мұратханның артынан атыпты», - дейді ол.

Мылтықтың дауысынан үйдегілердің зәресі ұшып, бірінші Мұратханның әйелі жүгіріп шығады.

«Ұрылар қайта оқ жаудырып, әйелдің қолын жарақаттайды. Келіннің артынан Мұратханның әкесі шығады.Ол қарақшының біреуімен алысып жатқанда, екіншісі артынан келіп, оқтаумен басынан ұрып, есінен тандырып тастаған», - дейді Мұратханның күйеу баласы.

Қартты талдырып тастаған соң, отбасының басқа мүшелерін іздей бастайды.

«Екі жігіт тіпті бетперде де кимеген. Жаралы Мұратханның әйелін, әкесін, анасы мен 7 және 5 жасар екі баланы бір бөлмеге қамаған. Үлкендерді скотчпен байлап тастап, ақшаның қайда сақталғанын сұрап, қинаған»,- дейді ол.

Бір сағаттың ішінде ақша іздеп, үйдің астаң-кестеңін шығарған.

«Олар ара-тұра біреуге телефон шалып, ақшаны қай жерден іздеу керектігі туралы нұсқаулық та алып отырған. Фатиханды қинап, кейін атып тастаған», - дейді отбасының туыстары (Бұл әңгімені олар Мұратханның анасынан естіген).

«Қарақшылар 4,5 миллион теңгені алып кеткен. Олар қылмыстің ізін жасыру үшін газды ашып, төсекті өртеп жіберген», - дейді ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Яғни, үйде қалған әйелдер мен балаларды тірідей өртеп жібермекші болған. Бірақ Құдай сақтап, олар аман қалады.

«Құдайдың өзі көмектескен шығар, байлап-матап тастаған жерінен босап шыққан ғой. Мұратханның анасы қол-аяғын шешіп, ас үйдегі өртті сөндіреді. Содан соң, басқа отбасы мүшелерін босатып, полиция шақыртады», - дейді туысы Серік Жеңісханұлы.

Туыстарының куәлік етуінің арқасында қарақшылар көп ұзамай ұсталады.

«Қарақшылар ауладан жүгіріп шыққан екі жігітті көріп қалады. Бейтаныс адамдардың түн ортасында жүргені күдік туғызып, олар отырған көліктің нөмірін естеріне сақтап қалған», -дейді Серік.

Барлық бекетке қарақшылар көлігінің маркасы мен нөмірі хабарланады.

«Жедел-іздестіру тобы 3 күдіктіні қолға түсірді. Белгілі болғандай, олар қылмысты алдын ала жоспарлаған. Және бір күдікті бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған екен», - дейді облыстық прокуратурадағылар.

Үйдегі өртті өшіргенін біліп, ұрылар ауылдан кетіп қалмақ болған.

«Полицейлер қарақшыларды Көкпектінің шыға берісінде ұстады. Алдын ала дерек бойынша, ұсталған үшеудің бірі қазақ, біреуі орыс, ал енді бірі татар. Үшеуі де жергілікті тұрғындар, жұмыссыз жүргендер екен. Екі жігіт үйде сойқан салып жатқанда, үшіншісі сыртта күзетте көлікте отырып, телефонмен ақшаны қай жерден іздеу керектігін айтып отырған», - дейді Серік.

«Олар тіпті әйел мен балаларды да өлтірмекші болыпты. Бұл қылмысты алдын ала жоспарлаған. Бірнеше күн қатарынан Мұратханға телефон соғып, тауар туралы сөйлесіп, оның сеніміне кіріп алған. Кімнің үйіне және не үшін бара жатқандарын да білген. Ешкімді тірі қалдырмаймыз деп келген ғой»,- дейді зардап шегушінің туысқаны.

Қарақшылар жұмыссыз болғандықтан, қарыздары да басынан асқан көрінеді дейді Мұратханның туыстары.

«Олардың қарыздары көп болған деп естідім. Тіпті бірнеше миллионға жетеді», - дейді Серік Жеңісханұлы.

Көкпекті тұрғындарының айтуынша, Мұратханның әйелі қазір ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр.

«Мұратханның әйелін бірден аудандық ауруханаға жеткізген, бірақ жергілікті дәрігерлер оны облыстық ауруханаға ауыстыру керектігін айтқан. Санавиацияның көмегі керек болды, бірақ ауа райына байланысты тікұшақтың ұшуына тыйым салды», - дейді Мұратханның күйеу баласы.

Сөйтіп әйелді қалаға туыстары жеткізген.

«Жергілікті билік бізге көңіл айтумен шектелді. Тіпті мәйітханадан туыстарымыздың денесін өзіміз алып келдік. Адамгершілік танытып, жедел жәрдем көлігін бөліп берсе болады ғой. Отбасы үлкен қайғыны бастан кешіп отыр...»,- дейді ренішін жасыра алмаған ол.

«Балалардың зәресі ұшқан. Олардың көзінше туыстарын қинап, өлтірген. Қазір оларға психологтардың көмегі қажет», - дейді ауылдастары.

Қарақшылар ұсталғанымен Мұратханның туыстары өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер