BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қызылордада егіз жігіт жанармай бекетін тонаған

Фото: rim3.ru

Қызылорда облысында жанармай бекетін тонаған қарақшыларға үкім кесілді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қазалы аудандық соты баспасөз қызметінің өкілі Ақылбек Қазыбекұлының айтуынша, 4 қаңтарда Қазалы қаласының кіреберісінде Түктібаев көшесінің бойында орналасқан «ТS Оңтүстік жанармай» серіктестігіне тиесілі №15 май құю бекеті тоналған. Осы қылмыс бойынша іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған болатын.

Кеше Қазалы аудандық сотында жанармай бекетін тонағандарға үкім шығарылды. Аудандық соттың судьясы Қуаныш Мыхановтың айтуынша, қылмысты 21-22 жастағы жігіттер жасаған.

«Қылмысты 1996-1997 жылдары туған Мұратбаев ауылының 3 тұрғыны жасаған. Оның ішінде екеуі бір отбасының егіз балалары. Істің мән-жайы былай болған: беттерін медициналық маскамен тұмшалап алған екі жігіт жанармай құю бекетінің операторын атын атап шақырады. Есікті ашқан операторды жыңғыл ағашының бұтағымен ұрған, сол кезде оператор жанұшыра далаға қаша жөнеледі. Ал үшінші қылмыскер ешкімнің келмеуін қарап, сырттан бақылап тұрған. Сөйтіп, қылмыскерлер май құю бекетінен 417 000 теңге, 320 литр АИ-92 маркалы бензин талондарын, бір дана электр есеңгіреткіш құралын алып кетеді», – дейді судья Қуаныш Тасмағанбетұлы.

Айта кетейік, бір сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабының 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес төрт жылға бас бостандығынан шектелген, қалған екеуі бір жылға сотталды. Сотталушылар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер