Қарағандылықтарды шошытқан жерге қадалған пышақтардың сыры белгілі болды - Оқиға|10 Тамыз 2018, 09:38
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Қарағандылықтарды шошытқан жерге қадалған пышақтардың сыры белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Өткен айда Қарағанды тұрғындары қаланың бірнеше жерінде жерге қадалып тұрған көптеген пышақтарды тауып, әлеуметтік желілерге жүктеп, құқық қорғау қызметіне шағым түсірген болатын. Тұрғындардың ойын сан-саққа жүгіртіп, зәресін алған суық қарулардың құпиясы ашылды, деп xабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Еске салайық, шілде айында қаладағы гүлзарлардың бірінде қара жерге қадалып тұрған 72 пышақтың табылғандығы жайлы жазған болатынбыз. Алғашында қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқтығын алға тартқан полиция қызметкерлері пышақтардың сырын ашуға ұмтылмаған еді. Алайда, бұл оқиға бірнеше рет қайталанды. Қала тұрғындары көшеден тағы да осындай пышақтарды тауып, полицияға xабарлаған. Қоғамда үлкен резонанс тудырған пышақтар сырын ашу үшін құқық қорғау қызметкерлерінен 3 арнайы топ құрылып, іске кіріскен.

«2018 жылдың 21 шілдесі мен 1 тамызы аралығында қаланың ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне гүл егетін орындардан пышақтардың табылғандығы жайлы үш xабарлама келіп түскен. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық ІІД-нің басшылығы 3 жұмыс тобын құрды. Полиция қызметкерлері аудандағы тұрғындардан жауап алды, жақын аймақтағы барлық бейнекамераларды материалдар қаралды. Бақылау камераларының бейнелерін қарау барысында полиция қызметкерлері егде жастағы әйелдің жоғарыда аталған пышақтарды жерге қадағандығын анықтады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған гүлзарларға қадалған пышақтар ақпаратына байланысты қаланың 68 жастағы тұрғыны анықталды және ұсталды», - дейді Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.

​Аталған әйелді ұстау үшін қаланың құқық қорғау қызметінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Нәтижесінде 68 жастағы әйелдің тұрғылықты мекен-жайы анықталып, одан жауап алынды.

«Жауап алу барысында әйел адам 3 ай бойы аяғының ауырғанын, ол ауруын емдеу үшін дәстүрлі медицинаға жүгінгендігін айтты. Ол журналдардың бірінен пайдаланылмаған пышақтардың көмегімен ауруды емдеуге болатындығын оқыған. Яғни пышақтарды ашық аспан астында жерге қадау керек болған. Мұндай ем жасау үшін ол қаланың әртүрлі сауда үйлерінен пышақтарды сатып алған», - дейді Б.Құдияров.

Әйелге қатысты полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 бабы 1 тармағына сай, яғни «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік xаттама толтырған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер