BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Қарағанды облысының тұрғыны өзін полицейлер сабады деп арызданды

Қарағанды облысының Осакаров ауданы Молодежный елді мекенінің тұрғыны құқық қорғау органының қызметкерлеріне ұрды деген айып тағуда. Полицейлерден таяқ жеген жігіттің анасы тәртіп сақшыларының үстінен шағым түсірген, деп xабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Оқиға 8 қыркүйек күні Молодежный елді мекеніндегі «Свитанок» дүкенінің алдында таңғы сағат 4-5 аралығында болған. Дүкенге келген 22 жастағы Николай Смирновты үш жігіт оңдырмай сабап, бет-аузын көк ала қойдай қылған. Таяқ жеген жігіттің туыстарының айтуынша Николайды сабаған жігіттердің екеуі құқық қорғау органдарында жұмыс істейді. Олар полицияға шағым түсіргенімен істің шынайы тексерілетіндігіне күмән келтіріп, әлеуметтік желі арқылы xалықтан көмек сұрауда.

«Бауырымды оңдырмай сабаған. Қолмен ұрып, аяқпен теуіп, тіпті басын машинаға ұрғылаған. Полицияға шағым түсірдік. Алайда құқық қорғау қызметкерлері істі жүргізуге асығар емес», - дейді Николайдың әпкесі Наталья Смирнова.

Николайдың өзі таяқ жеуінің себебін былай түсіндіреді:

«Мен кәсіпорында түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Таңға қарай дүкенге келдім. Есіктің алдында үш жігіт тұр екен. Оның біреуі менің аяғымды басып кетті. Мен ескерту жасадым. Сол-ақ екен ол маған дүрсе қоя берді де жұдырығын ала жүгірді. Қалған екеуі де жабылып кетті. Төбелесті көрген дүкеннің сатушысы полиция шақырды. Олар мені ұрғандармен қол алысып амандасты. Полицейлер ешкімнің өлмегенін көрді де, кетіп қалды», - дейді Николай.

Оның әпкесінің айтуынша бауырын ұрған полицейлердің біреуі қызметтік куәлігін көрсетіп, өзінің құқық қорғау органдарында қызмет ететіндігін айтқан. Ал екіншісі жол патрульдік полиция қызметкері болған.

«Бауырым көлігіне әзер жетіп, жұмысына кеткен. Ертеңінде таңертең анамыз полицияға барып, шағым түсірді. Сараптама дене жарақатының бар екенін растады. Николай полиция пунктінде екі сағат болды. Полицейлердің оған не айтқаны бізге беймәлім, бірақ ол «наразылығым жоқ» деп жазып беріпті», - дейді Наталья.

Дегенменде жәбірленуші Смирновтар отбасы істі соңына дейін жеткізбек.

«Тергеуші анама ештеңені де дәлелдей алмайсыздар депті. Тіпті әкеміздің жұмысына да полицейлер келіп, анамыздың шағымын қайтарып алуларын сұрапты. Бауырымды тәртіп сақшыларының ұрғаны анық. Бірақ басқа полицейлер оларды жауапқа тартуға асықпайды», - дейді Наталья.

Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті аталған оқиғаға байланысты іс қозғалғандығын айтады.

«Факт сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне «бұзақылық» бабы бойынша тіркелді. Материал Оскаров аудандық ішкі істер бөлімінен облыстық ІІД-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасына берілді», - дейді облыстық ІІД-нің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер