BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Қарағанды облысында көз жұмған ана мен бала өлімінің себептері белгілі болды

Фото: Pixabay

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазанның 2-сінен 3-іне қараған түні Қарағандының Ботақара елді мекеніндегі ауруханада 33 жастағы Қадиша Дәрменбаева мен оның сәбиі көз жұмды. Қарағандылық дәрігерлер ана мен бала өліміне не себеп болғанын брифинг барысында айтты.

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Ботақара елді мекенінде 3 қазан күні түнде ана мен баланың өлімі тіркелген. Алдымен өмір есігін ашуына сәл ғана уақыт қалған шақалақ шетінеп кеткен. Дәрігерлер босанған әйелдің өмірі үшін алты сағаттай күрескенімен, 33 жастағы Қадиша Дәрменбаева да көз болды. Оның артында 6 және 8 жастағы екі қызы қалды. Ана мен баланың өліміне байланысты арнайы комиссия құрылып, өлім себептері анықталған болатын. Комиссия құрамына акушерлік және гинекология, терапия мен патоморфология, анестезология мен реаниматология салаларында жұмыс істейтін мамандар кірген. Мамандар ана мен бала өлімінің себептерін анықтады.

«Дұрыс орналасқан бала жолдасының ерте ажырауы мен құрсақішілік инфекцияның салдарынан бала іште жатқанда жан тапсырған. Осыған байланысты әйелге кесар тілігі жасалды. Бұдан кейін әйелдің жағдайы босанудан кейінгі акушерлік асқыну салдарынан нашарлаған. Яғни қағанақ суы әйелдің қанына түсіп кеткен. 1984 жылы туылған Қадиша Дәрменбаева Ботақара орталық ауруханасында босанғаннан кейін алты сағаттан соң қайтыс болды. Әйел жүктіліктің 39-аптасында дұрыс орналасқан бала жолдасының ерте ажырауы салдарынан туындаған ерте босану кезінде пайда болған кардиопульманалдық шоктың әсерінен көз жұмды», - деді Қарағанды облысы қоғамдық денсаулық қорғау департаменті басшысының медицина мәселелері бойынша орынбасары Ольга Смирнова.

Оның айтуынша, медицина қызметкерлері әйелдің жағдайын дұрыс бағалай алмаған. Дегемен дәрігерлер туындаған қиындықтарды шешу үшін барлық шараларды жасаған. Ана өлімінің алдын алу мүмкін болмаған.

«Комиссия ұйымдастыру, тактикалық, емдеу-диагностикалық жағдайларда бірқатар құқық бұзушылықтар болғанын анықтады. Ауылдық ауруханада стационарлық көмек көрсету кезінде де қателіктер болған. Оның ішінде емделушінің жағдайының нашарлауын уақытылы бағалай алмаған. Сондай-ақ, жүкті әйел ауруханаға түскен уақытта одан қан талдауы алынбаған, кардиотакография жасалмаған. Яғни, іштегі баланың жүрек соғысы тыңдалмаған», - дейді дәрігерлер.

Смирнованың айтуынша, қабылдау бөлмесінде дәрігерлер әйелді қарауды кешіктірген. Дегенменде бала жолдасының ажырауы уақытылы диагностикаланған.

Қадиша Дәрменбаева қайтыс болатын күні емханаға келген, алайда гинеколог оны үйіне қайтарып жіберген.

«Бұл аяғы ауыр әйелді жоспарлы тексеру болатын. Гинеколог оны үйіне қайтарған, себебі оны ауруханаға жатқызуға еш себеп болмаған. Қ.Дәрменбаеваның күйеуінің айтуынша, сол күні ол ұйықтауға жатқан, өзін қанағаттанарлық жағдайда сезінетінін айтқан», - дейді О.Смирнова.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гүлбан Мамалинованың айтуынша, мұндай өлім өте сирек кездеседі.

«Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Босанған жиырма мың әйелдердің арасында бір рет қана кездеседі», - дейді Г.Мамалинова.

Қайтыс болған бала мен ана өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 317-бабы, 3-тармағына, яғни «медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше атқармауы» бабына байланысты қозғалған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер