USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

«Азбука жилья» үлескерлерін алдағандар 3-тен 8 жылға дейін сотталды

Астана соты «Азбука жилья» құрылыс компаниясы үлескерлерінің ақшасын жымқыру ісі бойынша 10 адамды 8 жылға дейінгі әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

" Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының 2016 жылғы 28 қарашадағы үкімімен «Жеті-Жол», «Гарант», «Комсомольский», «Садовые кварталы», «Экспо Сити», «Expo Town», «Айсанам De Luxe», «Комфорт De Luxe», «Династия» тұрғын үй кешендері үлескерлерінің ақшалай қаражатын жымқырғандар қылмыс жасауда айыпты деп танылды және түрлі жазалау шараларына кесілді», - делінген қалалық соттың сайтында. Еске сала кетсек, аталған іс бойынша 10 адам сотталуда. 2011-2015 жылдар аралығында Нұрсейітова А.О. бірнеше сыбайласымен - Оспанова С.Х., Омаров М.А., Омаров Е.К., Омаров М.К., Мирошниченко В.П., Молдахметов Ж.М., Носуленко О.В., Жұмаханов И.К., Жәкішев Р.Т. және өзге де тұлғалармен алдын ала келісу арқылы аса ірі көлемде өзгелердің мүлкін ұрлаған. Сотталушылар зардап шегуші-инвесторлардан Астана қаласының аумағында салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі баспаналарды сатудан түскен ақша қаражатын алып, оны мақсатсыз түрде, өзге тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға жұмсаған. Сондай-ақ ауылшаруашылық кәсіпорындарын қаржыландырған, оның ішінде «Азбука жилья» компаниялар тобына кіретін сауда кәсіпорындары да бар. Сот үкімімен Мирошниченко В.П., Омаров М.А., Оспанова С.Х., Омаров М.К., Нұрсейітова А.О., Жұмаханов И.К., Омаров Е.К., Молдахметов Ж.М., Носуленко О.В., Жәкішев Р.Т. ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша айыпты деп танылды. Жәкішев Р.Т. мен Молдахметов Ж.М. жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеумен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жұмаханов И.К. және Нұрсейітова А.О. жалпы режімдегі түзеу колониясына 7 жылға қамалды. Мирошниченко В.П. 6 жыл берілді, бірақ оның кішкентай сәбиі бары ескеріліп, үкімді орындау бес жылға кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енгенше Мирошниченко В.П.-ға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды. Оспанова С.Х., Носуленко О.В., Омаров М.А. жалпы режім колониясына 5 жылға тоғытылды. Омаров Е.К. жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеумен 3 жылға кесілді. Сотталған Жәкішев Р.Т., Молдахметов Ж.М., Жұмаханов И.К., Нұрсейітова А.О., Мирошниченко В.П., Оспанова С.Х., Носуленко О.В., Омаров М.А., Омаров Е.К. қылмыстық немесе өзге де жолмен алынған мүліктері тәркіленді. Сондай-ақ, олар 5 жылға белгiлi бiр лауазымдарды немесе әкімшілік-өкім беру міндеті бар материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Омаров М.К. шартты түрде 6 жыл берілді және ол 5 жылға белгiлi бiр лауазымдарды немесе әкімшілік-өкім беру міндеті бар материалдық жауапкершілікпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сегіз сотталушының бұлтартпау шарасы кепіл беруден қамауға алуға ауыстырылды және олар сот отырысы залында тұтқындалды. «Айсанам Отау Астана», ЖСК «Айсанам DeLuxe-Успех», ЖСК «Гарант Успех», ЖСК «Комсомольский Успех», ЖСК «Династия-Орда», ЖСК «Комфорт Успех», ЖСК «Садовые кварталы Успех», ЖСК «Жеті Жол Успех», ЖСК «Успех-сити» тұрғын үй кешендері бойынша зардап шегушілер мен зардап шегушілер өкілдерінің материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды. Зардап шегушілердің азаматтық талап-арызы бойынша сот үкімін орындау мақсатында сотталушылар мен «Азбука Жилья» компаниялар тобының барлық мүлкіне салынған тыйымдар алынды. Сот шешімімен сотталушылар мен «Азбука Жилья» компаниялар тобының мүлкі зардап шегушілерге келтірілген зақымды өтеуге және «Комсомольский», «Жеті жол», «Гарант», «Айсанам DeLuxe», «Комфорт», «Династия», «Садовые кварталы», «Expo City», «Expo Town» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға жұмсалады.

Негізгі фигурант Ерқанат Тайжановқа қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады