BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Атырау полицейлері парамен ұсталды

Атырау қаласы ішкі істер органдарының қызметкерлері парамен ұсталды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жанна Бастарова Агенттікте ұйымдастырылған баспасөз мəслихатында өткен аптада ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелгенін айтты.

«Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау қаласының ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі және осы басқарманың көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдіктілер шетел азаматтарына еңбек жасауға рұқсаттамаларын кедергісіз және жылдамдатылған түрде алу үшін биылғы жылғы мамыр-тамызда жүйелі негізде пара алған», - дейді Бастарова.

Ресми өкілдің айтуынша, олар Өзбекстан республикасының азаматтарын кедергісіз және жылдамдатылған түрде тіркеу және оларға еңбек жасауға рұқсаттама алу үшін ақша қаражаты және тауарлық-материалдық құндылықтар түрінде пара алған. Параның жалпы сомасы 213 мың теңгені құраған.

«Тінту барысында 80-нен астам шетел азаматының паспорты және 600 мың теңге сомасындағы ақша қаражаты алынды. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде. Күдіктілер пара алу фактілерін толық мойындауына байланысты қамауға алынған жоқ», - деді Жанна Бастарова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер