BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Астанада ұландық жауынгер суға батқан кісіні құтқарды

Оқиға 9 тамыз күні сағат 05:50 кезінде Хазрет Сұлтан мешіті артындағы Есіл өзені бойында орын алған. Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің концертмейстері ефрейтор Денис Яковлев таңғы жаттығу кезінде өзен бойын жағалап жүгіріп келе жатады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Оны тоқтатқан ер кісі полиция бөлімшесіне су бетінде біреудің денесі жатқанын хабарлау үшін телефон таппай тұрғанын айтады. Денис дереу көзімен көру үшін сол тұсқа жүгіріп барады. Жақындап, анықтап қарағанда әлгі азаматтың басын қимылдатып, белгі бергенін байқайды. Бірлі жарым-сұрақ қойғанда, жауап қатпайды, әбден тоңса керек, дауыс шығармайды. Содан ефрейтор Яковлев не де болса, тәуекелге бел буып суға сүңгіп кетеді. Елуді алқымдап қалған ер кісі екен, ыңғайлап, әупірімдеп бірде аяғынан тартып, бірде иығына салып жағаға алып шығады.

Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келгенше, аяқ-қолын уқалап, құрғақ киіммен орап алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Кейіннен Денис су тереңдігінің біршама екенін айтты. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жапа шегушінің құжаттары мен жеке заттарын табыстады. Құжатынан оның 03.01.1969 жылы туған Қостанай облысының азаматы екені белгілі болды. Бүгінде азамат Астана қаласы қалалық теміржол ауруханасында ем қабылдап жатыр. Денсаулығы қалыпты, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Анықтама: Денис Яковлевтің Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланындағы қызмет өтілі 6 жыл, Ән-би ансамблінің концертмейстері лауазымында қызмет етеді, отбасылы, екі қызы бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер