BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Астанада дүкен күзетшісі 2,5 миллион теңгелік әшекейді қоқысқа тастаған

Фото: ZIKO

Астанада ASSYLY зергерлік дүкеннің күзетшісі қателесіп, жалпы салмағы 5 келі болатын күмістен жасалған авторлық әшекейді қоқысқа тастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі elorda.info сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы күзетші «Инстаграм» желісіндегі топтардың біріне жазды.

«Біздің дүкеннің бөлімшесі 8 қалада бар. Алматыдан қазақы ою-өрнегі бар білезіктер жіберген болатын. Оны Ақтаудағы бөлімше – «Қазақ әшекейлері» дүкеніне жіберуіміз керек болатын. Дүкенде қоқыс салынған жәшік тұрған. Мен оған екі күн бойы қоқыс салдым. Мен шығып кеткенде ағам қорап ішіндегі қоқысты алып тастап, оның орнына зергерлік бұйымдары бар пакет салып қойған екен. Мен оны білмегендіктен, қоқыс контейнеріне апарып салдым», - дейді ASSYLY дүкенінің күзетшісі Жандос Әмірханов.

Қоқыстың орнына зергерлік бұйымдарды лақтырып жібергенін күзетші бір сағаттан соң бірақ білген.

«Ағам келіп «Күміс білезік салынған қорапша қайда?» деп сұрады. Өзімнің қателесіп, қоқыстың орнына білезіктерді лақтырып жібергенімді сол кезде ғана білдім. Қоқыс контейнеріне жүгіріп барсақ, тазалықпен айналысатып коммуналдық ұйымның көлігі келіп тұр екен. Бірақ тұрмыстық қалдықты артып үлгермепті. Қоқысты қопарғанда өзім шығарған жәшікті таптым. Алайда ішінде зергерлік бұйымдар салынған пакеттер жоқ. Біздің ойымызша, оны тұрғылықты жері жоқ адамдар, яғни бомждар алып кетті», - дейді күзетші.

Оның айтуынша, білместікпен келтірілген залалдың көлемі 2,5 млн теңгені құрайды. Бүгінгі күні дүкен басшылығы полицияға арыз жазды.

«Айналадағы бейнебақылау камераларын қарап шықтық. Ол жерде камера аз емес, бірақ қоқыстың маңайын бірде-бір камера түсірмейді екен», - деді ол.

Жас жігіт зергерлік бұйымдардың табылатынына үміттеніп отыр.

«Мен ол әшекейлердің табылатынына сенімдімін, себебі ондай зергерлік бұйымдар тек тапсырыспен жасалады, яғни ол экслюзивті зат болып табылады. Бұған қоса тергеушілердің айтуымен әлеуметтік желілерге хабарлама жаздым. Тауып алып, хабарласқан адамға сыйақы беріледі», - дейді Ж.Әмірханов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер