BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Астанада баспана іздеген студенттерді алаяқ риэлторлар алдап кетті

Фото: novobudova.if.ua

Астаналық риэлторлар жатақханаға жарымай, жайлы баспана іздеген студенттерді алаяқтар тақырға отырғызып кетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Елордаға білім алуға келіп, бар ақшасынан қағылған бір топ қыз енді не істерін білмей дал. Пәтер тауып беремін деп уәде беріп, қызметі үшін алдын-ала қаражатын алған риэлторлар ізім-ғайым жоғалған. Білместіктен бармақ тістеп, айдың күннің аманында алданған студенттер сан соққандарын кеш түсінген. Жалдамалы үй іздеген жандар нені білуі тиіс? Делдалдарға жем болмаудың жолдары қандай?

Астанаға арман қуып келіп, оқуға түскендердің бірі – Аружан. Алайда, жатақханадан орын тимеген соң құрбыларымен бірігіп жалдап тұратын пәтер іздей бастаған. Екі апта бойы сарылып жүрген ол ақыры риэлтордың көмегімен ойындағы баспананы тапқан. Алайда, еңбегімнің ақысы деп 15 мың теңгені алған маман сол бойда ол ізін суытыпты. Телефонын да сөндіріп тастаған. Бойжеткендер сан соғып қалғандарын сол кезде бір-ақ білген.

«Сол риелтор бір пәтерді тапқан болатын. Біз кездесіп, ақшасын беріп, кілтін алдық. Ол түн іші болатын. Сөйтсек ол басқа үйдің кілтін беріп, бізді тағы да алдап кетті. Біз пәтерсіз түнде, үйсіз, дымсыз қалдық. Біз бір күнге 15 000 бердік. Сол кезде біз бірінші үш күнге аламыз деп ойладық. Сосын ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған кезде, жоқ болып кетті. Бірақ, бір күнге 15000 бердік», - дейді студент Аружан Бисалиева.

Аружан секілді алданғандардың қатарында Мақпал мен Айдана да бар. Олар да жалдап тұратын үй іздеп, көп сандалған. Ғаламторды бірнеше күн ақтарып, тағы бір риэлторға жолығыпты. Ол да қаржыны қалтасына басқан соң қыздардың қолына пәтердің жалған мекен-жайын ұстатып, ұшты-күйлі жоғалып тынған.

«Біз Айдана екеуміз екі қаладан осы Астанадан оқуға келіп едік. Кейін екеумізде пәтер іздедік. Іздеген кезде риэлтормен интернет арқылы байланысқан едік. Бізге риэлтор 15 пәтердің списогін беріп, кейін біз оларды Айдана екеуміз қарап шыққан кезде, біреуі де шындыққа жанаспады. Яғни, ол бізді алдап, ақшасын алып кетті. Жарты ақшасын», - дейді студент Мақпал Дүйсен.

Астаналық риэлтор Айжан Балташеваның айтуынша, осы іспен кәсіби тұрғыда айналысатын маманның арнайы төлқұжаты болады. Сондықтан да, алаяқтарға тап болмау үшін міндетті түрде оны тексеріп алған жөн. Әйтпесе, ақшаңыздан айырылып, далада қалып қоюыңыз әбден мүмкін. Алдын-ала делдалдың құжатын тексеріп, жұмыс орнына барып, танысу қажет. Сонда ғана қайси риэлтордың қандай екенін анықтай аласыз.

«Содан кейін ол пәтерге барып, егер Сіз сол пәтерді ұнатсаңыз, ол жаңағы пәтердің иесімен таныстырып, барлық төлқұжаттың барлығын толтырып, көрсетіп және соның бәрін істеп болғаннан кейін ғана өз төлемақысын алады. Ал егер де Сіздерге айтатын болса, бізге бірінші төлемақыны төлеп, одан кейін біз тауып беретін болсаңыз, ол уже алаяқ деп есептеледі. Ондай адамдарға сенбеңіздер», - дейді риэлтор Айжан Балташева.

Елімізде риэлтолардың қызметін реттейтін құзырлы органдардан талап болса, осындай келеңсіздіктердің алдын-алуға болушы еді, дейді заңгерлер. Себебі, АҚШ пен Еуропа елдерінде делдалдардың барлық міндеттерін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп қойған заң бар. Ал, біздің елде арнайы осы салаға қатысты заң жоқ.

«Біріншіден, риэлтор қызметіне жүгінген кезде, бір қатар құжаттарды сұратып алуға кез келген жалға берушінің, жалға алушының құқысы бар. Келісім шартты заңды түрде рәсімдеу,ол риэлтордың міндеті болып табылады. Егерде ол қандайда бір алаяқтықпен айналысатын болса, ол қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады» - дейді заңгер Айдос Шәріпжанов.

Айта кетейік, Астанада 2000-нан астам риэлторлық агенттік жұмыс істейді. Олардың ішінде 134-і ғана жіті тексерістен өткен. Бірақ, заңсыз жұмыс істеп жатқаны бұдан да көп болуы мүмкін дейді мамандар. Осылайша, байып қалғысы келетін делдалдардың құрығына түспеу үшін, барынша мұқият болған жөн.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер