BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Almaty Towers ғимаратындағы өрт ісі бойынша айыпталушылар соңғы сөздерін айтты

Фото: Forbes.kz

Алматы Тауэрстегі өртке қатысты іс бойынша сотталушылар сотта соңғы сөздерін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Сотталушылар орындығында дәнекерлеуші Александр Жук пен өртеніп кеткен батут орталығының директоры Дәурен Тұяқов отыр. Оларға ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы» бойынша айып тағылып отыр. Александр Жук өрт кезінде қаза тапқан азаматтардың ата-аналарына көңіл айтты.

«Көңіл айтамын. Бүл үлкен қайғы. Өрт сөндіру құралдарының бірі де істемей қалуы менің кінәм емес. Әлгі есік жабық тұратыны жайында да білген жоқпын. Мен өрт сөндіретін құралмен жұмыс істеуді білмеймін, сондықтан, оны Ниязовқа бердім. Бірақ, ол іске қосылмады. Мен тіпті қаза тапқан балалардың бар екенін де білген жоқпын. Егер, білсем, оларды аман алып қалу үшін бар күшімді салар едім. Соттан мені бес жылға абақтыға жаппауды сұраймын. Өз кінәмді жанама түрде мойындаймын», - деді ол.

Ал Дәурен Тұяқов өз кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді.

«Мұндай оқиға болғаны өте өкінішті. Өрт орын алып, алты адамның өмірін жалмап кетті, мұны ешкім қалаған жоқ. Бұл үлкен тәжірибе мен білімнің жоқтығынан деп санаймын. Нұсқаулық жүргізу қажеттілігі жайында ешкім айтқан жоқ. Менің тарапымнан кеткен кінә – мен барлығын қадағалауым керек еді. Мен ол жайында білген жоқпын. Алғашқы күндері соның салдарынан студенттер көз жұмған есікті мен жауып қойды деп айтылды. Қолымды жүрегіме қойып тұрып айтамын, мен ол есікті жапқан жоқпын. Жазықсыз жандар қаза тапқаны өкінішті. Ия, мен жеткілікті деңгейде дұрыс бақыламадым, бірақ, мені ол үшін 5-10 жылға абақтыға жабу – бұл өрескел қателік. Мен уақытша ұстау абақтысында болдым, көп нәрсені түсіндім. Менің кәмелет жасына толмаған екі балам бар екенін ескеру керек», - деді Д.Тұяқов.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың қараша айында «Алматы Тауэрс» ғимаратында ірі өрт оқиғасы орын алып, оның салдарынан алты адам көз жұмды. Оның біреуі дәнекерлеуші болса, қалған бесеуі алматылық ЖОО студенттері. Өрт кезінде студенттердің есігі жабық болғандықтан, олар сыртқа шыға алмаған деген ақпарат таратылған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер