BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Алматыда өгей әкесінен қорлық көрген жасөспірім қыз қорада түнеп, малмен бірге ас ішкен

Фото: nicefon.ru

Алматыдағы мектептердің бірінде 6 сыныпта оқитын қыз қорада түнеп, малмен бірге ас ішкен, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Өгей әкесінен күнде таяқ жеп, өз шешесінен қорлық көрген жасөспірімнің жантүршігерлік жағдайы туралы бір топ ата-ана жеткізген. Әжесінің әңгіртаяғынан зәрезап болған мектеп оқушысы аш қалмас үшін итпен бірге ауқаттанып, бірнеше күн үйіне кіре алмаған.

Бұл отбасы, әрине, бізді құшақ жая қарсы ала қоймады. Ащы суға тойып алған оқушы қыздың әжесі үйіне кіргізбек түгілі, жан-жақтан қаумалаған иттердің жібін ағытып жіберді. Адам санына қарағанда ит пен құс көп. Маскүнемдердің бәрі осында жиналған. Құдды қоқыс полигонына ұқсайды. Қақпадан шыққан оқушы мұғалімдерін көріп жылап жіберді.

«Мені сатпақшы болды. Кім екенін білмеймін, үш адам. Анам ол жайында біліп қойды», - дейді 6-сынып оқушысы.

Шындығын айта алмай, әбден дірілдеген немересінің аузын жауып, үйіне қуып әлек болған әжесі бірге тұрады екен. Ауруханадан шешесі де жартылай мас күйі келді. Өгей әкесі де оңбапты. Екі күннің бірінде ішеді. Учаскелік полицейлер тізімде тұрғанын айтады. Әйтеуір, жан-жақтан қоймаған соң, ақыры үйіне баса көктеп кіруге тура келді. Қақпадан кіре бергенімізде-ақ мұрынды жауып, аяқты аңдап бастық.

«Сабақ оқып жатырмын, міне – кітабым. Мына жерде өзім жалғыз ұйықтаймын. Анам жақында төсек сатып әперді», - дейді оқушы.

Ауладағы иттер де үй ішінде емін-еркін кезіп жүр. Тура шыбынның ұясындай, ұшатын жәндіктің түр-түрі осында. Тамақ үстелінде темекі тұқылы толып жатыр. Күйе басқан қазан ошақ, көгерген заттармен араласып тұр. Жуынатын бөлме де жоқ. Бұл көрсеткен екі бөлмесінің сиқы. Шешесі жұмыстан қуылған. Көрінгеннің итін бағып күн көреді. Баланың мектепке сасып баратыны содан болар.

«Кеше күйеуімнің туған күнін атап өттік, сонықтан ішімдіктің иісі шығып тұр. Өзім ит бағып, ақша табамын», - дейді анасы Вероника.

Отбасы бұл баспанада отыз жылдан бері тұрады. Қаланың қақ ортасында орналасқан. Он екі жыл бұрын айналасындағы барлық үйлер сүріліп, Радович әулетіне келгенде құрылыс тоқтап қалыпты. Баспананың төрт құбыласында терең қазылған төрт ор бар. Құлағалы тұрған үйді жалғыз темір тіреп тұр. Сынып жетекшісі мен учаскелік полицейлер ай сайын тексеріп тұрғанымен бірде бірі білім бөліміне жеткізбеген бе, әйтеуір мемлекеттік қорғаушылар бізден естіп, ұшып жетті.

«Жоқ біз білген жоқпыз. Біз бәрін бірдей біле бермейміз. Бұл жер санитарлық нормаға сай емес. Қыздың денсаулығына зиян келтіреді. Комиссия арқылы қызды алып кететін шығармыз. Біздің қадағалауымызда болады», - дейді Бостандық ауданы білім бөлімінің бас маманы Николай Хан.

Білім бөліміндегілер отбасына тек үш күн ғана уақыт берді. Дүйсенбі күні тексеріске келгенінде үйдегі иттер мен айналасындағы қаптаған сүйектер түгелімен жоғалсын деді. Жөндеу жұмысы болмаса да, ең құрмаса шыбындарды кетіріп, тазалық сақтауын талап етті. Егер ол да орындалмаса, 12 жастағы қыз мемлекет қамқорына өтуі мүмкін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер