BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Ақтөбеде әскери қызметкер 2 баланы өрттен құтқарды

Ақтөбе қаласы Махамбетов көшесіндегі №4 үйден кеше өрт шығып, 7 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өртенген үй ішіндегі екі баланы №6655 әскери бөлімінің қызметкері алып шыққан, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қызыл жалын кеше кешкі сағат 19:04-те Махамбетов көшесіндегі №4 үйдегі пәтерлердің бірінен шықты. Тұрғындардың айтуынша, екі қабатты ескі үйден шыққан өртке электр сымдарының тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Оқиға орнына 3 бірлік техника жіберілген. 1940 жылдары салынған тұрғын үйдің түгел жану қауіпі басым болғандықтан, бірден 3 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылған.

«Бізге шақырту сағат 19:05-те түсті. Өрт сөндірушілер жеткенде №1 пәтердің кіре берісі мен жатын бөлмесі жанып жатты. Жалпы шарпыған өрт көлемі 20 шаршы метр. 19:26-да жалынның алдын алып, 19:31-де толық сөндірдік. Үй өте ескі. Өрттен 7 адам қауіпсіз жерге шығарылды, оның екеуі – бала», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі бастығының орынбасары Мәлік Зұлқашев.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше өрт шыққан пәтердің иесін көршісі Анатолий Камнев сыртқа алып шығыпты. 50 жаста пәтер қожайыны Васильев мүмкіндігі шектеулі жан. Ал, жоғары қабаттағы 1-1,5 жастағы екі бүлдіршінді №6655 әскери бөлімінің қызметкері Рысқали Еңсепбаев алып шыққан. Эвакуацияланған жандар дін аман. Тек өрт шыққан пәтер иесінің аяғын күйік шалған. Жарақаты ауыр емес.

«Ефрейтор Рысқали Еңсепбаев жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан кезде оқиғаның куәгері болады. Тұрғындардан іште адамдардың барын естіген ол бірден жанып жатқан үйге енген. Алдымен егде жастағы адамды алып шығып, кейін екінші қабаттағы екі баланы құтқарды, - деді №6655 әскери бөлімінің бөлімше командирінің орынбасары Денис Ча.

Келесі дүйсенбіде Ақтөбеде бүгінгінің батыры Рысқали Еңсепбаевты ерлігі үшін марапаттау шарасы өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер