Ақтөбеде сең ағызып кеткен балалар құтқарылды - Оқиға|16 Сәуір 2018, 14:43
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Ақтөбеде сең ағызып кеткен балалар құтқарылды

Фото: 56.mchs.gov.ru

Ақтөбе су қоймасында сең ағызып әкеткен үш баланы құтқарушылар аман алып қалды. Төтенше жағдай кішкентай балалар мұздан мұзға секіріп ойнап жүрген кезде болған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ақтөбе су қоймасында мұздан мұзға секіріп ойнаған үш баланы құтқарушылар аман алып қалды. Оқиға кеше таңғы сағат 9.30-да болған. Ақтөбе қаласына қарасты Ясный ауылындағы суқоймада 8, 14,15 жастағы балалар ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген. Қатты жел соғып, оқушылар тұрған сең шлюзге қарай жүрген. Абырой болғанда құтқарушылар уақытында жетті.

«Төтенше жағдай жексенбі күні таңғы уақытта болған. Балалар суға барып, мұзға секіріп ойнаған. Қатты жел соғып, жағадағы жарылған мұз оларды ағызып әкеткен. «Ақтөбе теңізінің» ортасына дейін, яғни жағалаудан 20 метр қашықтыққа дейін кетіп қалған. Құтқарушылар су қойманы тексеріп жүрген кезде мұз үстінде 3 баланың ағып бара жатқанын көреді. Үрмелі қайық, құтқару тақтайшасы және арқанның көмегімен балаларды алып шыққан», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы кезекші-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Оксана Кичигина.

Кәмелетке толмаған балалар мұзда 15 минуттай отырып қалған. Оқиға болған жерде жергілікті балықшылар да жүрген екен. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің сөзінше, үш баланың да жағдайы жақсы. Құтқарушылар ата-аналарға балаларын қараусыз су жағасына жібермеуін ескертеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер