BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

«Нұрлы жолмен» 105 мың жұмыс орны ашылды

Фото: Kursiv.kz

2017 жылы кәсіпкерлерге 145 млрд теңге субсидия берілген, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 105 507 жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Парламент Сенатының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Есепті қарау кезінде бюджет қаражатын пайдаланудағы біраз маңызды сұрақтар қойылды.

«Есепті жылы қаражаттың тиімсіз жұмсалу сомасы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Қаржылық бұзушылықтың 86%-і бухгалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзуда көрініс тапқан. Бұл мәселе мамандардың біліктілігін арттыру мен оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы ғана шешіледі деп ойлаймыз», - деді Сұлтанов.

Қаражаттың тиімсіз жұмсалу себептері деп министр стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлаудың бір-бірінен алшақтағы, олардың индикаторларының сапасыз жоспарлануы екенін атап өтті.

«Бағдарламалық құжаттардың орындалуы барысында жіберілген біраз кемшіліктер бар. Бірақ, жақсы жетістіктері де аз емес. Мәселен, кәсіпкерлерге 145 млрд теңгеге әртүрлі бағыттармен субсидия берілді. Олар жыл қорытындысы бойынша 132 млрд теңге салық төледі. 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 105 577 жұмыс орны ашылды», - деді Қаржы министрі.

Ол бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік жоспарлау құжаттары туралы айтты.

«Мемлекеттік органдар біріншіден бюджеттік бағдарламаларға қаражат алуға тырысады. Кейін сол алған қаражаттың шеңберінде стратегиялық бағыттарын жоспарлайды. Сондықтан, келесі үш жылдық бюджеттің жобасын әзірлеу процесінде бірінші кезекте мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарын, индикаторларын талдау көзделіп отыр. Содан кейін мақұлданған стратегиялық бағыттарға лимит бөлу қазір қарастырылуда. Жоғарыда айтып кеттім, Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс тобы құрылған. Сол топта осы мәселелер де қарастырылуда», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер